«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тойды да тойлайық, ұятты да ойлайық

0 404

Той – халықтың қазынасы болса, асаба сол тойдың сәнін келтіретін тұлға. Сондықтан олардың білімі терең, ұйымдастыру қабілеті жоғары, қазақтың әдет-ғұрпын жақсы білетін, сөзге шешен, әнші, мәдениетті, «сегіз қырлы бір сырлы» болуға тиіс. Тойға келген кәрі-жасты, шен-шекпенділерді өзіне бағындырып, баурап алатын қасиеті болуы керек-ақ.

Дегенмен бүгінгі күннің асабалары осы талаптарға сай келмей, кейде көпшілік көңілінен шыға алмай жататыны қынжылтады.
Кейбір асабалар қисыны келмейтін сөз тіркестерінен құрас­тырып, тақпақтап, тойшыл қа­уымға ұнаған-ұнамағанына қарамастан «дуу-қол шапалақ­таңдар», «көңілді отырыңдар» деп қауымның шапалағын сұ­рап тұратындары бар. Ішінара асабалардың тойға кешігіп келетіні, музыка аспаптарынан ақау шығып, істемей қалып, тойға жиналған қауымның уақытын алатын, той иелерін абыржытатын тұстары да кездесіп қалады.
Асабалыққа алатын ақшаны місе тұтпай, «беташар» айтқан кезде жас келіннің қайын жұртына берген алғашқы сәлеміне ақы сұрап, елден ақша жинап алатыны да халықтың сынына ұшырап жүр. Айтқан әзіл-сықақ әңгімелері жұрттың күлкісін емес, ызасын келтіретіні де болады. Осы арада сөзім дәлелді болуы үшін тойларға қатысып, көзіммен көріп, құлағыммен естіген кейбір оқиғалардан мысал келтірейін.
М-Т есімді азаматтың тойын­да асаба құдаларды ортаға шығарып, киіп тұрған шалбарларының бір балағынан кіргізген алманы екінші балағынан бәсекелестік­пен шығартса, енді бір тойда тілек айтқалы шыққан ақсақалдан «Сіздің тұңғыш махаббаты­ңыз кім? Атын айтыңыз?» деп сұрақ қойды. Қызық үшін төрт жігітті ортаға шығарып, киімді жылдам шешіп киюдің жарысын ұйымдастырғанда жігіттер іш киімге дейін шешініп жалаңаш қалған тойды да көзіміз көрді.
А-И есімді азаматтың тойында беташардан түскен ақшаны үйленіп жатқан қос студентке бергенде асаба «енді тойды көмекшім жүргізеді» деп тойдан кетіп қалғанына да куә болдық. Тағы бір тойда той иесінің бұрынғы құдасы тілек айтқалы шыққанда «жаңа құда жандарал, ескі құда пропал деген сөз бар, ал пропал құда тілек айтыңыз» деді. Әсілі «жаңа құда жандарал, көне құда зейнеткерлікке шыққан генерал» десе құлаққа жағымды естілер еді ғой.
М-К есімді азаматтың тойында асабалар құдаларға төс қағысу рәсімін жасатқанда екі жақтың құдаларын әжептәуір кейін ше­гертіп, жүгіртіп келтіріп төс қа­ғыстырғаны өте сөлекет болды. Құдаларды жүгіртпей ақ, дәс­тү­рімізге сай тұрған орнында төс қағыстырса да болар еді ғой.
Соңғы кезде көптеген тойларда, асабалар жас жұбайларға баға берейік «күйеу жігітті қолдағандарың оң қолдарыңды, жас келінді қолдағандарың сол қолдарыңды көтеріңдер» деп тойшылардың қолын көтертіп шуылдатады. Оны қойып «мен бір нәрсенің бас­ты әрпін айтамын, сол нәрсені немесе тамақты залдың ішінен жылдам тауып әкеліңдер» деп бәсеке ұйымдастырғандықтан, ойынға қатысушылар зал ішін аралай жүгіріп, тойға жиналған қауымның ес-ақылын шығарып, мезі қылды.
Мақала той тақырыбында бол­ғандықтан, той кезіндегі кейбір олқылықтарды да айта кетейін.
Тойға тартқан торттың үлкендігімен мақтану, жегісі келмесе де, ата-енесіне жас келін торт асату – қазақта болмаған дәстүр. Жас жұбайларды көк түтіннің ішінде және жарықты өшіріп тастап тас қараңғыда билету де – қазақ дәстүрінде жат ырым. Фотосуретшілер дастарқанда отырған бірімен-бірі бейтаныс кісілерді мәжбүрлеп, суретке түсіріп, ақша алатыны да дұрыс емес деп ойлаймын.
Той дастарқанындағы тағам­дардың молдығы, оның сыртында мейрамханалар мен мейманханалардың қожайындарының мәжбүрлеп берген тағамдарының көптігінен желінбей ысырап болып қалатыны да жасырын емес. Әсілі той иелері ысырапшылдыққа жол бермей, ақшасын атақ-абырой үшін шашпай, көрпесіне қарай көсіле жұмсаса жөн еді. Қазір тойды арақ-шарапсыз өткізу үрдіске айналып келеді. Бұл игі бастаманы жұрт жұмыла дәстүрге айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Хали ҚУАНЫШ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды