Тобыл-торғай тартуы

0 132

Бүгін Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында Қостанай облысының мәдени күндері басталады. Тобыл-Торғай өңірінің мәдениеті 9 тамызға дейін елорда төрінде салтанат құрады. Бұл күндері суретшілер, мүсіншілер, қолөнер шеберлері, әнші, әртістер, өнерпаздар, спортшылар өнер көрсетеді.

Өңірдің мәдени бағдарламасына толығырақ тоқталсақ, 5 тамызда кешке «ЭКСПО» қалашығындағы амфитеатрында облыс күндерінің ашылу салтанаты және өңірдің үздік шығармашылық ұжымдарының гала-концерті өтеді.

6 тамызда тустен кейін «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «Шырқар әнім туған өлкем – Қостанай!» концертінде халық әндерін орындаушылардың және Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармониясы шығармашылық ұжымдарының өнерін, ал «Қолөнершілер» секторында 20 қолөнер шеберінің «Туған жер құшағында» экспозициялық көрмесін тамашалауға болады.

Осы күні сағат 18.00-де Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының Ыбырай Алтынсаринге арналған «Дала шамшырағы» спектаклі қойылады.

7 тамызда сағат 19.00-де М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен оның зайыбы Бәдрисафаға арналған «Ақ келіннің махаббаты мен өлімі» қойылымын тамашалай аласыздар.
Қаланың орталық алаңында «Славянская песня» орыс халық аспаптар оркестрі мен ансамблінің «Музыка – душа народа» бағдарламасы ұйымдастырылады.
Ал 8 тамызда осы жерде «Костанайские зори» би ансамблінің «Сиқырлы би әлемі» хореографиялық шоуы болады.

5 және 6 тамыз күндері «Қазанат» атшабарында спорттың ұлттық түрлері бойынша жарыстар өтеді: Қыз қуу, Аударыспақ, Жамбы ату, Тоғызқұмалақ, Қазақ күресі, Аламан бәйге, Құнан бәйге сынды ұлттық ойындарды тамашалайсыздар.

Ал бүгін және ертең «Қазақстан» спорт кешені маңайында ұйымдастырылатын Қостанай облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерінің жәрмеңкесінде аймақтың 14 ауданы мен қалаларының өнімдері ұсынылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 1 =