©2020 Астана Ақшамы
Зулфухар ҒАЙЫПОВ,
Астана қаласы Көлік және коммуникация колледжінің директоры, саяси ғылымдар докторы
Кез келген мемлекеттің ең басты стратегиялық объектісі туралы айтқанда, бірінші кезекте жол мәселесі алға шығады. Шынымен де, бар тіршілік күре жолдың бойында қайнайтыны анық. Сондықтан да еліміздің жол және коммуникация саласын дамыту үшін Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінді.
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» Жолдауындағы көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі тікелей біздің ұжымның жұмысымен үндес келеді. Жолдаудағы мақсат-міндеттерді жүзеге асырудағы оқу орнының әлеуетіне келетін болсақ, оған біздің толық мүмкіндігіміз бар.
Айтар болсақ, 112 білікті оқытушы қызмет ететін Көлік және коммуникация колледжі 14 мамандық бойынша темір жол, автомобиль жолдары және коммуникация саласының мамандарын даярлайды. Бүгінде бізде жалпы саны 2440 студент білім алуда. Олардың 2085-і күндізгі бөлімде, ал 355-і сырттай бөлімде оқиды. Елбасымыз Назарбаев университетінде оқыған арнайы актілі дәрісінде: «Кез келген оқу орнының рейтінгісі оның түлектерінің жұмысқа орналасуымен анықталады» деген болатын. Осы жағынан алып қарағанда, түлектеріміздің жұмысқа орналасуы 95 пайыз десек, қателеспейміз. Оның басты дәлелі – «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі арасындағы дуальдық оқыту жүйесі бойынша 2012 жылдың қараша айында жасалған үш жақты келісім. Келісімге сәйкес аталған компания біздің түлектерімізді жұмыспен толық қамтып отыр.
Екіншіден, оқу орны заманға керекті машинист, темір жол құрылысы, автомобиль жолдарының құрылысы, темір жол саласы бойынша электрик, механик және басқа да мамандарды даярлайды. Негізінен, осы аталған мамандықтар бойынша жергілікті және республикалық бюджеттен мемлекеттік гранттар бөлінеді. Ал, мемлекеттік грант бөлудің бірден-бір критерийі – түлектердің жұмысқа орналасуы мен әлеуметтік серіктестер тарапынан жасалатын келісім шарттар және олардың өндірістік практикадан өту базалары екенін ескерсек, бұл істер жақсы жолға қойылған. Әсіресе, «Автомобиль жолдары мен аэродромдарды салу» мамандығына сұраныс жыл сайын артып келеді. Оған дәлел ретінде оқу орнына қабылдау кезіндегі конкурстың жоғары екендігін айту жеткілікті және «Қазақавтожол» АҚ арасындағы келісім-шарт тағы бар. Ал, темір жол мамандықтарына келетін болсақ, түлектеріміз осы салада ең жоғары сұранысқа ие болып отыр. Еліміз егемендігін алғалы бері, 2,5 мың шақырымға жуық жаңа темір жол магистральдары салынды. Мұндай көрсеткіш бұрынғы одақ көлеміндегі бірде-бір республикада жоқ. Бұдан басқа, 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесінде қала арасында қатынайтын жеңіл рельсті көліктердің іске қосылатынын ескерсек, мұнда да колледж түлектері үшін жаңа жұмыс орындары жеткілікті болады. Осының барлығы да колледж ұжымының әлеуетінің жоғары екендігін дәлелдейді.
Мамандар даярлаудың ең басты көрсеткіші – оқу орнының материалдық-техникалық базасы десек, бұл салада да қыруар шаруалар атқарылуда. Тек соңғы 2 жылда материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін жергілікті және республикалық бюджеттен 120 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сол қаржыға Астана қаласын айтпағанда, республика деңгейінде баламасы жоқ, ең соңғы үлгідегі тренажерлар мен лабораториялар сатып алынды. Осының барлығы – колледждің білім сапасын арттыру үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар.
Түйіндеп айтқанда, біздің колледждің түлектері, яғни, жол-көлік мамандары болашақта еліміздің көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарын дамытуға үлес қосатын болады.
Зулфухар ҒАЙЫПОВ,
Астана қаласы Көлік және коммуникация колледжінің директоры,
саяси ғылымдар докторы