ТIСI САУДЫҢ – ДЕНI САУ

0 255

ERA_6678

Елорда күні мерекесіне орай қаланың бірқатар медициналық мекемелерінде «Тісі саудың – дені сау» атты акция ұйымдастырылды. Елордадағы тіс дәрігерлерінің қауымдастығы айтулы мерекеге өз үлестерін қосу ниетімен қолға алған игі шараны тілшілеріміз өз көзімен көріп қайтты.

– Жалпы, балалар кішкене кезінен бастап өздерінің денсаулықтарына көңіл бөлуге дағдылануы керек. Мұны отбасында ата-аналар балаларына айтып отырса, емханада біз, дәрігерлер кез келген аурудың алдын алып, насихат-түсінік жұмыстарын жиі жүргізуге тиіспіз. Сонымен бірге сырқат адамға алғашқы медициналық көмек көрсету – біздің басты міндетіміз, – дейді №8 қалалық емхананың тіс дәрігері Алмаз Өтетілеуов.

Акция аясында аталмыш емханада астаналық 40 көп балалы отбасына ауыз қуысын қалай тазалап, тісті қалай сақтау керектігі жөнінде тегін кеңес беріліп, тіс күтімін қызықты иллюстрациялар арқылы түсіндіретін, мультфильмдердің кейіпкерлері бейнеленген түрлі-түсті брошюралар таратылды.

Қалалық №4 емханада да көп балалы, тұрмысы төмен он төрт отбасының кәмелеттік жасқа толмаған балаларын тіс дәрігері кезексіз, тегін қабылдады. Жалпы, емханаға көмек көрсетілуі қажет деп танылған сексенге жуық бала тіркелген екен. Тіс дәрігерлері Тимур Жармұхамбетов пен Меруерт Әбжанова мұндай акциялардың пайдасы зор екенін айтады. Мұнда да акция қатысушыларына балаларға арналған тіс пастасы мен кітапшалар таратылды.

Тіпті, кейбір медицина мекемелерінде мұндай тегін стоматологиялық көмек бұдан бұрын да көрсетілген екен. Мәселен, №2 қалалық балалар ауруханасының меңгерушісі Қоңырат Ақсағатқызы 31 мамыр күні өткен осы тектес акцияға 900-ге тарта бала келгенін айтады. Ал, бұл жолы тек жарты күнде 150-дей жасөспірімге ауыз қуысының гигиенасы асқазанмен тікелей байланысты екені жайында дәріс оқылып, тегін кеңестер берілді. Бір айта кетерлігі, ашылғанына көп бола қоймаған аталмыш ауруханада аппараттардың барлығы дерлік жаңа, сондықтан мұнда қызмет сапасы да жоғары саналады.

Ал, №5 қалалық емханада ұйымдастырылған дәл осындай акцияның басы-қасында жүрген емхананың әлеуметтік қызметкері Гүлназ Шанбаеваның айтуынша, бұл жерде тұрғылықты жеріне қарай бар-жоғы сегіз көп балалы отбасы қаралады екен, дей тұрғанмен, дәрігерлер келушілердің санына шек қоймады. Тіпті, емхана стамотологы Сапар Кукиев балалардың ғана емес, ата-аналардың да өтінішін жерге қалдырмады. Шараға «Сибирское здоровье» компаниясы да атсасылып, өзінің табиғи өнімдерін көпшілікке ұсынды. Сондай-ақ, акция өткен барлық жерде «Colgate», «0ral-B», «Blend-a-med» брендті тіс пасталары таратылды.

Динара ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ,
Сапарғали ҚАНАТ,
Айгүл ӨЗЕКОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − one =