Тиын, киім, бұйым…

0 106

Қазіргі біраз әйел өресінің өлшемі – тиын, киім, бұйым. Осы үшеуінен басқаға бас қатыратындары аз. Бір қарағанға, бұл жалғанда одан артық қажеттілік те жоқ сияқты болып көрінеді.
Бірақ, бар ғой…

Үш анық – иман, иба, ұлттық рух болмаса, қиын. Адамдық адалдықпен өлшенуі тиіс. Әдеп әдетке айналса, құп. Материалдық игілікке қол жеткізу – бір пәсте. Ол үшін арыңды сатудың қажеті жоқ. Аярлықпен, алаяқтықпен жиған дүниеден ақылмен тапқан ақ-адал ырысың жақсы. Қолда бардың бағасы емес, оны иемденер адамның санасы қымбат болуы керек. Еңбектің өтеуі болса, оның тек жеке дәулеттік дәмемен істелген мың ісіңнен тұтас әулеттің әлеуетіне септеспек ниеттегі бір ісіңнің артықтығын айшықтап тұрғаны абзал.

Тым білгішсініп кетті дерсіз, құрметті оқырман? Өйтсеңіз, ықтиярыңыздың ығына жығыла салудан аулақпын. Бұл тақырыпты өз ыңғайыма ақылым артып, іліммен іріленіп отырғандықтан икемдемеген едім. Айтпағым, қазақ қыздары ашкөздіктен ада болса екен. Жігіттің тақымындағы «темір тұлпарын», басындағы баспанасын, тапқаны қапқанынан еселей артылатын лауазымды қызметін «иемденгісі» келген бейсаналық – бейшаралық! Дені дұрыс па, бала таптыра ала ма, көзіңе шөмелелеп шөп үймей ме… Бітті ғой, бейбағым-ау! Ондай азаматтың сенің көкейіңді тескен байлықтан шайлығы тәуір. Кекшіл емес, көпшіл боп кездессе, тіптен тамаша! Әйтпесе, зор бақытыңды зорлықпен басқа тепкен болып шығасың. Тәкаппарлықты тәуелсіздігіңнің қорғаны етпегің – бос бекершілік!
«Машинасы болса…». Осы бір түсінікті қабылдауға түйсігім жетпей-ақ қойды менің! Неге біздің бикештердің бір апаттық қана «тағдыры» бар қу темірде шаруасы шамалы болмайды?! Көлік иесіне тиіп алғаннан кейін, өздерін күнде таңнан кешке дейін шошайып кабина ішінде жүретіндей көре ме екен?..

Үйді кім жинайды?
Баланы кім бағады?
Тамақты кім істейді?
Кір-қоңысты кім жуады?

Міне, тұрмысқа шығар алдында осындай тұрмыстық міндеттерді бірінші орынға шығару шарт.

Жағдайдың жақсы болғаны жөн, әрине. Ал, жағдайлының жарына айналып шыға келуден бұрын, соған лайық қалыптың болмағы – басты парыз. Құйма құлақтар табылса, олардың қандай қалып екендігін жоғарыда шым-шымдап шамалап бердік енді.

Қарақтарымды қазақы қадыр-қасиеттен жұрдай ететін, ұлттық діл діңін мүжіп құртатын үш жегіқұрт – әлгі тиын, киім, бұйым дегеніміз дұрыс.
Қасыңдағы қарсы жынысты серігің желіккен желөкпеліктен арын арылтса – ару, денін дүниеқоңыздық дерт дендеп алса – ауру, жігіттер! Жылтыр бетке жүректеріңді ұмсына ұмтылмай, жан-дүниелеріңді оның қауашағында жүруі мүмкін «вирус» жемі етуден сақтай біліңдер!!!

Ескерте кетерім, өмір өзегінен үзіп алған бұл тақырыпты автордың өз басынан өткен толғаныс түйіні ретінде түсініп қалмайық…

Еркеғали Бейсенов
e.beisenov@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 10 =