Тізімде – 361 кәсіпорын

0 25

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Қазақстандағы жүйе құрушы кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау шаралары қаралды. Үкіметтің ресми сайты хабарлағандай, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жүйе құрушы кәсіпорындардың тиісті тізімінің жобасын таныстырды. Тізімге құрылыс, көлік, энергетика, сауда, жылжымайтын мүлікті жалға алу, тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы 361 кәсіпорын енгізілген.
Мемлекеттік қолдау шаралары ретінде несиелер бойынша мемлекеттік кепіл­діктерді ұсыну, жеңілдікті өтімділікке қол жеткізу, салық төлеуді кейінге қалдыру, ҚҚС қайтару процесін жеңілдету әрі жеделдету, барлық рұқсат беру құжаттары мен мемлекеттік қызметтерді ұсынуды жеделдету қарастырылады.
Жүйе құрушы кәсіпорындар өз кезегінде жалақы төленетін жұмыс орындарын сақтауға, отандық өндірушілердің тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алуға (болған жағдайда), қолданыстағы келісімшарттар аясында уақытылы төлемдерді қамтамасыз етуге, ашық ақпарат беруге, 2019-2020 жылдар үшін топ-менеджментке дивидендтік төлемдер мен бонустарды алып тастауға міндеттеледі.
Сонымен қатар, отырыста азаматтық авиация субъектілеріне салық жеңілдіктері мен артықшылықтарын беру, мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары, ауыл шаруа­шылығы мен машина жасау салаларындағы ірі кәсіпорындардың операциялық қызметінің қазіргі мәселелері және т.б. қаралды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + 13 =