Тойған Ізім: Би өнері  ұлт болмысын бейнелейді

0 259

Қазақтың би өнерінде биші, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану саласының кандидаты Тойған Ізімнің есімі ерек аталады. Ширек ғасыр сахнада билеп, ширек ғасыр ұстаздық қызметпен айналысып келген жатқан ұстаз жақында мерейлі 70 жасқа толды. Қазір елордадағы Қазақ ұлттық хореография академиясында еңбек етіп жатқан ұстазбен би өнерінің кешегі мен бүгінгісі жайлы әңгімелестік.

44712452_150178162608645_1149359649573568512_n

Жәнібековтің жарқын ізі

– Тойған Оспанқызы, сіздің 70 жасыңыз көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығымен қатар келіп отыр. Өнерге енді қадам басқаныңызда сол кісінің шапағатын көп көрген екенсіз. Әңгімемізді осыдан бастайық.

– Өзағаң қай салада болмасын өзінің жарқын ізін қалдырды. Соның ішінде қазақ би өнерінің өрлеуіне, жаңа деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. 1970 жылы Торғай облысы ашылып, Өзбекәлі ағамыз сонда қызметке жіберілді. Біз, Алматы эстрада-цирк өнері студиясының 1971 жылғы түлектері оқуды бітіре сала Торғайға келдік. Іріктеле келе бес бала ғана қалдық. Сол уақытта «Торғай әуендері» атты эстрадалық ансамбль құрылды. Бесеуміз де соған қабылдандық. Өзбекәлі ағамызбен сол жерде таныстық. Ол кісі бізді қамқорлығына алды. Өзағаның көмегімен Қазақстандағы алғашқы фольклорлық «Шертер» ансамблін құрдық.

Ансамбльдің басы-қасында жүрген Өзбекәлі аға репертуардың қалыптасуына үлкен үлес қосып, киген киімдерімізді, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етуімізді қадағалады. Өзаға қазақ аспаптарын жинаушы Болат Сарыбаевты шақырып алды. Күйші-композиторлардан Мәлгаждар Әубәкіров келіп бізбен жұмыс істеді. Өзбекәлі аға би маманы Ольга Всеволодская-Галушкевичті Мәскеуден арнайы алдырды. Режиссерлік жұмысты Қадыр Жетпісбаев жүргізді. Соның бәрі айналып келгенде «Шертердің» репертуарын жасады.

Сол кезде «Айда былпым» атты биді, Торғай қазақтарының күйіне жас келіншектің биін қойдық. Кимешек, жаулық, ұзын қамзол киіп биледік. Соның бәрі халықтың көзайымына айналып, қайта жаңғырғандай болды. Бұл Өзбекәлі ағаның да еңбегі еді.

Қазір фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер толып жатыр. Оларда тарсыл-гүрсіл көп. «Көңілашар» күйінің өзін бірдеңе қылып жіберді. Бұл күйді домбырамен тыңдасаңыздар, басқаша шығады. «Шертердің» кезінде биге арнайы көптеген әдемі күйлер шықты. Біз би қимылдарын кәдімгідей ел аралап жүріп іздедік.

1972 жылы Торғайда театр ашылды ғой. Онда да Өзбекәлі ағамыз Талдықорғанға кетейін деп тұрған жастарды Арқалыққа алып келіп, жоқ жерден театр ашты. Ағаштан салынған ескі мәдениет үйі бар-тын. Бәріміз де сонда жұмыс істедік. Күн болсын, түн болсын Өзаға репетицияны келіп көретін. Онда баламыз ғой: «Осы кісінің репетициямызды келіп көруден басқа жұмысы жоқ па?» деп ойлайтынбыз.

Сол уақытта Сүгірдің күйлеріне және «Жезтырнақ» аңызы негізінде билерді қойдық. Музыкада «мажор», «минор» деген терминдер бар. Ал бізде мұны оң бұрау, теріс бұрау дейді. «Жезтырнақ» атты биім осы теріс бұрауда Қызылмойын Қуандықтың күйіне қойылды. Байжігіттің күйлеріне де би қойдық. Осылайша репертуарымыз қалыптасты. Соның басы-қасында Өзбекәлі ағамыз жүрді.

