Тобыл-Торғай әуені

0 25

Елордадағы Ұлттық музейде Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» музейі жарыққа шығарған «Тобыл-Торғай әуені» музыка антологиясының таныстырылымы өтті.Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында оқырманға жол тартқан айтулы еңбекте Тобыл-Торғай өңірінде өмір сүрген ертедегі әнші-күйшілердің мұрасы жинақталған. Осыншама мол деректі тірнектеп жинап құрастырған – Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық мұражайының ғылыми қыз­меткері Батырлан Сағынтаев.
Мазмұнды музыка антологиясы үш бөлімнен тұрады: алғашқы бөлімде авторлық әндер мен күйлердің 90-ға жуық ноталары берілсе, екінші бөлім Тобыл-Торғай өңірінің мәдени мұрасына қатысты ғылыми мақалаларға арналған. Үшінші бөлімге әндердің шығу тарихына қатысты ғылыми түсініктер енгізілген. Жинақта ХІХ-ХХ ғасыр­ларда өмір сүрген өңірге белгілі дәстүрлі ән-күй өнері өкілдерінің, олардың ішінде бүгінде есімдері ұмытыла бастаған Қапақ сал, Сәт Есенбайұлы, Құтжан Қанжығалин сынды өрелі өнерпаздар бар. Сондай-ақ Тілеп Аспантайұлы, Баубек Есіргепұлы, Арық бақсы, Зәкәрия Кәрібаев, Хамидолла Шәткенов, Қазбек Әбенов секілді Торғай өңіріне кеңірек танымал қобызшылар туралы да кең мағлұмат алуға болады.
Антологиядағы Ахмет Байтұрсынұлы Семейде жүргенде жаздырып, кейін Александр Затаевичке тапсырған «Кәмшат бөрік» әнінің тарихы да оқырманды қызықтыра түседі. Құрастырушы «Қазақтың 1000 әні» жинағына халық әні ретінде енген «Кәмшат бөріктің» авторы, отызыншы жылдары жазықсыз жаланың құрбаны болған қоғам қайраткері Байқадам Қаралдин деген пайымдау жасап, оған негіз болатын деректерді келтіреді.
Жиында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай, күйші, композитор Нұрлан Бекенов, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғар Торғай өлкесінің әншілік, жыр­шылық мектебін әлі де толыққанды зерттеу қажеттігін, қазіргі заман жетістіктерін пайдалана отырып, халыққа кеңінен насихаттау керектігін айтты. Сонымен бірге мағыналы іс-шара барысында жинаққа енген Басығараның Қанапиясының «Қанапия» әні, ел арасынан жазылып алынып, жаңғыртылған «Кекілік» күйі орындалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =