Тіліміз трендке айналсын десек…

0 263

«Қазақ тілі жойылып кететін болды. Мемлекеттік тілді ешкім елемейді» деп үйде отырып құрғақ сөзбен бас ауыртқанша, нақты іске көшетін уақыт жетті. Дүкенде тұтынушылық құқығыңызды пайдаланып, қазақша сауда жасауды талап етіңіз. Банкоматтан ақша аларда қазақ тілін таңдаңыз. Сіз қазақша сөйледі екен деп тіліңізді ешкім кесіп алмайды. «Қазақ тілі қоғам мен ғылымның тілі емес» деген стереотипті ең бірінші өзімізден бастап жоққа шығаруымыз керек. Соңғы кезде әлеуметтік желіде мемлекеттік тілді насихаттау мен талап етуге байланысты жастар тың бастамалар көтеріп жүр. Ендеше игі істің ұйытқысы болып жүрген жобалар жайлы сөз етсек.

Tez tap үстелде қалмасын

Бүгінгі таңда отырыс-жиындардың көркін қыздыратын үстел ойындары ең көп сұранысқа ие. Тарихы тереңде жатқан ойын­ның бұл түрі бұқаралық мәдениетпен бірге өріс алып келеді. ХХ ғасыр­дың басында шахмат пен нардыдан бөлек, «монополия», «теңіз шайқасы», ­«скрэббл», «риск», «колонизатор» сынды жаңа ойын түрлері танымалдылыққа ие бола бастады. Қазір мұндай ойындардың сан алуан түрі кездеседі. Бірақ бәрі орыс тілінде. Амалдың жоқтығынан үстел ойындарын тек өзге тілде ойнап келген қазақ қоғамы үшін жақында Tez tap нарыққа шықты. Көңілді кештерде таптырмас ойын қазақ тіліндегі сөздік қорыңызды арттыруға көмектесері анық. Жоба авторы Дана Қамзабек қазақ тілі газет-журналдың, теледидардың, ресми жиналыстардың шеңберінен шықса екен дейді. Өйткені мұндай «салмақты» контент тілімізге үлкен «жүк» артады. Қазақ тілі – жанды тіл, сондықтан уақытқа, ортаға, тарихқа сай өзгереді. Бұл – норма. Орысша, ағылшынша араластырып сөйлеу де норма. Ұят емес (тілімізге әбден сіңіп кеткен арабша сөздер сияқты). Ең бастысы – тілді қолдану. Ол тілде ойлану, сөйлеу, оқу, ұрысу, қалжыңдасу және ойын ойнау. Tez tap ойыны – автордың 5 жыл бойы ойында жүрген идеясы. Ойын шарты бойынша ойыншылар жұп-жұпқа бөлініп, бір-біріне картадағы сөздерді 1 минут ішінде тек қимылмен немесе мағыналас сөздермен жасырады. Табылған сөздердің санына қарай жұпқа ұпай беріледі. Ең көп ұпай жинаған жұп жеңіске жетеді.
– Жастар достарымен бас қосқан кезде уақытты қызықты өткізу үшін үстел ойындарын жиі ойнайды. Бірақ сол ойындардың бәрі орыс тілінде. Ал мен «Неге қазақшаға аударып көрмес­ке? Үстел ойындары қазақ тілінде ойналса қандай қызық болар еді!» деп ойлана бастадым. Қазақша жаңа дүние шығару – бұрыннан бергі арманым. Ойын, негізінен, отырыс-жиындарды жақсы көретін, қазақша сәл де болса сөйлей алатын жастар аудиториясына, тұтас отбасыға арналған. Ойынға деген сұраныс мен ойлағаннан әлдеқайда жоғары болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен әртүрлі жастағы азаматтардан тапсырыстар түсіп жатыр. Қазақ тілін қолданыстағы тілге айналдыру үшін, белді баспагер Раиса ­Қадыр айтқандай, қазақша бейәдеп сөздер көп болу керек. Неғұрлым қазақша ауызекі қарапайым сөздер көп болса, тіл соншалықты қолданыста. Қазақ тілін қатып қалған қалыбынан шығаруымыз қажет. «Былай айтуға болады. Ал былай айтуға болмайды» деген ережелерді ұнатпаймын. Тіл деген тірі ағза сияқты, құбылып тұрады. Сонымен қатар Қазақстанда заманауи қазақ тілді контенттер көбейсе, тілді трендке айналдыру – өз қолымызда. Tez tap болашақта аясын кеңейтіп, бірнеше ойын түрін ұсынады. Қазірдің өзінде балаларға арнап қызықты иллюстрациямен шығарудамыз. Одан бөлек, интеллектуалдық ойындар жасағымыз келеді. Жоспар жетерлік. Әлемде үстел ойындарының түрлері сан алуан. Соның барлығын қазақшаласақ керемет болар еді, – дейді жоба авторы.
Жалпы нарықта қазақша өнімдерге сұраныс айтарлықтай көп. Тек ұсыныс жоқ. Қаңырап жатқан осы бір олқылықтың орнын толтырар Дана Қамзабек сынды жастар көбейсе, руханиятымыз да, бизнесіміз де алға басар еді.

Qazaqsha jaz –қандай қозғалыс?

Мамандар «тілдің сақталуы үшін 100 мыңдай сөйлеушісі болуы керек» дейді. Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың 80 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Бұл – шамамен 18 миллион адамның 15 миллионы. Тіл өміршең болу үшін тілдік ортада сол тілдің қажеттілігі сезілуі тиіс. Өз таңдауларын жасырмай жеткізетін еліміздің қазақ тілді белсенді жастары өткен шілде айында әлеуметтік желіде Qazaqsha jaz атты қозғалысты бастаған еді. Яғни қозғалыс мүшелері Қазақстандағы қызмет көрсету, сауда-саттық саласындағы ірілі-ұсақты компаниялардың ресми парақшаларына өтіп, ақпаратты орыс тілімен қатар, мемлекеттік тілде де беруді сыпайы түрде талап етеді. Осылайша жарты жылда шамамен 140 компанияның парақшасы қазақша ақпарат бере бастады. Олардың ішінде KFC, LG, Mechta.kz, Sаmsung, Glovo, Huawei сынды шетелдік компаниялар да бар. Қозғалыс мүшелерімен тілдесіп, олардың мақсаттары мен жарты жыл ішінде жеткен нәтижелерін білген едік. Айта кететіні, аталған қозғалыс ресми тіркелмеген. Сол себепті сұхбат беруші белсенділер аты-жөнін жария еткісі келмеді. Qazaqsha jaz қозғалысы 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі ұйымы өткізген іс-шарада «Жыл бас­тамасы» номинациясында жеңімпаз атанды. Қозғалыс белсенділері Telegram мессенджерін қазақшаға аударып, Qazaqsha jaz-дың аймақтық парақшаларын іске қосты. Қозғалыс ықпалымен Kaspi bank өзінің мобильді қосымшасын қазақшаға аударды. Еліміздің түкпір-түкпірінен мақсаты ортақ 5000-нан астам адам жұмылып, осынша жетістікке жеткені қуантады.
– Компаниялардан қазақша ақпарат беруін сұрап, жаңалық ашқан жоқпыз. Біздің белсенділер біз ашылмай тұрып та сауда орындарында, қызмет көрсететін мекемелерде қазақша ақпарат талап етіп жүрген. Біз тек әуеде қалқып жүрген идеяны жүйелеп, бір чатқа біріктіріп, нақты әрекет алаңын белгілеп, ұйымдасқан әрі мәдениетті түрде тұтынушы құқығымызды сұрауды қолға алдық. Қазір Шымкент, Атырау, Ақтау, Тараз қалаларында аймақтық чаттар жұмыс істеуде. Он әкімшіміз, мыңдаған қолдаушымыз бар. Желіде күнделікті қазақша жазбайтын бір нысанға барып, талап-тілегімізді айтамыз. Қозғалысты 7 адам басқарады, жалпы 10 шақты адам парақшаларымызды жүргізеді, бірақ бізде басшы жоқ, бәрі – тең құқықты белсенді азаматтар. Қазақ тілін күнделікті тұрмыс тіліне айналдыру үшін ең алдымен өзімізден бастауымыз керек және ол бастамалар міндетті түрде тілдің практикалық жағын қамтуы тиіс. Ол үшін кез келген мекемеге хабарласқанда қазақша амандасыңыз, телефоныңыз бен ондағы қосымшалардың тілін қазақ тіліне өзгертіңіз, банкоматтан қазақ тілін таңдаңыз, сол сияқты күнделікті өмірде тілімізді өзіңізден бастап қолданысқа енгізіңіз. Мұның бәрі не үшін маңызды? Әрбір мекеме, компания, мобильді қосымша, сайт тіл статистикасын жүргізеді. Оларға қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрап келетіндер неғұрлым көп болса, тіл жайлы соғұрлым көп ойлана бастайды, – деді олар.

Qazwrite: білмесең үйретеді

Соңғы жылдары мектеп оқушысынан бастап қызмет атқарып жүрген азаматтарға дейін сауаттылыққа мән беруді қойған. Әсіресе, әлеу­меттік желіде көптің көз алдында жүрген тұлғалардың қатеден көз сүрінетін жазбаларын оқығанда жерге кіріп кетердей ұяласың. Сауатсыздыққа бойымыз үйреніп, оны кемшілік санамай жүре берудің соңы жақсылыққа соқпасы аян. Желіде сауатсыздықпен күресіп, қателерді теріп жүрген Qazwrite жобасының жүзеге аса бастағанына небәрі 7 ай болса да тұрақты аудитория қалыптастырған.– Былай қарасақ, жоба парақшасында жоғары талапты қанағаттандыратын контент жоқ. Түрлі көз жанарын алатын түрлі түсті стористер де жоқ, алайда білім, ақпарат, факт, методика бар. Соны оқыр­ман жоғары бағалайды. Қазақша сапалы контенттің көбеюінің арқасында қазір қазақ аудиториясы санын да, сапасын да арттыруда. Тоқсаныншы жылдары тіл күрмеуде болып, 2010 жылдары жақсы белең алды. Ал бүгінде қайта шұбарлануда. Себебі еліміз дамудың қарқынды жолына түсті. «Іс қағаздың тілі – орыс тілі», «техниканікі – ағылшын» деп тілді теңдей бөліп бердік. Мемлекеттік тіліміз соңғы кездері тіпті тұрмыстық деңгейде де өз миссиясын толық атқара алмай тұр. «Қазақ тілі – қиын тіл. Тіпті қазақтар өз тілінде сөйлей алмайды» деген таптаурын пікірді күнделікті өмірде жиі естиміз. Қиын нәрсені тануға, білуге адамның құлшынысы арта ма? Әлбетте, жоқ. Мен қазір осы қазақ тіліне өзіміз таңып қойған «қиын» деген тіркеспен күресіп, оны оңайлатуға, жеңілдетуге тырысып жүрмін. Оны жоба парақшасынан көруге болады. Оқырмандарға күнделікті өмірде жиі кездесетін қателерді көрсетіп, талдап, дұрысын ұсынамын. Соның арқасында қазақша сауатты жазатын желі қолданушылары қалыптасуда, – деді жоба жетекшісі Айна Ғизатқызы.

Қайта жаңғыртсақ айып па?

– Міндетті түрде қазақ тілін заман талабына сай қайта жаңғыртып, реформалау керек. Бүгін қазақ тілінің тағдыры қалт-құлт етіп тұрса – ол ғылыми тұрғыда реформаның жүрмегенінен. Біз сол тілдің мәселесін тек конференция мен публиканың алдында алдарқатып келе жатыр­мыз. Ал шындығында ғылыми тұрғыда бұл мәселе – таза лингвистердің айналысатын мәселесі. Өкінішке қарай, тіл саласын басқарғандардың барлығы – лингвистикаға қатысы жоқ басқа саланың адамдары. Қазақ тілі мәселесінің шешілмеуі әдістемелік тұрғыдан арнайы платформаның жасалмауында жатыр. Тілді стандарттау керек. Мысалы, қазір өзге тілдегі мәтінді Google-аудармаға салып қазақшалап көріңізші, бей-берекет ешкім ұқпайтын тілде аударып береді. «Лидер» деген бір сөздің өзін «ұлттың серкесі, көшбасшы» деген сияқты қаншама сөзбен сипаттаймыз. Ал стандарттағанда осы сөздің тек бір нұсқасын ғана алуымыз тиіс. Екіншіден, біздің саясат қазақ тіліне мүдделі емес. Тіліміздің ұшпаққа шығуына нақты заң мен нақты тапсырма қажет. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенмен мәселе толық өзгермейді. Жасыратыны жоқ, Парламент пен заңның қазақ тілінде сөйлемегендігінен мемлекеттік корпуста тіліміз мүшкіл күйде. Тіл мәселесін тек алфавитті ауыстырып шешу – утопия. Ең алдымен қоғамда тілге деген түсінікті өзгерту керек, – дейді алаштанушы Ықылас Ожай.
Оның айтуынша, тілдерді араластырып сөйлеу­ден қазақ тілі жойылады деу – қате пікір. Қазақ тілі сұранысқа ие болу үшін ол тіршіліктің көзіне айналуы тиіс. Әлеуметтік желіде ағылшынша, орысша 3 айда үйретемін деген жарнама қаптап жүр де, қазақша үйретемін деген жарнама жоқ. Неліктен? Себебі ол тілде тіршілік жоқ. Ол тілде нан да, ақпарат та жоқ. Сондықтан қазақша кім үйренеді? Тілді сұранысқа ие ету үшін арнайы заң қабылданып, тіл жастар арасында сәнге айналуы тиіс.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + four =