ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗ – ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ

0 983

Бүгін – төл теңгеміздің туған күні. 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға енгізілген ұлттық валютамыз шын мәнінде тәуелсіз ел екенімізді айғақтады. Бұл күннен бастап рубльге байланған экономикадан арылып, ел ішінде өз ақшамызбен есеп-қисап жүргізудің жолына түстік. Теңге алғаш шыққанда ұлтымыздың білім-ғылымын, мәдениетін, өнерін өрге шығарған аяулы тұлғалардың әзиз бейнелерімен әрқай­сы­мызды қауыштырғандай болды.

news1447568727

Отырардан шығып, тұтас әлем өркениетінің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан Әбу Насыр әл-Фарабидің адамзат игілігі үшін атқарған істерін сол уақыттан тани бастадық. Бұған қоса, Жамбылдың ғана емес, Жетісу өлкесінің талай жүйрігінің ұстазы болған Сү­йінбай Аронұлының, күй атасы – Құрманғазының кескін-келбеті теңгемізге таңбаланды.
Он теңгелік банкноттан бізге қарап тұрған Шоқан Уәлиханов ұлтқа қызмет етуге шақырғандай елестетуші еді. Ал хакім Абайдың бейнесі таң­баланған жиырма теңгелікті қолға ұстап тұрып, сөз өнерінің құдіретін жете түсінуге тырысатынбыз. Әбілқайыр және Абылай хандардың бейнелері тарих толқынында тербетіп, тәуелсіздіктің қадірін біліңдер дегендей болды.
Иә, белгілі композитор Марат Омаровтың әнінде айтылғандай, бұл шын мәнінде алтын теңге болатын. Әрине, ке­йіннен ұлттық валютамыздың дизайны өзгергенімен, теңге шыққандағы алғашқы әсер еш­қашан ұмытылмайтын шығар.
Теңгенің алғашқы дизайнын жасау дизайнер Тимур Сүлей­менов бастаған топқа тапсырылды. Олар екі айдың ішінде оны жасап шықты. Ал бұл жұмысты сол кезде Ұлттық банктің төр­ағасы болған экономика ғылымдарының докторы Ғалым Байназаров бақылады.
Сол кісінің естелігіне жү­гінсек, ұлттық валютамызға қояр атау да талқыға түсті. «Теңге», «сом», «алтын» деген нұсқалар арасында таңдау қажет еді. Бір күні Ұлттық банкке бас сұққан белгілі ақын, мемлекет және қоғам қай­раткері, биыл Қазақстанның Еңбек Ері атанған Олжас Сүлейменов теңге атауын лайық көретінін жеткізеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл атауға тоқ­тайды.
Теңгенің алғашқы партиясы Англияның астанасы Лондон қаласындағы «Харрисон және ұлдары» компаниясында басылып, ұшақпен Қазақстанға жеткізілді. Бұл жұмыс сол кездегі еліміз өміріндегі ең елеулі оқиға болса, аталмыш компания абыройын арттырып, оған Ұлыбритания патшайымының Алтын белгісі жүлдесін алып берді. Теңге Британияның ең үздік экспорттық тауары атанғанын да айта кетейік. Сол себептен «Харрисон және ұлдары» компаниясының кең­сесінде қазақ теңгесі бейнеленген тақта әлі ілініп тұр.
Алғашқы теңгеге тұлғалар бейнелерімен қатар ақбас Алатау мен сұлу Көкше көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Маңғыстаудан табылған тас­тағы таңбалар салынды.
Биыл теңгенің айналымға енгеніне 22 жыл толып отыр. Қазір төл ақшамыз шетелде емес, өз елімізде жасалуда. Қа­ғаз банкноталар Алматы­дағы
Ұлттық банктің Банкнот фаб­ри­касында, ал темір ақша Өс­ке­мендегі Монета сарайында шығарылады. Бүгін – тең­генің шыққан кү­німен қатар қаржы­­герлердің кәсіби мерекесі. Тә­уелсіздіктің төл туындысының туған күні құтты болсын!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − one =