ТОБЫҚ НЕМЕСЕ ӘЖЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ

0 257

«Тобығың таймасын!» деген әзелден қалған әдемі бата бар…
«Бір толарсақ, бір тобық, Санда болар, жар, жар! Қырық кісінің ақылы.Ханда болар, жар-жар!» Ескіден қалған бұл ән бүгінге – таңсық…
«Тоқсан сөздің тобықтай түйіні…» деген тіркесті әмсе қолданамыз…
Хакім Абайдың руы – Тобықты.
Кезекті газеттің тізгінін ұстарда көкейде жүрген тобықтай ойды оқырман назарына ұсынғым келді…

…Ұрпақ тәрбиесінің ұйтқысы
Жоғарыдағы іргелі ұғымдарға өзек болған қой сира­ғын­да­ғы кішкентай сүйекті бабам қазақ ұрпақ тәрбиесінің де ұйтқысы етті.
Ұлттық сана бодандықтың тас қамалында болған дәуірде тобық тұрмақ, түйедей дүниелеріміз түп тамырымен жоғалды емес пе?.. Тобыққа не өкпе артасыз?
…Тәуелсіздікпен табыстық. Аңсарлы табысудан соң, ке­шегі қазақтың баласы тоталитаризм заманында жоғал­т­­­­­­­­қан танымымен, дәстүрімен, салтымен қауышты. Менде де қазақтың қаны! Әжемнің сөзінен түйгенімді тізейін, бү­гіннің тобықтай қажетіне жарап жатса, болғаны да…
…Шешен болсам – таңдайымнан шық
«Қоян тобығын жұту» ырымы – ежелден бар екен. Көбіне шолпы сыңғырына құлақ тігіп, енді жігіт бола бастаған жастар жұтатын көрінеді сүйекті.
Батыр болсам – жүрегімнен шық,
Палуан болсам – білегімнен шық,
Шешен болсам – таңдайымнан шық,
Бақытты болсам – маңдайымнан шық,
– деп серт байлайды екен сонда. Халық ұғымында тобық қасиетіне қарай әлгі жігіттің айтқан жерінен шығады деген түсінік болған.
Жеңіліп, жорғасын мінгізген
«Қазақ дәстүрінде қыз бен жігіттің тобық алысуы құр ғана ойын емес, мұнда екі жастың өздері ғана түсінетін бір терең сыр да бар» дейді қаламгер Ілияс Есенберлин. Әжемнің айтуынша, бұл да сертте тұруды сынайтын ойын екен. Мәселен, жігіт пен қыз тобық тығып, алтын сағат немесе қалы кілем беруге уағдаласады. Бір жылдан кейін бе, бес жылдан кейін бе, тобықты тығуға алған жігіттен қыз кез келген уақытта, кез келген жерде «тобығымды бер» дегенде қолына ұстата қоюы керек. Егер, жігіт тобықты тауып бере алмай қалса, ұтылғаны. Ол уәде бойынша серттескен дүниені сыйлауы қажет.
«Тобық тығуда» қызықты уақиғалар да кездеседі екен. Әжемнің әңгімесі ғой, сол заманда бір жігіт жүрегі қалаған аруға тобық ұсынады. Өкініштісі, ғашық жігітіміз көп ұзамай Ұлы Отан соғысына аттанып кетеді. Бірер жылдан соң ауылға «хабар-ошарсыз кетті» деген хабар тарайды. Содан, не керек, он екі жыл салып, туған топырағына оралған соң, қыздан тобығын сұрапты. Салиқалы қыз тобықты ұстата беріпті. Әжем сол екі жастың қосылғанын, тату-тәтті өмір сүріп, мұраттарына жеткенін айтқан.
…Бұл да ілгеріде болған. Қыс мезгілі. Құрдас екі жігіт отарда жүріп, тобық тығысады. Бәс былай: кім жеңілсе, жеңгенінің сұрағанын беруі тиіс. Қыс өтіп, жұрт жайлауға көшеді. Қозыкүзем науқаны екен. Тобық иесі құрдасының жеңіл киініп, балағын түріп, қозы тоғытып жатқан қарбаласында сертін сұрай қалады. «Мынандай абыр-сабырда қайдан таба қойсын» деп ойлаған ғой. Қызығы сол, әлгі құрдасы «мә» деп, тілінің астынан шығара салыпты. Жеңілген тобық иесі асқан ризалықпен астындағы жорғасын мінгізіп кеткен екен.

 Асхат РАЙҚҰЛ,
aseke_0486@mail.ru

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + six =