Төбесі ашық туристік автобус

0 196

Кеше «Бәйтерек» монументі алаңында экскурсиялық автобустар пайдалануға берілді. Қала тұрғындары алғаш рет турис­терге арналған қос қабатты автобусқа  мініп,­­ Астана көшелерін аралады. 

«Astana Bus tours» туристік бизнесті дамытуды көздейді. Жоба «Менің елім» ішкі туризмді дамыту қауымдастығы мен Астана қаласы әкімдігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан.

Бұдан былай «Шанхай» зауытынан шыққан жаңа экскурсиялық автобустар елордалықтар мен қонақтарға қызмет көрсететін болады. Әзірге, олардың саны – екеу. Келесі жылы тағы да 2-3 автобус сатып алу жоспарлануда.

Төбесі ашық туристік автобустар Лондон автобустары сияқты «Hop on-Hop off» жүйесімен жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, жолаушылардың мініп-түсуіне шектеу жоқ. Сатып алған билет бір тәулікке жарамды. Астананың көркем жерін аралауда кез келген аялдамадан мініп, қалаған аялдамадан түсуге болады. Билет бағасы – 2400 теңге. Зейнеткерлер мен балаларға жеңілдіктер қарастырылған.

«Көліктегі хабарландыру тілі өзгермелі аудиогидтермен жабдықталған. Билеттерді вокзалдан, «Меломан» сауда желілері және билет сататын басқа да сауда нүктелерінен алуға болады. Жүру бағытына келсек, «Бәйтерек» монументінен басталып, оң жағалаудағы Тұңғыш Президент мұражайына дейін барады. Автобустың бірінші қабатына – 18 адам, екінші қабатына – 48 адам жайғаса алады» дейді «Менің елім» Қазақстанның ішкі туризмін дамыту қауымдастығының президенті Гаухар Жеңісбек.

Аталған көлікті жүргізетін жүргізушілер мен экскурсия жетекшісі міндетті түрде ағылшын тілі мен еліміздің тарихын білуі керек. Бұл міндет шетелдік қонақтарға Қазақстан жайлы сауатты мағлұмат беруден туындаған. «Қазақстан азаматтары, менің ойымша өз елімізде демалу керек. Ол үшін алдымен ішкі инфрақұрылымды дамытқан жөн. Осындай жобаларды қаржыландыра отырып, өз тарапымыздан кәсіпкерлерге көмек береміз. Жоспар бойынша алдағы уақытта тағы да бірнеше автобус алып, олардың санын онға жеткізу көзделуде» дейді, шараның ресми ашылуына қатысқан Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Игалиев.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 11 =