Тілге жанашырлық айқаймен емес, іспен көрсетілсе

0 242

Жас келсе, іске деген сөздің жаны бар. Ал жастар, әсіресе мемлекеттік тілдің туының астына біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Сондықтан «Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты Нұр-Сұлтан қаласында Жастар форумын өткізсек» дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының атқарушы директоры Лариса АЛДАБЕРГЕНОВА бізбен сұқбатында.– Күні кешеге дейін «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы көлеңкеде қалды деп бірі жанашырлық білдірсе, бірі сынап жатты. Осыған қандай уәж айтар едіңіз?
– Біткен іске сыншы көп қой. Әңгімеміздің әлқиссасын уәжден емес, рұқсат болса аталған қоғамның мақсаты мен атқарған ауқымды істерінен бастасақ. Өйткені қоғамның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының жүгін арқалаған бетте ең алдымен бұл ұйымның кешегісі мен бүгіні жайлы ақпараттар мен деректер жинақтауға кірістім. Атап айтатын болсақ, қоғамның негізгі мақсаты – қазақ тілінің өрісін кеңейту, мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайту, ел өмірінің бар саласында толыққанды қызмет етуіне қолдау көрсету болады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қоғам бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді.
Бірінші бағыты – елдің санасын ояту. Осы бағыт аясында қоғам аз ғана уақыт ішінде республиканың бүкіл аумағын қамтыды. Еліміздің бүкіл облыс орталықтары мен қалаларында, аудандарында өзінің филиалдар желісін құрды. Мыңдаған бастауыш ұйымдары, ірі-ірі кәсіпорындарда біріккен комитеттері ашылды. Бұлардың барлығы ұлттық рухтан қуат алған елшіл азаматтардың өз ынта-жігерімен, қолдап-қуаттауымен жүзеге асып отырған.
Сонымен бірге ұлттық санаға қозғау салар қуатты қару – баспасөз ашуға көңіл бөлінді. Республикалық «Ана тілі» газеті ашылып, ол 100 мыңнан астам таралыммен тараған. Бұдан бөлек, «Қазақ тілі» қоғамының өңірлік ұйымдары тарапынан үлкенді-кішілі 30-ға жуық газет-журнал жарық көрді.
Қоғам жанынан «Тіл тағ­лымы» халықтық универ­ситеті құрылып, оның ая­сында елімізге белгілі ға­лым­дар, қоғам қайраткер­лері, интеллектуал тұл­ғалар ұлттық рух, тіл, тарих, діл жайында көпшілікке арнап ақысыз дәрістер оқып отыр­ған.
Қоғам тек ел ішімен ғана шектелмей, шетелдегі қазақтармен де тығыз қарым-­қатынас орнатып, сырттағы қандастар арасында да өз бөлімшелерін ұйымдастырады. Соның арқасында дүние жүзіндегі қандастарымыздың тұңғыш құрылтайының өтуіне, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының ашылуына ұйытқы болады. Қамту аумағы мен кеңістігінің ауқымына орай халықаралық мәртебеге ие болады.
Екінші бағыты – тілдік инфрақұрылым қалыптас­тыру. Қоғам ендігі жерде мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тілімізге мемлекеттік қамқорлық қажеттігін тұрақты көтеріп, осы мәселемен арнайы айналысатын ресми орган – Тіл комитетінің құрылуына қол жеткізеді. Соның нәтижесінде бүкіл облыстар мен қалалардағы әкімдіктерде ресми тіл басқармалары, тіл бөлімдері құрылды. Барша ұйымдарда аудармашылар институты пайда болды. Тілдің қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Қазақ балабақшалары мен мектептерінің саны артты. Міне, кезінде осындай қарқынды жұмыс жасап, ұлт мүддесі жолында ұйысқан «Қазақ тілі» қоғамының бүгінгі тағдыры кезінде өзі ашуға мұрындық болған Тіл комитеті мен Тіл басқармаларына сондай-ақ, жергілікті әкімдіктерге тікелей байланысты дер едім.
– Сонда «Қазақ тілі» қоғамының ендігі тағдыры әкімдіктің қолында ма? Бұлай деуіңізге не себеп?
