©2020 Астана Ақшамы
Тоғызқұмалақ тартысы тәмамдалды
Павлодар қаласында тоғызқұмалақтан ерлер және әйелдер арасында жекелей Қазақстан чемпионаты өтті. Жарысқа 13 облыс және Астана, Алматы қалаларынан 104 спортшы қатысты
Оның ішінде: 1 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 10 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 спорт шебері және 39 спорт шеберлігіне үміткер өнер көрсетті. Жарыс Швейцар жүйесімен классика, шапшаң және рапид түрлері бойынша өткізілді. Бас төреші болып жоғары дәрежелі ұлттық төреші Ш.Кашкенов (Павлодар облысы) және бас хатшы ретінде жоғары дәрежелі ұлттық төреші Б.Төлегенов (Ақтөбе облысы) сайланған болатын.
Жарыс нәтижесінде классика түрі бойынша ерлер арасында 1-орынды – 7,5 ұпаймен Жанат Каймульдин (Павлодар), 2-орынды – 7 ұпаймен Айдос Сейітжан (Астана), 3-орынды 7 ұпаймен Ғалымжан Темірбаев (ОҚО) иеленді.
Ал қыздар арасында Әсел Далиева (Қызылорда) 8,5 ұпаймен топ бастаса, Диана Кенина (Ақтөбе) 7,5 ұпаймен 2-орынға қол жеткізді. 3-орынды Салтанат Сапарбекова (ОҚО) қанағат тұтты.
Шапшаң ойын түрі бойынша Алмаз Жақсылықов (ШҚО) пен Серік Ақтаев (ОҚО) бірінші және екінші орындарды бөліссе, Сабит Сапарбеков (ОҚО) пен астаналық Нұрбек Құрманов үшінші орын иегерлері атанды. Осы түрде қыздар арасынан Әсел Далиева, Салтанат Сапарбекова (ОҚО), Диана Кенина (Ақтөбе), Ақшолпан Айғалиевалар (БҚО) алғашқы үштіктен көрінді.
Тоғызқұмалақтың Швейцар жүйесі бойынша соңғы түрі – рапид бойынша ерлер арасында Ғалымжан Темірбаев (ОҚО), Медет Биғазин (Қостанай), Хакімжан Елеусінов (Қызылорда), ал қыздар арасынан Роза Райымбекова (Павлодар), Айнұр Молдахметова, Алтынгүл Нағымова (Алматы облысы) жүлделі орындардан көрінді.
Жалпы медаль саны бойынша Қызылорда облысы 2 алтын, 1 қоланы иеленіп, топ бастап тұр. 2 алтын алған Павлодар облысы 2-орында. 1 алтын, 2 күміс, 3 қола еншілеген ОҚО-дан кейін 1 алтыны бар ШҚО 4-орынға табан тіреді. Ал астаналық команда 1 күміс, 1 қоланы қанжығалап, алғашқы бестікті түйіндеп тұр. Бұл бас қала ойыншылары үшін көңіл көншітерлік көрсеткіш емес.
Ербол ЖАНАТ