©2020 Астана Ақшамы
ТМД-да ТЕҢДЕСІ ЖОҚ
Елорданың төрінен бой түзеген Әзірет Сұлтан мешітінің ел игілігіне ұсынылуы, тіпті, әлем мұсылмандарын ризадар етті! Аса көркем келбетті ғибадат сарайы тұңғыш түндігін серпігенде, Арқа төсіне Алланың мейірімі мен нұры шашылғандай әсерге түстік.
Рухани орын он үш гектар жерді алып жатыр, мешіттің жалпы аумағы он жеті мың жеті жүз шаршы метрді құрайды. Мешіт жобасы қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтері қолданыла отырып, классикалық ислам үлгісінде жасалды. Сондай-ақ, қабырғаларында Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері жазылған. Жоба жетекшісі Шефик Искендероғлының айтуынша, құрылысқа қажетті материалдар әлемнің он бір елінен жеткізілген. Көбіне табиғи материалдар пайдаланылған.
Ауқымы мен ажары жөнінен Орта Азия-да алдыңғы орында, ТМД мен елімізде теңдесі кемде-кем мешіттің есігі ашылуын халық көптен күткен-тін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үш жыл бұрын ғибадатхананың естелік құтысын қойғаннан бастап, нысанның құрылысын назарында ұстаған. Сондықтан, салтанатты сарайдың көз сүйсіндірмеуі мүмкін емес. Күллі мұсылманға шүкіршілік айтқызып, сәулетімен талайдың таңдайын қақтырған Астанадағы Жаратқанның үйінің ашылуы Ұлу жылының еншісіне бұйырыпты.
Үш қабаттан тұратын ғибадатханада бір мезгілде бес мың, мұсылман мерекелерінде он мың адамға дейін намаз оқи алады. Төрт мұнарасы бар мешіт қазіргі әлемдік сәулет өнерінің барлық талаптарына сай жасалған. Әрқайсысы жетпіс жеті метр биіктікті бағындырады. Бас күмбездің биіктігі – елу бір, диаметрі жиырма сегіз метрді орап жатыр. Мұнда неке қию рәсімін өткізетін бөлмелер, Құран оқу залдары, мешіт қызметкерлерінің бөлмесі, кітапхана, жүз отыз орындық бес дәрісхана бар.
Мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы рухани орданың деңгейіне сай жұмыс жасауға әу бастан күш салды. Иләһи термелер байқауын жариялады. Мұсылман мерекелерінде, әсіресе, Ораза айындағы «ауызашар» рәсімінде Астана жұртшылығын бір дастархан төріне сыйдырып, ой-пікірлеріне құлақ асты. Мешіт тіршілігінен, Ислам елдері жаңалықтарынан, шариғат жолдарынан үн қататын www.muslim.kz сайты көпшілікке жол тартты. Оқырман көкейіндегі кез келген сауалын сайт арқылы Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлына жолдап, көңілге қонымды жауап ала алады.
Асхат РАЙҚҰЛ