ТМД ынтымақтастығы тереңдейді

0 17

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президентінің төрағалығымен бейнебайланыс форматында өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Жиынға Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің басшылары, сондай-ақ Молдованың Премьер-министрі мен ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

skrin-gg

Президент осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Алматыда өткен мемлекеттер басшыларының кездесуінде ТМД құру туралы тарихи Декларация қабылданғанын еске салды.

– Осы аса маңызды құжат жаңа тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты ынтымақтас­тығының берік негізін қалады. Бүгінде Достастықты кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ірі апаттардың алдын алуда, халықтар арасындағы ықпалдастықты сақтауда маңызды рөл атқарды деп зор сеніммен айтуға болады. ТМД беделді халықаралық ұйымға айналды. Бұл – аса маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ортақ күш-жігердің арқасында ТМД аумағында кооперацияның нақты механизмдері жасалғанын, салмақты нормативтік-құқықтық база қалыптасқанын, белсенді саяси диалог дамып, қауіпсіздік саласындағы мемлекетаралық ықпалдастықтың нығая түскенін, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін оңтайлы жағдай жасалып жатқанын айтты.

Қазақстан Президенті бүгінгі кездесуде бұған дейін атқарған жұмыстар қорытындыланып, ТМД елдерінің көпжақты ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашылатынын жеткізді.

Сонымен қатар Президент геосаяси қайшылықтардың күшейіп келе жатқанына, әлемдік экономиканың құбылмалы болуына, гуманитарлық және экологиялық проблемаларға және пандемияның орасан зор шығын келтіргеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы сын-қатерлерді жойып, одан әрі дамуды қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға шақырып, бірқатар нақты шараларды ұсынды.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандырып, нығайтудың маңыздылығын басты міндет ретінде атады. Соның ішінде Президент ТМД елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге баса мән бере отырып, экономикалық ықпалдастықтың әдістерін жетілдіру қажет екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Өнеркәсіптік кешендерді дамытудың кемінде 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеуді және Көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге қол қоюды ұсынды.

Сонымен қатар Президент ортақ аграрлық нарықты қалыптастыруды өзекті деп санайды. Оның айтуынша, ТМД мемлекеттерінің азық-түлік жүйесін дамыту және өзара іс-қимыл жасау стратегиясының әзірленуі ортақ мүдделерімізге сай келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның салдарын еңсерудің маңыздылығына тоқталды.

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның QazVac вакцинасының жоғары тиімділігі мен QazcoVac-P жаңа препаратының әзірленуі туралы айтып, оның клиникалық сынағы табысты өткеніне, тағы да үш вакцина клиникалық деңгейге дейінгі тестілеу сатысында тұрғанына назар аударды.

Бұл ретте, Президент тығыз ынтымақтас­тық орнатуға, тәжірибе алмасуға және қазақстандық вакциналарды жеткізу мүмкіндігіне тоқталып, ТМД кеңістігінде вакцинация паспорттарын өзара мойындау үдерісін тездетуді ұсынды.

Мемлекет басшысы терроризмнің, діни экстремизм мен есірткі саудасының күшейе бастаған сын-қатерлеріне қарсы бірлесіп күресуге мән бере отырып, қауіпсіздік саласындағы ТМД елдері ынтымақтастығының тетіктерін жетілдіру мәселесін маңызды міндеттің бірі ретінде атады. Президент Ауғанстандағы қалыптасқан жағдайға байланысты аталған сын-қатерлердің басты мәселеге айналғанын жеткізді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + 3 =