ТОҒЫЗ АЙДЫҢ ТОЛҚЫНЫ…

0 98

Жақында ғана отандық басылым бетінде нанобетон технологиясы бойынша жаңалық ашқан астаналық 14 жастағы қазақ баласы туралы мақала жарық көрді. Елордадағы №3 орта мектептің 9-сынып оқушысы Дінмұхаммед Серіктің ойлап тапқан жаңа бетон түрі еліміздегі «Қазақмыс», «Арселор Миттал» секілді алпауыт кәсіпорындарының қызығушылығын тудырған көрінеді. Тіпті, жас өнертапқыштың тырнақалды туындысының тұсаукесері «Қазақмыс» корпорациясының қабырғасында өтіпті.

Дінмұхаммед ден қойған осындай заманауи мамандықтар бүгінгі біздің қоғамға ауадай қажет.

Кешегі өткен тамыз кеңесінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те жас буынды жерде қалмайтын мамандықты меңгеруге шақырды.

Елордадағы жоғары оқу орындарын бітірушілер арасында жүргізілген мониторингтің нәтижесінде қаладағы жұмыссыздардың негізгі бөлігі экономика (87%) және заң (86%) мамандары екені белгілі болды.

Жоғары оқу орындары дәстүрлі түрде оқытып келе жатқан мұндай мамандық түрлеріне ешқандай сұраныс жоқ. Атап айтқанда, жұмыссыздық заңгер, экономист мамандықтары арасында 80 пайыз­ды, сауда-саттық менеджері бойын­ша 90 пайызды, кассир мамандығы бойынша 95 пайызды құраған.

Қала әкімі осындай деректерді келтірді.

Бүгінгі күні әлемде жеті мыңнан астам мамандық түрі бар көрінеді. Заманның өзгеріп, қоғамның жаңарғанына қарай мамандық түріне деген сұраныс та мың құбылып отыр. Жыл сайын жаңа мамандықтар пай­да болады, кейбіреулері келмеске кетеді.

Ал, жас буынның лайықты кәсіп таңдауына көмектесіп, бойындағы қабілетін ашып көрсету – мектеп ұжымының маңызды міндеті.

Сонымен, жаңа оқу жылы да басталып кетті. Енді тоғыз айдың толқынын бағалайтын боламыз. Мектеп өміріне ерекше назар ауда­рамыз. Өйткені, жас жеткіншекке білім мен тәрбие беруде мектептің көтеретін жүгі өте салмақты деп білеміз.

Елордалық мұғалімдер бұл міндетті қалай атқарып отыр?

Жаңа оқу жылында Аста­на мектептерінің табалдырығын алғаш аттағандар саны 12 мыңнан асып жығылды. Елорданың білім ошақтарында жалпы саны 80 мыңнан астам оқушы білім алады.

Бас қаланың білім беру жүйесінің өркениет үрдісіне сай болуы Мемлекет басшысының басты талаптарының бірі.

Осы орайда Астана қаласының Білім басқармасы халықаралық білім кеңістігінде өзге елдермен тығыз байланыс жасап, жұмыс жүргізуді дәстүрге айналдырған. Бүгінде басқарма Сингапур, Будапешт, Лондон, Мәскеу, Санкт-Петербург, Сеул, Минск, Варшава, Берлин сияқты қалалармен инновациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасып келеді.

Республикалық олимпиада­лар мен ғылыми сайыстардың қорытындысы бойынша елордалық команда өткен оқу жылында 95 жүлделі орынға ие болды. Жалпыкомандалық есепте еліміз бойынша бірінші орынға шықты. Бразилия, Корея, Қытай, Ресей, Түркия, Румыния, Үндістан, Грузия, Кипр елдерінде өткен сайыстарда да астаналық оқушылар 92 жүлделі орынға ие бо­лып, бойындағы білімдерін дәлелдей білді.

«Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген сөз бар. Астаналық мұғалімдердің қазіргі құрамы осал емес.