– Себебі қоғамның филиал­дары кез келген облыста бар. Жұмыс істейміз деп, әкімдікке барса тіл басқармасына, тіл басқармасына барса, әкімдікке сілтемей немесе қоғамдық ұйым ғой деп немқұрайлы қарамай «брендке айналып үлгерген» Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын күшейтуге атсалысуымыз керек. Соның ішінде БАҚ өкілдері, қоғам сұранысына орай әлгі блогер т.б. бәрі де қоғамның жоғарыдағыдай елеулі еңбектерін ескере отырып тек тіл мерекесі қарсаңында ғана еске алмай, бұл қоғамдық ұйымның күнделікті өмірде қажеттілігін сезіндірсе игі еді. Өйткені кейде өзім біртүрлі қысыламын. (күліп) 2018 жылы қоғамның Астана филиалының құжаттары қолыма тапсырылғалы бері, жарғақ құлағым жастыққа тимей жүгірумен келемін. Осы әрекеттерім барысында талай жаспен де, жасамыспен де кездестім. Бірі бағытың дұрыс десе, енді бірі әсіресе жастар мемлекеттен қолдау болып, қаржы бөлінбесе өздерінің беталды жүгіріп жұмыс істемейтіндіктерін ашық айтты. Ең бастысы, биыл өзімнің бұл қоғамнан тыс атқарып отыр­ған кәсібімде жинақтаған тәжірибелеріме сүйене отырып, жан-жақты ізденіп қала әкімдігінің бірер жобасына қатыстық.
– Лариса, сіз бұл қоғамға қалай келдіңіз? Сондай-ақ әңгімемізге арқау болып отырған филиал құрамында кімдер бар?
– Бұл қоғамға келуімді мен Астанаға келген жылдарыммен байланыстырамын. Жалпы Астанаға, «Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыс­тық филиалында қызмет атқарып жүріп, «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деп жазған кішкентай бір мақаламмен келіп едім. Ол әрине, ұзақ әңгіме… Айтайын дегенім, Астанада магистратура оқып жүріп «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде даму тарихы» атты диссертациялық жұмыс қорғадым. Содан бері менде қазақ тілінің тағдыры жолындағы істерге бейжай қарай алмайтын дағды қалыптас­ты. Осы диссертация­лық жұмыс барысында қалада бір кездері саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлының идея­сымен ашылған «Қазақ тілі мен әдебиеті қауымдастығы коорпаративтік қорында да» біраз тер төктім. Соны байқаған Берік ағамыз, 2018 жылдың қазан айында менің қолыма Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының жұмысын тапсырды. Берік Әбдіғалиұлындай ел ағасының сенімін ақтау жолында кей жағдайларда қиналсам да (офис жоқ, т.б.) қиыннан қиылыстырып әрекет етумен келемін. Осы тұста ерекше атап өтетін жайт өткен жылдың қазан айында филиалымызға жан кіріп, толығып Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Берік Әбдіғалиұлы төраға орынбасарлығына «Elorda Aqparat» ЖШС басшысы Жарқын Түсіпбекұлын сайлап, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауына кіріп қоғам жұмысына қолдау білдіруге уағдаласты. Бүгінде фи­лиал құрамында аты аталған кісілерден тыс Астанада филиалы қайта ашылған 2012 жылдан бері төрайым болған Назгүл Абдрахманова апайымыз кеңесші болып қызмет атқарады. Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин, «Ахмет Байтұрсынұлы Білім академиясы» мекемесінің директоры Ұлан Еркінбаев, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының редактор-аудармашысы Әділбек Жапақ, Еуразия гуманитарлық институтының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Шаймерденова, Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай, НЗМ ПШО аға менеджері, халықаралық деңгейдегі тренер Салтанат Ахметова, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Мемлекеттік тіл бөлімінің басшысы, журналист-блогер Ақсұлу Саңғали сынды бірқатар тұлғалар филиал мүшелері болып саналады.
– «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының құрылғанына да биыл 30 жылдан асты. Осы жылдар ішінде талай мәрте сынға да ілікті. Десек те, қоғам құрамында осы кезге дейін жанкешті еңбек еткен аға буынның жұмысын жоққа шығаруға бола ма?
