Тіркелмеген көлікпен алысқа ұзай алмайсың

0 25

ҚР ІІМ армян, қырғыз автокөліктерін сатып алған Қазақстан азаматтарын көліктерін тіркеуге және кедендік реттеу мен жол жүрісі саласындағы заң бұзушылықтарды жоюға шақырды. «Бұл көліктер осы кезге дейін неге тіркеуден өтпеген?» деген сұрағымызға ІІМ баспасөз қызметі «Өйткені бұған дейін шетелдік көліктердің Қазақстанда тіркелуі туралы заң нормалары болмаған, тек соңғы кезде заң нормаларына шетелдік көліктерді тіркеу туралы өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар көтеріліп, 3-4 ай бойына талқыланып, нәтижесі енді шығып жатыр» деп жауап берді. Шынымен де тіркелмеген көлікке қалай айыппұл саласың?Ведомствоның мәліметінше, бүгінгі күнге дейін елімізге Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан астам көлік әкелінген. Сонымен бірге ведомство Армения мен Қырғызстаннан әкелінген автомобильдерге қатысты бұл елдердің ЕАЭО-ға қосылуы туралы кезеңдік ережелердің болуына байланысты олардың ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында жұмыс істеуіне қатаң шектеулер бар екендігін алға тартады. Мәселен, аталған елдерде 2014 жылдан бастап 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген автомобильдер Қазақстанға уақытша кедендік баждар мен салықтарды төлеместен және кедендік баждарды төлемей, тек Қыр­ғызстан мен Армения­да тұрақты тұратын адамдарға әкелінуі мүмкін. Қазақстан азаматтары үшін Қырғызстанда және Арменияда тіркелген көлік құралдарын осы елге әкелуге және пайдалануға тек көлік құралын кедендік декларация­лау, баждарды, салықтарды төлеп және Қазақстанда көлік құралдарын тіркеген жағдайда рұқсат етіледі деп түсіндірді ІІМ.
Бүгін Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев осы мәселеге қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, тіркеу Армения мен Қырғызстаннан әкелінген автомобильдерге қатысты, бұл Ресейден әкелінген автомобильдерге қолданылмайды. «Бұл заң әрқашан болған, ережелерге сәйкес, Қазақстанға кіретін барлық автомобильдер кедендік тексеруден өтуі керек. Қырғызстан мен Армения­ға қатысты айтсақ, 2020 жылға дейін кедендік рәсімдеудің жеңілдетілген кезеңі болды. Яғни, ЕАЭО басқа мүшелеріне кедендік баж салығы едәуір төмен болды. Демек, бұл тек уақытша көлік ережелеріне сәйкес Қырғызстан мен Армения азаматтарына қатысты болуы керек. Біздің азаматтарға келетін болсақ, олар осы көліктерді толық кедендік тексеруден өткізуі керек еді. Алайда біздің азаматтар бұған мән бермейді. Сондықтан біз қазір осы заң бұзушылықтарды жою сатысына көшудеміз. Азаматтар кедендік ережені толығымен сақтауы немесе осы көлік құралдарын елден шығаруды қамтамасыз ету үшін шаралар қолданамыз. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс­те кедендік рәсімдеуден өтпеген автомобильдер үшін автотұраққа орналастырылғанға дейін жауап­кершілік қарастырылған» деді Қожаев.
Егер Қазақстан азаматы елден тыс жерде көлікке меншік құқығын тіркеген болса және оның атында көлікті тіркеу туралы куәлігі болса, онда мұндай көлік «Жол қозғалысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 66-бабының талаптарына сәйкес, сатып алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде Қазақстанда (көлік құралын тіркеу туралы куәлік берілген сәттен бастап және егер ол «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келсе – бақылаулардың сол жақта орналасуы және экологиялық кластың сақталуы) барлық төлемдер мен баждар төленеді. Осылайша, заңнама Қазақстанда шет елдерде тіркелген көлік құралдарын пайдаланудың барлық ықтимал жағдайлары мен нысандарын регламенттейді.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 2-тармағына сәйкес «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралын басқарғаны үшін жауапкершілік қарастырылған, бұл 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу және ұстау себептері жойылғанға дейін уақытша сақтау үшін арнайы орындарға орналастыру түрінде болмақ.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы кездері Қазақстанда шетелдік көлікті тіркеудің жоқтығынан заңды бұзу, шектен шығу белең алған. Яғни шетелдік көлік мінген жүргізушілердің кінәсінен 1854 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 132 адам қайтыс болып, 500-ден астам адам жарақат алған. Мәселен, өткен жылы Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтайтын автоматты жүйелер арқылы аталған көлік санаты бойынша жылдамдықты арттыру, жол ережелері сақталмауына байланысты 90 мыңнан астам (жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеден астам) бұзушылықтар анықталған.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 2 =