Дерек көздеріне сүйенсек, соңғы жылдары елорданың 300-ге тарта мұғалімдері түрлі халықаралық және республикалық байқаулар мен форумдарға қатысыпты. 80 мұғалім ғылыми-әдістемелік құралдардың авторы атаныпты. 120 ұстаздың авторлық еңбектері республикалық және халықаралық БАҚ-тарда жарық көріпті.

Атап айтар болсақ, № 38 мектеп-лицейдің информа­тика пәнінің мұғалімі Ләззат Есенованың ғылыми еңбегі Хор­ватияда өткен Жаңашыл мұғалімдердің еуропалық форумын­да 34 елден түскен 62 жобаның ішінде үздік деп танылса, “Дарынды оқушыға – дарынды мұғалім” атты ІІІ республикалық педагогтар олим­пиадасында астаналық ұстаз Данияр Күзембаев бас жүлдегер атанған.

Ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайы да жақсарып келеді.

2008 жылдан бері Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша қаладағы ұстаздар қауымының біразы баспаналы болды.

Қазіргі мектептің сан қырлы міндеттерінің негізгісі – баланың интеллектуалдық және рухани тұрғыдан дамып жетілуіне қажетті тиянақты білім беру.

Елордалық білім беру жүйесінде соңғы алты жылда әртүрлі үлгідегі 83 мектепке дейінгі мекеме іске қосылып, 20 орта мектеп ғимараты салынды.Мектеп әдістемесі ұдайы жаңартылып, 1-сыныптан 4-сыныпқа дейінгі балаларға «ыстық тамақ» ұйымдастырылды, бөбектерді балабақшаларға қабылдау жүйесі ретке келтірілді. Бұл, әрине елордалық Білім басқармасы қызметкерлерінің ерен еңбектерінің арқасында екені даусыз.

 ДЕРЕКТЕР мен ДӘЙЕКТЕР

Қазіргі таңда Астанада 120 мектеп бар. Оның 72-сі мемлекеттік мектеп, 13-і жеке мектеп, 35-сі техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі, 13-і қосымша және 10-ы арнайы білім ошағы.

• 2011-2012 оқу жылында елорда мектептерінде 79268 оқушы, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 31702, қосымша білім беру мекемелерінде 23658 бала білім алды.

• Қалада 121 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасайды. Оның ішінде 69-ы мемлекеттік балабақша, 51-і мемлекеттік емес және 1-еуі ведомстволық. Мектепке дейінгі дайындық сыныптары мен шағын орталықтарда 29929 бала тәрбиеленеді.

• Таяуда 436 орындық 2 балабақша пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан өзге 2920 орынды қамтитын 13 ны­санда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 520 орындық 2 балабақшаның құрылысы аяқталып, актісіне қол қойылды. 960 орындық 4 балабақшаның және 160 орындық 2 балабақшаның жапсарлас ғимаратының құрылысы жалғасуда. 1280 орынмен қамтитын 5 балабақшаның құрылысы басталды.

• Білім ошақтарында 10 мың 317 мұғалім қызмет етеді. Олардың 50 пайызы жоғары және бірінші санатты.

• Білім беру жүйесінің жалпы бюджеті 2011 жылы 16 млрд. 074 млн. теңгені құраған болса, биыл бұл сома 19 млрд. 038 млн. 700 мың теңгеге дейін өсті.

• Тамыз айында 783 оқытушыдан құралған арнайы топ қаладағы 16 мың 183 пәтерді аралап шығып, қадағалаусыз, панасыз қалған ба­лаларды, материалдық көмекке мұқтаж әлеуметтік қорғалмаған балаларды анықтау мақсатында рейдтер жүргізді. «Мектепке жол» акциясы кезінде ша­мамен 5 мыңдай балаға 20 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.

• Былтыр 150 жылдық тарихы бар ұлыбританиялық жетекші жекеменшік оқу орны -«Хэй­либэри» мектебінің астаналық бөлімшесі ашыл­ды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =