ТІЛСІЗ ЖАУ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

0 153

Демалыс күні елорданың онкологиялық орталығында сағат 11:00-де химиялық терапия бөлімінің «А» блогындағы бірінші қабатында өрт шарпылып, улы түтін ғимараттың екінші, одан кейін үшінші қабатына дейін барды. Міне, дәл осындай сценарийге негізделген өртке қарсы оқу-жаттығу төтенше жағдай қызметкерлері үшін арнайы өткізілді.

Жоспар бойынша, алғаш болып өртті медбике байқап, оны орталықтың бригадасына хабарлады. Ол жерден дабыл қағылып, барлық бес бөлім қызметкерлері химиялық терапия бөліміндегі 120 емделушіні қабылдау, радиология және жан сақтау бөлімдеріне көшірді. Онкологиялық орталықта техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері Бақытбек Ғалымжанов хабарлағандай, ол үшін жеке құрамның өрт сөндірушілері арнайы қоймадан 150 адамға арналған киім-кешек, дәрі-дәрмек, құтқару заттарын алып шықты. А корпусынан Б корпусына қарай көшіруге 10 минуттай уақыт кетті.

Ал бес минуттан кейін өрт сөндіру үшін көмекке екі бөлімшеден тұратын құтқарушылар жасағы және екі жедел жәрдем көлігі келді. Сонымен қатар, зардап шеккен азаматтарға дер кезінде көмек берілді.

Астана онкологиялық орталығы азаматтық қорғаныс және төтенше жағдай қызметінің меңгерушісі Балтабек Қалиевтің айтуынша, оқу-жаттығулар төтенше жағдай кезінде ғимаратта қалған адамдар мен өрт сөндірушілерге өзін-өзін ұстап, психологиялық тұрғыдан дайын болуға үйретеді.

 Айта кетейік, халық көп шоғырланған ғимараттарда өрт қауіпсіздігін тексеретін оқу-жаттығу жұмыстары қала әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасымен жүргізіліп жатыр.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 16 =