– Әрине, болмайды. Жалпы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өмірге келуіне халқымыздың азаттыққа ұмтылған рухы, тәуелсіздікті көксеген ой-­арманы түрткі болғаны көпшілікке аян. Әйгілі 1986 жылғы қазақ жастарының желтоқсан көтерілісі осынау халықтық қозғалысқа алғышарт жасады. Соның арқасында 1989 жылы сол кездегі ел астанасы – Алматы қаласында белгілі тілші-ғалым, академик Әбдуәли Қайдардың бастамасымен, жалпы жұртшылықтың қолдауымен және қайраткер тұлға Өзбекәлі Жәнібеков­тің, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаевтың қамқорлығымен республикалық «Қазақ тілі» қоғамы (Қоғам) құрылады. Бірінші Құрылтайда Академик Ә.Қайдар осы қоғамның президенті, ал академик Өмірзақ Айтбайұлы вице-президенті болып сайланады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебе алғанына былтыр 30 жыл толуы қарсаңында бізге филиал төрағасы жан-жақты тапсырма берді. Мәселен, «Осыдан 30 жыл бұрын Нұр-Сұлтан айналасында (Целиноград кезінде) қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі үшін күресіп, қызметінен кеткен т.б. тіл жанашырларын іздеп табыңдар, сондай азаматтарды қала әкімінің марапатына ұсынайық» деген болатын. Содан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, бір кездері облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына ұйытқы болған Алдан Смайыл, ҚР дипломатиясына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Сайлау Батыршаұлы сияқты елжанды ағалармен сұхбаттастым. Ендеше осындай таутұлғаларымыздың төккен терін, жұмысын жоққа шығарып емес, керісінше тәжірибесін бүгінге лайықтап қолдануымыз қажет. Өйткені мемлекеттік тілдің беделін көтеріп, оны қазіргі заманғы ғылыми-техникалық өркениет тіліне айналдыру баршамыздың аса маңызды міндетіміз деп білетін Алдан Смайыл ағамыз 1990 жылы Целиноград қаласында облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына ұйытқы болды және оның төрағалығына сайланды. Қоғам осы тектес ұйым­дардың республикадағы алғашқы қарлығашы еді. Бір кездері орыстанып кеткен Ақмола облысын қазақыландыруға бар күш-жігерін, абырой-­беделін салды. Есіңізде шығар, «Мемлекеттік тіл ақ­параттандыру тіліне айналуы тиіс» деп Үкіметке депутаттық сауал жолдаған алғашқылардың бірі. Сонда қазақ тіліне қатысты бірқатар міндеттерді атап көрсеткен еді. Өкінішке қарай, оған да10 жылдан асты. Бәрі баяу орындалуда. Алайда рухани тазалық жолында күресуіміз керек деген тіл, ұлт жанашырының тәжірибелерін неге пайдаланбасқа?
– Шыны керек, еліміздегі тіл басқармаларының жұмыс көбіне байқаулар өткізіп, алғыс хат беруден аспай жататын сияқты. Одан да құнды, салмақты істер қашан, қалай қолға алыну керек деп ойлайсыз?
– Меніңше қашан, қалай деп ойланып отыруға уақыт жоқ секілді. Тіл басқармалары, тіл орталықтары оның ішінде біз де бармыз, тілін әлемдік деңгейге көтерген шетелдердің методикасына «дұрыстап» мән беру керек. Осы тұста өзімнен бастасам, филиал төрағасының «эксклюзив жобалар жазыңдар» деген тапсырмасымен атқарушы директор ретінде еліміздегі мықты-мықты тіл мамандары мен эксперттердің кеңесіне жүгініп көрдім.
Әрине, ол кісілер жарқ-жұрқ етіп жиі көзге түсіп жүргендер емес, тіл саласында өзіндік практикасы бар, айтары бар мәселен қазақ тілінің онлайн платформасын қалыптастыратын сайттардан бастап, бізде әлі жоқ ютуб каналдарының құрылымын жасауды ұсынған сауатты hәм жауапты тіл мамандары мен эксперттер. Алайда бұл ұсыныстардың бәрі қыруар қаржыға келіп тіреледі. 30 жылдан бері тіл саласына бөлініп жатқан қаржы жоқ емес, бар. Алдағы уақытта ең бірінші біз ас­таналықтар көш бастап жоғарыда тоқталған әдіс­тер арқылы қазақ тілінің қолданыстағы аясын кеңейтуге бастамашы болсақ деген тілек бар. Ол үшін тек Тіл басқармасы емес, қала әкімдігі қатаң бақылауға алып, Ішкі саясат басқармасы, Білім басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы сынды басқармалармен жұмыла кіріссек алынбайтын асу жоқ.
– Жақында Халықаралық Қазақ тілі қоғамының вице-президенті Құсман Шалабаев бір сұқбатында «Ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден бас­талады» дей келіп, қоғам жұмысын жастар қолға алу керек деді. Ұлтын, ті­лін қадірлейтін жас ретінде ендігі жұмысты қалай жалғастырмақшысыздар?
– Жас ретінде демекші, өткен жастар жылында мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты Нұр-Сұлтан қаласында Жастар форумын өткізсек деп талпынған болатынбыз. Жастар форумы өткен жағдайда: қазақ тілінің бүгіні мен ертеңін, мемлекеттік тіл ретіндегі қолдану аясын кеңейтудің стратегиялық бағыттарын талқылап Нұр-Сұлтан қаласы деңгейіндегі шешімдерін ұсыну;
Жастар арасында қазақ тілінің дамуына жастарды жұмылдыру, оның ішінде танымал фильмдерді қазақ тілінде сапалы дыбыс­тау, қазақ тіліндегі және әлемдік деңгейдегі әйгілі кітаптардың қазақ тіліндегі нұсқаларын дәріптеу, компьютерлік ойындар мен мобильді қосымшалардың қазақ тіліндегі нұсқаларын жандандыру сияқты амалдардың «нақты» қадамдарын жасау; тіл мамандары мен ғалымдармен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласы аумағындағы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі даму жолы туралы зерттеу жұмысын әзірлеу секілді ауқымды істерді қолға аламыз деп жоспарлаған едік.
Өкінішке қарай, келесі жылға яғни, биылға қалдырылды. Биыл әне-міне деп жатқанда әлемді әбігерге салған пандемия басталып әлекпіз. Дей тұрғанмен, жоғарыда аталған басқармалармен бірлесіп мемлекеттік тілдің стратегиялық жоспарын жасар болсақ, алдымен осы Жастар форумынан бастаған жөн болатын тәрізді. Олай дейтінім, өзіңіз тілге тиек еткен Құсман Шалабаев ағамыз да жастарды ұсынып отыр емес пе?! Сондай-ақ биылғы Абай атамыздың 175 жылдығына орай да біраз идея­лар жүр қоржынымызда. Елдегі жағдайға орай оны онлайн жүзеге асырудың да жолын қарастырып қойдық. Әрине, оны қолдап тыңдайтын құлақ, көретін көз болса ғылымға мұқтаж еліміз үшін аса бір ауқымды жоба дер едім.
– Қалалық Қазақ тілі қоғамының бүгінгі жаңа лебін естіп қуанып отырмыз, осы жаңалықтардың қатарында әлеуметтік желіні жандандыру ойларыңызда бар ма? Себебі қазір оқырман да, көрермен де әлеуметтік желіден көз жазбайтыны белгілі.
– Иә, ол іс қолға алынды. @qazaqtili_qogamy парақшасы өз жұмысын бастады. Аталған парақша арқылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының да халыққа қазақ тіліне деген мотивация сыйлай алатын сұхбаттар жасап, маңызы бар мәселелер көтеріп, түбірі бар тетіктер ұсынып, түрлі шаралар ұйымдастырсақ деген жоспарымыз жасалды.
– Тілдің шұбарлануы – ұлтқа төнген қауіп. Бұл сөзді айтып келе жатқанымызға қанша жыл болды? Бірақ тіл шұбарлауды бәрібір қоймай жатырмыз. Бұл заңмен ғана реттелетін дүние ме? Қоғамның осы бағыттағы жоспарын айтсаңыз.
– Өзіңіз жақсы білесіз, елімізде «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына биыл 30 жылдан асса да, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейтіліп, дамытылуына байланысты толғақты мәселелер күн тәртібінен түспей келеді. Салада қаншама қыруар іс атқарылғанымен, қоғамда ана тіліміз экономика тіліне ауыса алмауда деген көзқарас қалыптасып отыр.
Ал шын мәнінде қазақ тілі экономикалық тіл деңгейінде тұтынуға жарамай отырған жоқ, жарата алмай, ұқсата алмай отырмыз. Былайша айтқанда, жібекті түте алмай жүн ет­­­кен­нің кері. Осы орайда тіл білімінің алғы шебінде жүрген, әлемдік тәжірибеге сүйене білетін көрнекті тіл мамандарының атсалысуы­мен қайта қарап, сүз­гіден өткізе отырып, латыннегізді қазақша-ағылшынша, қазақша-қытайша сынды
т.б. сөздіктер көп­томды­ғын, онлайн плат­фор­ма­ларын жарыққа шы­ғару­дың мезгілі пісіп-жетіл­ді деген пікірдеміз.
Елімізде латыннегізді қазақ әліпбиінің енгізілуі жайы да ойлантады. Осы орайда республикалық «Қазақ ұстазы» журналының Бас редакторы ретінде Лондон қаласында 2015 жылғы 25 желтоқсанда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып өткізілген Еуропа жастарының конференция­сына қатысып, бұл кезек күттірмейтін мәселе екенін зерделеп қайтқан болатынмын. Содан бергі уақыт ішінде тіл мамандарымен кеңесіп, әлемдік деңгейдегі тіл үйрету әдістемелеріне жүгіне отырып, Лондондағы «Еуропа қазақтары», Бельгиядағы «Шаңырақ» қоғамы сынды бірқатар қоғамдық ұйымдардың басшыларымен бірлесе жұмыстар жүргізудің нәтижесінде қазақ тілін латын графикасы және ағылшын тілі арқылы үйретудің жаңа жобаларын (youtube және онлайн платформа негізінде) әзірлеп шықтық.
– Қоғамның мақсатты жоспарларының ішінде тілдікті, бірлікті, ізгілікті, қайырымдылықты насихаттау қаншалықты жолға қойылған?
– Аталған игі істер – қоғам мақсатымен егіз. Біз­дің қалада бастап отыр­ған алғашқы жобамыз тіл тақырыбында емес, қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас­тамасымен «Интернаттан кейінгі және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау» жобасы арқылы осы қайы­рымды істерден бастау алып тұр. Біз сондай-ақ мынаны ұғына бастадық, Мемлекеттік тілдің мәртебесін арнайы бір топты жасақтап алып, «тіл-тіл» деп ұрандатпай-ақ, әлеуметтік жобалар арқылы да тіл тағдырын шешудің жолдары бар екенін. Яғни, оны таяуда қолымызға алған «Интернаттан кейінгі және жетім балалар мен ата-­анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау» жобасы барысында көз жеткізе бастадық. Мәселен, аталған статус­тағы балалардың дені өзге ұлт өкілдерінің немесе балалар үйінде тәрбиеленген қазақ баласының өзі орыс тілді екенін ескере отырып, саналы түрде сауалнамамыз­ды тек қана қазақ тілінде ұсындық. Қажеттілік адамға қашанда талпыныс сыйлайды емес пе, біз осы сауалнаманы ешқандай артық сөзге бармай қазақ тілінде толтырып жатқандығын байқап отырмыз. Әрбір мекеме соның ішінде банк, ХҚКО сынды халықтың күнделікті қажеттілігі туындайтын мекемелерде де дәл осы үлгі қатаң қолға алынса….
Өзім әрдайым жеке құжаттарыммен бір мемлекеттік органға кіріп құжат толтыру барысында қазақ тіліндегі формасын талап етем, сонда мамандар еш­қандай қысылмастан «қазақ тіліндегі нұсқасы қиын ғой, түк түсінбейсіз, одан да осы орыс тіліндегі формаға мен айтып отырайын, сіз толтырыңыз» деп ақыл айтады. Мұны бір керемет жаңалық деп айта алмаймын, бұл – біздегі күнделікті тілдік ахуал. Міне, осындай олқылықтар қайдан кетіп жатыр, осының астарына тәжірибелі мамандармен бірге үңіліп, оны шешудің тетіктерін жүзеге асырғанымыз ләзім.
Әңгімеңізге рахмет!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − one =