Тілсіз жауға тегеурінді тосқауыл

0 8

Жылыту маусымы қарсаңында Нұр-Сұлтан қалалық ­Төтенше жағдайлар департаменті жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында «Asia Park» сауда, ойын-сауық орталығында «Қазіргі заманның қаһармандары» шарасын өткізді. Онда өрт сөндіру техникалары мен арнайы құралдар, кинологиялық және құтқару жабдықтары көрмеге қойылып, халыққа өрттің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жасалатын амалдар түсіндірілді.

– Акцияның басты мақсаты – елордалықтарды жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақыру. Сондай-ақ шара арқылы қала тұрғындары мен қонақтары Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен, арнайы техникаларымен танысуға мүмкіндік алды. Сол сияқты өрттің алдын алу, тілсіз жаудың салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету алгоритмі балаларға ойын түрінде түсіндірілді, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы.
Департаменттің ұйымдастыруымен 14 тамыздан бастап қала аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» іс-шарасы тұрақты өткізіліп келеді.
– Айлық үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде біз халықтың әлеуметтік осал топтары мен жатақхана ретінде жабдықталған үйлерді аралап, жылыту маусымына дайындығын тексереміз. Қазір елордада әлеуметтік осал топқа жататын 1792 отбасы бар. Олардың бәрінде дерлік жеке баспана жоқ. Құжатта көрсетілген мекенжай бойынша барсақ, кейбірі көшіп кеткен болып шығады. Қауіп төнуі мүмкін үйлерді тегіс қамтуға осы жайт кедергі келтіріп тұр, – дейді басқарма басшысы.
Өрт сөндірушілер қала аумағындағы саяжайларды да аралап, тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережесімен таныстырып жүр. Бүгінде елорда маңындағы саяжайларда 6 мыңнан астам үй бар. Олар тек жаз мезгілінде ғана тұруға арналғандықтан, қыс айларында мұнда өрт шығу қаупі жоғары.
«Өрт қауіпсіздігі айлығы» жеке тұрғын үйлерді де қамтиды. Қазіргі таңда елордада 33 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар.
Жыл басынан бері қаладағы өрт оқиғаларының 46 пайызы жеке тұрғын үй секторында орын алған. Оның басты себебі ретінде пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, электр жабдықтарын қолдану талаптарын көзге ілмеу сынды фактілер айтылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − ten =