ТОЙ КӨРІГІН ҚЫЗДЫРАДЫ БОЗКІЛЕМ

0 115

28fd9e5056768069dba564f710fc55c0

Қазақ топырағы ептілігі мен батылдығы шебер үйлескен шымыр ұлдарымен, жауырыны жерге тимеген балуандары һәм жаужүрек жауынгерлерімен даңқты. Нағыз ер жігітке тән асыл қасиеттер ұлттық ойындарымызда да көрініс тапқан. Қазақ халқының мәдениетімен әрі тұрмысымен біте қайнасқан ұлттық күрес мақтаулы ұландарымыздың төлқұжаты іспетті. Қазақ күресі, шын мәнінде, ертеден жібі үзілмей келеді. Күні бүгінге дейін ел ішінде үлкен ауқымда республикалық, халықаралық турнирлер өткізілуде. Соның бірі – Астана тойы аясында ұйымдастырылатын «Қазақстан барысы – 2014» ұлттық жобасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін ұйымдастырылатын бәсеке елімізде төртінші мәрте өткізілмек. Мұнда «Қазақстан барысы» мәртебелі титулын иеленуге әр балуан барын салады. Алдыңғы үш жылда айтулы атаққа Ұлан Рысқұл, Бейбіт Ыстыбаев және Айбек Нұғымаров ие болды.

Төрт кезеңнен тұратын биылғы жоба 100 мың қатысушының, 9 мыңнан астам онлайн көрермен мен 6 миллиондай офлайн жанкүйерлердің басын қоспақ. Жарыстың ақтық сайысы Астана күні аясында 29 маусымда сағат 13.00-де «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді. Турнир тікелей эфирде ұлттық және шетел телеарналарынан таратылады. Осылайша спорт жанкүйерлері еліміздің аузын айға білеген айтулы балуандарының бәсін тамашалайды. Әр облыстан және екі қаладан 33 балуан қатысады. Сонымен бірге «Шығыс барысы» атанған «Қазақстан Барысы – 2013» иегері Айбек Нұғымаров жүлдеге тігілген «Тайтұяқ» пен 150 мың АҚШ долларын, чемпион белдігін тағы да иелену үшін жекпе-жекке шықпақ. Оның үстіне, турнир ұйымдастырушылары биыл «Көрермен көзайымы» атты арнаулы сыйлық енгізіп отыр. Бұл – көрермендер мен жанкүйерлер ішінен жаңа автокөлік иесін анықтайды. Дүбірлі додада «Алтын белбеу» және «Тайтұяқ» иегері ғана емес, су жаңа «Hyundai Elantra» автокөлігінің иегері анықталады. Ол үшін құны 1000, 2000, 3000 теңгелік кіру билеттерін сатып алып, сәттілікке сену керек. Автокөлікпен қатар көрермендерді көп қызықтар күтуде.

Бірегей жобаның демеушілері мен серіктестері – «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ, «Kaspi bank», «SAT & Company» АҚ, «Hyundai» сауда маркасымен «Astana Motors», «Қазақтелеком» АҚ, «КазАгро» ҰБХ» АҚ, «ПетроКазахстан», A’SU, «Sulpak», «YOKOHAMА» ұйымдары.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =