«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Той өткізу де – тәрбие тетігі

0 256

Елбасының соңғы жылдары тарихи және рухани сананы жаңғырту туралы мақалалары халқымызға жаңа серпін беруде. Осы мақалаларды оқи отырып, біраз ойға түсесің. Біз неге өткенімізді екшелеп, жақсы дәстүрлерімізді дамыта отырып, олқылықтарымыздан арылмаймыз?

Мен пікір білдірейін деп отырған тақырыбым – баспасөз беттерінде де, радио мен теледидарда жиі көтеріліп жүрген тақырып, бірақ өзгеріс шамалы, нәтижесі де төмен. Соңғы статистика бойынша әрбір үшінші жас отбасы айырылысуда, онымен қоса кәмелетке толмаған қыз балалардың жүкті болып қалуы көбейіп барады. Осылардың себебі не? Меніңше, жастар арасында ұрандатылған шаралар көп жүргізіледі де, жекелеген жұмыстар өте төмен дәрежеде ұйымдастырылады.
Мектеп, қоғам және ата-ана арасындағы байланыс тұрақты түрде емес, белгілі бір кезеңдерде де ғана. Әсіресе, қыз балаларды тәрбиелеуге баса көңіл бөлген жөн. Ата-бабамыздан келе жатқан «Қыз балаға қырық үйден тыйым» деген қағида бар.
Меніңше, қыз баланың жү­ре­­тін ортасын, дос балаларын, қыдыратын уақытын та­ғы-тағы басқа қылықтарын ата-анасы, ұстаздары жақсы біліп, уақытында жөнге салып отырғаны жөн болар еді. Ал ұл баланы келешек жарын таңдауда қателеспеу үшін жас кезінен отбасы туралы әңгімені жиі қозғап, оған деген жауапкершіліктің күшті екендігін құлағына сіңіре беру керек. Онымен қоса ата-ана өздері үлгі болуға тырысуы қажет. Үлгілі жас отбасылар туралы айтып отырғаны дұрыс. Ата-ана балаларын ұл-қыз демей, бірдей тәрбиелейді. Әр отбасының арманы балам жақсы болса екен, ертең дұрыс отбасын құрып, ел қатарлы өмір сүрсе деген ойда болады. Әр балаға кеткен қаржы шамамен бірдей. Осы жағдайда неге қалыңмал сұраймыз.? Ерте-ерте заманда болды, онда қыз бала тауар сияқты есептелді. Мынадай да қағида болды: еті – сіздікі, сүйегі – біздікі деген. Қазір барлығы тең құқылы. Әйел адамды қорғайтын заң да бар. Меніңше, екі ата-ананың арманы да, ісі де – екі баланың дұрыс отбасын құруға көмектесу. Егер ата-ана өздеріне лайық жар таңдауға көмектессе, тіпті құба-құп болар еді. Бұрын танысына құда түсуге тырысатын ата-аналар да болды. Оның да жақсы жақтары бар, өйткені олар бірін-бірі біледі, балаларын да біледі. Ондай жағдайда жас отбасы берік те, үлгілі де болар еді.
Жұрт қалай ойлайтынын біл­меймін, менің өзім «сырға салып келдік» деген терминді қабылдамаймын. Сырға салу белгі салып келген сияқты болып көрінеді. Бала туысының үйіне барғанда, бір малды атайды да, белгі салып кет дейді. Сырға салу да осыған ұқсас сияқты. Осы шараны басқаша атауға болмай ма? Мысалы, болашақ келінімізбен танысып, құдамыздың алдынан өтіп келдік десе жетпей ме? Болашақ келінге ескерткіш ретінде жақсы сыйлық жаса. Отбасын құрғаннан кейін де келін сол ескерткіш сыйлықты есіне алып, балаларына келешекте мақтанышпен көрсетіп жүретіндей.
Келін түсіруде де көзбояу­шылық бар. Келіннің бетін тойханада ашып жатады. Қыз бала, негізінен, өз үйінің табалдырығын аттап шы­ғып, болашақ үйінің табал­дырығын аттағанда келін болады. Сол жерде беташарын жасап, ата-енесі, жеңгелері, туыстары әртүрлі жөн-жоралғыларын жасап, баталарын беріп қабыл­дағандары дұ­рыс қой деп ойлаймын. Тойдағы бет­ашар ақша жинаудың бір әдісі сияқты.
Қай той болсын, белгілі бір қуанышқа өткізіледі. Жиналған меймандар сол қуанышты той иесімен бөлісіп, демалып қайтқысы келеді. Көбіне тойдың у-шуынан шаршап, мәнді ештеңе естімей қайтамыз. Тойды жеті-сегіз сағат өткізудің қандай қажеттілігі бар? Асаба неше сағат өткізсе, соған еңбекақысын алатын шығар. Меніңше, тойдың мәні үш-төрт сағат, содан кейін шаршап үйге қайтқысы келіп тұрады. Амалсыз той иесінің көңіліне қарап отыра береді. Енді сол тойдың мазмұнына келетін болсақ, көңіл көншітпейді. Той жиналысқа айналып кетеді. Бірін-бірі қайталау. Меніңше, бос микрофон қойып, халыққа айтқылары келсе микрофоннан айтсын, әйтпесе, тілегін жеке той иесіне жеткізсе болады ғой. Топ-тобымен сөйлегенде көбіне той иесі ғана тыңдап, басқалары құлақ аспайды. Біздің жас кезімізде мұндай тойлар болмайтын, онда бір беделді ақсақал бата беріп, ойын-сауықпен өтетін.
Тойға көп халық жиналады. Міне, осы жер, тәрбиелік мәні бар ойын-сауықтар өткізіп, әркім өзі ұнатқан шараларға қатысып, демалса, қандай жақсы болар еді?! Мысалы, ұлттық ойынымыз асық атудан неге жарыс өткізбеске? Ұлы адамдар туралы қызықты сұрақ-жауаптар ұйымдастыруға болады. Белгілі әншілерді шақырып, долларлап қаржы жұмсағанша, халық әндерінен конкурстар өткізсе, көптің ішінен әншілер шығады. Өнер – халықта. Менің таңғалатыным, белгілі әнші дайын әнін орындағаны үшін бәлен мың теңгелеп ақы алады. Еңбегіңе қарай ақыңды ал, мен белгілі әншімін деп тонауға болмайды ғой. Тойларда ұлттық аспаптардың үнін сирек естиміз. Қара құрлықтың өкілдерін билетіп, ән айтқызғанға мәзбіз. Асабалар дайындайтын орталықтар бар дейді. Сол орталықтарда бүгінгі күн талабына сәйкес дайындап, құжаттар беру керек. Той иесі осындай асабаларды пайдаланғаны дұрыс болар еді. Онымен қоса той иесі сол орталықпен шартқа отырып, еңбегін төлесе, асаба да салық төлер еді. Көбіне асаба бағдарлама жоқ, әйтеуір, қызық болсын деп өзі ұйқастырып ойындар өткізгенге мәз. Мысалы, той иесі есімінің әріптеріне сөздер табу т.б. Жиналған халық мәнді ештеңе алмайды, ал той иесі әжептәуір қаржысын беріп қоя береді. Онымен қоса тойда киіт кигізу, тойбастар тарату, дорба ашу сияқты дәстүрлер бар. Киіт кигізуде бас құдаға жағалы киім кигізеді. Оны алған адам көбіне кимейді.
Сол сияқты тойбастарың да, дорбаң да осындай күй кешеді. Бұл да – ақша шашудың бір түрі. Осы сияқты әлі де тозығы жеткен дәстүрлерді тізе беруге болады. Оны бәріміз де білеміз, бірақ оны дәстүрімізден шеттетуге мән бермейміз. Қазір дінбасылары мәйітті жөнелтуді бірізділікке түсіру жолында біраз істер атқарып жатыр. Осы сияқты тойға ысырапшылдықты болдырмай, оны ұлттық тәрбиені жетілдіру, жақсы ойын-сауық орталығына айналдырсақ ұтарымыз көп болар еді. «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Тойшыл халық ойшыл бола алмайды» деген тақырыптағы мақалаға толық қосыла алмаймын. Тойды жақсы, мазмұнды, ұтымды ұйымдастыра білу де – ойшылдықтың белгісі. Осы газеттің соңғы сандарының бірінде «Сөз сойыл» айдарында «Той» деген тақырыпта мынадай әзіл-оспақ бар: «…Қалған-құтқан ауысып жатса, «Ұят-мұят» демей-ақ, пакетке салып алатын болдық…». Осы жаман әдет еліміздің кейбір өңірлерінде бар. Дастарқанды толтырып қойса, пакетке салу үшін емес, ұнатқанын жесін деген ниет қой.
Меніңше, қуанышты атау керек, бірақ жұмсалатын қаржысы мен тойдың мазмұнына баса көңіл бөлген жөн болар еді.

Еркін Дәуешұлы,
ардагер-ұстаз

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды