ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНБЕЙ, ҰЛТТЫҚ БРЕНДКЕ АЙНАЛМАЙДЫ

0 236

Әр ұлттың даму тарихында атадан балаға мұра болып қалатын, өткені мен бүгінін жалғастыратын өзіндік ұлттық құндылықтары болады. Қазақ дегенде еске бірден түсетін, халқымыздың тарихынан сыр шертер дәл осындай маңдайалды дүниелердің қатарына жамбы ату, қазақ күресі, алтыбақан, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындарымыз жатады.

Солардың арасында қазақтың санагерлік сайысы – Тоғызқұмалақ ойынының жай жапсарын, бүгінгі күнгі хал-ахуалын білу үшін ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Шотаевпен әңгіме өрбіткен едік.

– Мақсат мырза, бүгінгі таңда өзіңіз дайындап жатқан ұлттық құраманың алдағы жоспарлары мен дайындығы жайлы айта отырсаңыз…

– Ұлттық құрама биылғы 17-22 қараша аралығында Түркияда өтетін Азия чемпионатына тыңғылықты дайындық үстінде. Жалпы, Азия чемпионатын да, әлем чемпионатын да екі жылда бір рет өткізу жоспар­лан­ған. Осыған сәйкес тұңғыш Азия чем­пионаты 2009 жылы Шымкент қа­ласында өтті. Азия чемпионатын екінші мәрте өткізу міндеті қырғыз ағайындарымызға жүктелген еді. Қыр­ғызстанның экономикалық дағдарысына байланысты ол жарыс өтпей қалды.

Биылғы жарыстың ерекшелігі – алғаш рет жасөспірімдер мен жас­тар арасында жас ерекшелігіне қарай жарыстар өткізіледі. Нақтырақ айт­­сақ, 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыз­­дар, 15-18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар жекелей және топ болып сайысқа түсетін болады. Қазақ­стандық құраманың бұл жа­рысқа дайындығы өте жоғары дең­гейде деп айта аламын.

Ел ішінде өткен жасөспірімдер және жастар чемпионатының ең мықты, таңдаулы спортшылары қа­­тысады. Олардың қатарында ере­сектер арасында өткен Азия бірін­шілігінің чемпионы Айдос Сейітжан да бар. Бұл жолы да Қа­зақстан жеңіс туын желбіретер деп үміттенеміз.

– Бір сұхбатыңызда «тоғыз­құ­­малақ» атауы бір жағынан қа­ра­байыр, ойынның мәнін ашпайды, екінші жағынан тұрпайылау» депсіз. Сонда бұны ойынның атауы өзгереді деп түсінеміз бе?

– Жергілікті ерекшеліктеріне, ойна­ған кезеңдеріне байланысты тоғыз­­құмалақтың бірнеше атауы бар. Мәсе­лен, бұл ойынның «шопан», «тоғыз ат» деген атаулары болған. Оның шағын түрлерін «бес­темше», «қозату» деп атаса, бү­гінгі біздің ойнап жүр­геніміз «тоғызқұмалақ» аталады.

Қазірдің өзінде бұл ойынның бір­­неше атауы бар. Біз солардың ішін­дегі ең қарабайыр түрін таңдап алған­быз, яғни «тоғызқұмалақ». Ал бұл атау ойынның барлық мүм­кін­дігін, мағынасын, танымын ашып көрсете алмайды. Әсіресе, шет мемлекеттерге барғанда, бұл ойынның мағынасын түсіндірерде өте қатты қиналамыз. Кейде, тіпті, құмалақ қойдың қиы екенін айтқан сәтте күлкі-келеке қы­латындары да болады. Дәл осындай жағдайлар шымбайға батады, әрі ыңғайсыздануға мәжбүр етеді.

Қазақстанда «тоғызқұмалақ» ата­уының қала бергені дұрыс шығар. Ал әлемдік деңгейде бұл ойынның тарихи атауының бірі – «тоғыз ат» деген нұсқасын алғанымыз абзал. «Тоғыз ат» атауы ең алғаш Загряжский есімді ғалымның еңбектерінде кездеседі. Одан кейінгі кезеңдерде Сәрсен Аманжолов, Талап Сұлтан­беков, Мәулен Балақаев сынды ға­лым ағаларымыз тоғызқұмалақ жайлы зерт­теулер жүргізді. Осы ға­лымдардың еңбектерінде «тоғыз ат» атауы былай деп түсіндіріледі: «ойын барысында «ат» термині өте көп қолданылады және де құма­лақ­тың өзін көп жағдайда «ат» деп атаймыз, «қанша атың бар, қанша жүрісің бар?» деген тіркестерді көп қолданамыз. Тоғызқұмалақ ойынында көптеген отаулардың атауы да атпен байланысты, мысалы «атсыратар», «атөтпес». Яғни, құмалақтан гөріатқа байланысты атаулар өте көп, мұнымен қоса маңдай, бел, бел­­басар, көк мойын деген атаулар да аттың ұғымдарына байланыс­ты қа­лыптасқан. Сондықтан да ойын атауын «тоғыз ат» деп өз­гер­тіп, Қа­­зақ­станда «тоғыз ат» деп, жақ­ша­­ның ішінде «құмалақ», Түркияда «то­ғыз ат» деп, жақшаның ішінде «таш», Қырғызстанда «тоғыз ат» деп, жақшаның ішінде «қорғол» деп көрсететін болсақ, оның ешқан­дай қателігі болмайды.

– Жапонияда тоғызқұмалақ тек­­­тес «Го» ойынын ойнаушы­лар­дың саны отыз миллионнан асып жы­ғылады екен. Біздің елі­міздегі тоғызқұмалақ ойнаушылар көп пе? Ойынның таралуы қалай?

– Әр халықтың рухани деңгейі, оның белгілі бір құбылыстарға, өзін­дік құндылықтарға деген ба­ғасы сол халықтың руханиятымен өл­шенеді. Өкінішке қарай, әзір­ге біз жапондардың деңгейіне де, түрік­тердің деңгейіне де жете алмай отыр­мыз. Жапониядағы го ойы­ны өзін­дік табиғатымен, ойын ере­же­сімен ерекшеленеді. Бұл ойынды ойнаушылар саны күннен күнге артып келеді және оған тігілетін ұтыс көлемі өте жоғары. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінде бұл ойынға деген қызығушылық артып отыр. Бүгінде тоғызқұмалақ ой­най­тындардың саны республика бойынша жүз мың­нан асса, екі мыңға тарта бапке­ріміз бар. Түрік ман­галадесін меңгер­ген­дердің саны бір миллионнан асады. Бұл ойынды да­мыту 2009 жылдан бас­тап қолға алынғанын ескерсек, өте қар­қынды дамып келе жатыр деуге болады. Түріктердің ұлтшыл­дығы, ұлттық құндылықтарға деген құрметі біздікі­нен жоғарырақ екеніне қызыға қарайсың.

Қазіргі таңда республика­мыз­дағы басты мәселенің бірі – тоғыз­құмалақ пен шахматты мектеп бағ­дарламасына енгізу болып отыр. Шахмат – Қазақ­станда жоғары дең­гейде дамыған ойын­дардың бірі. Ал, тоғызқұмалақ шахматтың деңгейіне жете алмай тұр.

Тоғызқұмалақ ұлттық брэндке айналуы үшін оны алдымен мектеп бағдарламасына енгізу керек. Жоғарыда отырған шенеуніктердің осы ойынға деген қызығушылығын арттырып, назарын аудартқанымыз жөн. Біз әлі де ойынның ерекшелігін, кереметтілігін халық санасына сіңіре алмай жатырмыз.

Сұхбаттасқан
Досжан СҚАҚОВ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + one =