Сахна – халықты тәрбиелеу құралы

– Сонда менің түсінгенімше, би өнерінің қазақтың күйінің де жаңғыруына септігі тиген сияқты ғой.

– Дәл солай. Сосын мен «Шалқыма» биінде сахнаға торсық алып шығатынмын. «Қылышпан» биінде қылышпен шықтым. «Алтынай» мемлекеттік ансамблі құрылғанда «Киіз басу» деген би қойылды. Онда сахнаға сабау шықты. «Құсбегі дауылпазы» биінде құс алып шықтық. Күймен бірге осы сияқты қазақтың қолданбалы қолөнерінің бұйымдары, киім үлгілері сахнадан жарқырап көрінді. Сахналық киімдердің барлығы Өзағаның кезінде мұражай қорындағы ұлттық киімдердің үлгісімен тігілді.

Өзбекәлі аға киімге салынатын оюларға қатты көңіл бөлді. Текеметке салынатын ою бір бөлек, кілемге салынатын ою басқа деп бөлетін. Киімге де солай. Аяқ киім мен бас киімге салынатын оюлардың арасы жер мен көктей. Қыздар қамзолы мен жігіттердің киіміндегі оюлар да әртүрлі. Өзаға бүрмені белге дейін салуды тоқтатты. Бірақ қазіргі дизайнерлер соны қайтадан шығарып жатыр. Оған не деуге болады?! Ештеңе дей алмаймыз. Сахнада жүрген өнерпаздар соған ­мұқият болуы керек. Өнер адамдары сахна арқылы халықты тәрбиелейді.

– Би тек қана өнер емес, этнография элементтерімен ұлттың сипатын, болмысын көрсетеді екен ғой.

– Әрине. Би өнері ұлт болмысын бейнелейді. Мысалы, күйді алыңызшы, Құрманғазының «Балбырауыны» қандай әдемі күй. Ахмет Жұбанов: «Балбырауынның» тұла бойы тұнып тұрған би» деп айтқан. Сол сияқты Сүгір бабамыздың, Тәттімбеттің күйлері – нағыз лирика. Тағы да айтайын, бүгінгі фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің тарсылы емес, күй домбырада басқаша қабылданады. Қазір халықты тәрбиелеуден гөрі өзің сахнада көрсету белең алды. Сол тұрғыдан тамырымыздан ажырап бара жатқан сияқтымыз.

Соған қарамастан, бүгінгі өнер адамдарының білімі – жоғары. Мен екі жылдық студияны бітіріп, билесем, қазіргі балалар сегіз жыл оқып, билеп жүр. Олардың техникалық деңгейі менен жоғары. Оны мойындауым керек. Мұның еш сөкеттігі жоқ. Менің бір айналғанымды олар үш айналады.

Қазақ биінің дамуында Өзбекәлі Жәнібековтей адамдардың болғаны бір ғанибет сияқты. Мәселен, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясында қазақ ұлттық биінің ғылыми әдістемелік зертханасын аштық. Бұл зертхана биіміздің әрі қарай өрлеуіне өз үлесін қосса екен деген тілегіміз бар. «Қазақ биінің анықтамалығын» әзірледік. Енді баспаға дайындап жатырмыз. Сол анықтамалық шықса, жер-жерде сабақ беріп жүрген мұғалімдер үшін үлкен бір олжа болар еді деп отырмыз. Оның келесі деңгейі – Түсіндірмелік сөздік шығару. Мұны да дайындап жатырмыз. Ұрпақ сабақтастығы, дәстүр сабақтастығы деген бар. Біз Шара Жиенқұлова апамыз, Дәурен Әбіров ағамыздан көргенімізді қазіргі ұрпаққа беріп жатырмыз. Бізде қазақ биінің мұрасы деген пән бар. Сол арқылы өмірден өткен аға ұрпақтың билерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізіп отырмыз. Бұл да бір үлкен жұмыс деп есептеймін.

«Алтынай» ансамбліндегі  тұлғалар

– Өзбекәлі Жәнібеков жайлы айтып отырсыз ғой. Мен бір фотосурет көрген едім. Онда Өзбекәлі ағамыз бен Елбасымыз отыр, сіз билеп тұрсыз. Сол суреттің тарихын айтып берсеңіз.

– Өзбекәлі ағамыз Алматыда халық аспаптар музейін ашты ғой. Қазіргі Ықылас атындағы сол музей бастапқыда кішкентай ғана бір көпестің үйі еді. Оның жертөлесінде аспаптар жасайтын шеберхана, үстінде экспозиция орналас­тырылды. Кішкентай ғана зал бар еді. Елбасы сол кезде Министрлер кеңесінің төрағасы болды. Өзаға сол кісіні шақырып, экспозицияны көрсетті. Әр аспаптың үні жазылған үнтаспаны тыңдатты. Одан шыққан музыкаға мен биледім. Музейді көрсетудегі мақсат, аспаптарға жаңа орын керек болды. Содан кейін Өзбекәлі ағаның арқасында Панфилов саябағының қасындағы бұрынғы Офицерлер үйі алынды. Ғимарат керемет етіп жасалынды. Кең сахна пайда болды. Залдары да үлкейді. Экспозиция да кеңейді. Аспаптардың бәрі жарыққа шығарылды. Қазақтың ғана емес, әлем халықтарының аспаптары қойылды. Құрманғазының, Дина Нұрпейісованың экспозициялары пайда болды.

45079312_2129399227111903_4668768693591736320_n

– Қазақтың би өнері дегенде, алдымен Шара Жиенқұлова туралы айтамыз. Сіз өзіңіз сол кісіні көрдіңіз бе?

– Шара апаны бала кезімде сахнадан көрдім. Бірақ ол кезде жақындай алмадық қой. 1985 жылы Алматы облыстық филармониясы жанынан «Алтынай» би ансамблі құрылды. Оның басы-қасында тағы Өзбекәлі ағамыз жүрді. Бұл ансамбльдің де репертуарын Ольга Всеволодская-Галушкевич пен Шара апамыз жасады. Апамыз «Қазақ вальсі» және «Айжан қыз» деген билерді қойды. Мен сол кісінің қасында жүрдім. «Тайны танцев» деген кітабына қолтаңба жаздырып алдым. Дәурен Әбіров ағамыз да «Алтынайға» төрт би қойып берді. Бұл билер «Ұтыс», «Алтынай», «Балбырауын» және «Қоштасу» аталады. Кейінгі аталған биде ұзатылып бара жатқан қыздың қоштасуы бейнеленеді. Әубәкір Ысмайылов та келіп, «Құсбегі дауылпазы» және «Алқоқатан» деген билерді репертуарымызға енгізді.

Бұл кісілерсіз ұлттық хореографияны елестету мүмкін емес. Олар қазақ биінің негізін қалады. Кейін Заурбек Райбаев, Меңтай Жәнелұлы, Жанат Байдаралин келіп қосылды.

– Нұрсұлу Тапалова туралы да айтпай кетпеуге болмас. Сол кісімен араластыңыз ба?

– Нұрсұлу апамды тек сахнадан ғана көрдім. Қазір өкінемін, сол кісімен сұхбаттаса алмағаныма. Апамыздың өмірі де өзгеше болған сияқты. Замандастары «Керемет биші еді» деп ауыздарының суы құрып айтып отыратын. Сара Көшербаева деген халық әртісі болды. Сол кісі бізге сабақ берді. Нұрсұлу Тапалованы айтқанда тоқтамайтын еді. Сонда «Нұрсұлу сахнада күл болып жанып кететін» деп айтатын. Әлемге әйгілі Галина Улановамен бірге «Бақшасарай бұрқағы» спектаклінде сахнаға шыққан қазақтың тұңғыш балеринасы ғой. Ешкімнен ештеңе сұрамай, өмірден өтті. Қазір есімі елеусіз қалды. Жұбайы, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы да ерекше адам еді. Ол кісі туралы да көп айтылмайды.

Қазір өзің жүгіріп, анаған да, мынаған да барып, алақан жаймасаң, ешкім ештеңе бермейді. Сондай заман болып кетті.

– Әңгімеңізге рақмет! Мерейлі жасыңызбен құттықтаймын! Еңбегіңіз жемісті бола берсін!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =