ТОҒЫЗ ЖЫЛ ШИПАСЫ ТАБЫЛМАҒАН КЕСЕЛ

0 165

астаналық дәрігердің арқасында жазылды

…Менің ұлым Қуандық Бағдәулеттің үш жасында екі қолындағы бас бармағының тырнақтары қарайды. Қарайған тырнақтың түбі қатты қышыды. «Ауру кірді, әлек кірді» дегендей осы мәселемен сандалғанымызға тоғыз жылдың жүзі болды.

Алғашында Түркістан, Кентау, Шымкент қалаларының дәрігерлеріне 7 жыл бойы көрсетіп еш нәтиже болмағасын 2011 жылы Алматы қалалық тері аурулары ғылыми зерттеу орталығына, «Сұңқар» диагностикалық орталығына, Алматы қалалық тері аурулары диспансеріне, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына, 2012 жылы Ташкент қалалық балалар диагностикалық орталығына, былтыр Астана қаласындағы Оңалту орталығына апардым. Небір атағы жер жарған дәрігерлер тексерді, еш нәтиже болмады. Балам үшін жанымды шүберекке түйіп, тапқан-таянғанымды, ағайын-туыс көмектесіп берген ақшаны да аямадым. Өкінішке қарай, ешқайсысы да дұрыс диагнозын қоя алмай, «ішкі ағзаға байланысты» деп, тоғыз жыл бойына бағасы да қымбат, ішкенде де удай неше түрлі дәрі беріп, босқа баламның ішкі ағзасын босқа зақымдады. Баламның қиналған, шырылдаған жан дауысын естіп, азаптанған жан дүниесін көріп, іш-бауырым езіліп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдық. Талай түндерім мен күндерім бір құдайға жалбарынып, жылаумен өтті. Баламның қолы қатты қышып, шыдай алмай тырнақтың түбіне ине тығатын хәлге жеттік. Тырнақтың сыртқы қалыбы өзгеріп, қисайып майысып кетті. Баламның да, менің де, үйдегі басқа жандардың да әбден жүйкесі шаршады. «Суға кеткен тал қармайды» демекші, Денсаулық сақтау министрлігіне жазған хатымнан кейін бізге Республикалық балаларды оңалту орталығына жолдама берді. Бірақ мұндағылар баламның қолын емес жүйкесін емдеуге кірісті. Осы кезде құдайдың құдіреті ғой, Ауғанстанда қайтыс болған марқұм ағамның елордада тұратын досы Ержан Зиябековке жолықтым. Осы кісі арқылы баламды Астана қаласындағы Дерматология және ЖҚАААЕ орталығы директорының орынбасары (қазір декреттік демалыста) Самал Шапеноваға апардым. Самал Қайырбекқызы әріптесі диспансер бөлімінің меңгерушісі Дана Шынтақова екеуі тырнақтың түбінен сараптама алып, небәрі 20 минутта тоғыз жылдан бері анықтата алмай жүрген диагнозымызды дөп басып қойып берді де: «балаңыздың емі – мынау» деп, «Мифуньгар» деген майды 14 күн жағуымызға кеңес берді. Соны жаққан күннен бастап ұлымның жағдайы жақсарып, төрт айда жаңадан тырнақ шығып, жазылды. Қуанышымызды сөзбен жеткізе алмаймыз. Бағдәулет – 4 қыздың ішіндегі жалғыз ұлым. Қазір денсаулығы, көңіл-күйі жақсы. Кентау қаласындағы «Дарын» мектебінің 7-сыныбында оқып жүр. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демекші, астаналық Дерматология орталығы ұжымына, соның ішінде Самал Шапеноваға айтар аналық алғысымыз шексіз. Тоғыз жыл басымыздан кетпеген азаптан құтқарып, Түркістандағы бір үлкен отбасын қуанышқа бөледі. Кейде біз керемет деп, республикалық клиникаларға, мықты деп профессорларға жүгініп жатамыз. Қарапайым емдеу мекемелерінде жұмыс істейтін дәрігерлерді өзімізше менсінбейміз. Олардың біліміне, әсіресе, астаналық дәрігерлердің біліміне өзіміз тәнті болып отырмыз. Самал Қайырбекқызына астаналық газет арқылы үлкен алғысымды білдіремін. Өмірдегі бар жақсылықты шын жүректен сізге тілейміз, Самал Қайырбекқызы!

Нұрлығыз МАМЫРАЙМОВА,
Түркістан қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − fourteen =