Тілге құрмет – елге құрмет

0 407

Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап, еліміз өркениет пен мәдениет бәйгесінде ілгері кеткен елдердің алды болудың қамын қылып жатыр. Ал, өркениет пен мәдениеттің негізгі қайнар бұлағы – білім. Білімге тіл арқылы жететініміз анық.

Діндар-ақын, фольклоршы, көрнекті Алаш қайраткері – Ғұмар Қараш «Ана тілін білуден ұлттың білім-өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім-өнер таратуға мүмкін емес. Ең әуелі ана тілін білу қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың білімі де, өнері де өршімейді. Тіл мүмкіндігінше сақталуға тиіс» дейді. Тілі өркендемеген ел ұлттық мемлекет болып салтанат құра алмайды. Тіл – ұлтты тарихи тамырымен тұтастандырып, ұлттың ұйысуына бастайды.
Қазіргі қазақ баласы шет тілдерді қалауынша біле берсін, заманның талабы сол, одан ешкім ұтылмайды. Бірақ, қазақ тілін барша тілден асырып біл! Қадыр ақын айтқандай «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!». Осы тұрғыда Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедұлы «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілді еліктей беруі зор хата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек» дейді. Нағыз қазақ өз ана тілін зор тұтып, бұрынғы асқақ бабалардай рухты болуы керек! Рух – ана тілмен тығыз байланысты құдірет! Рух – ана тілінен тамыр алып, бүкіл жан дүниеңді оятып, ұлт екеніңді сезіндіреді.
Тілге құрмет – алдымен өзіңе құрмет! Ал, ана тілін жетік білмейтіндерге тіл үйрету баршамызға ортақ міндет. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатқаны анық.
Саған айтам қазақтың қара көзі,
Басталды ғой заманның жаңа кезі.
Үйрет оған өз тілін, ана тілін,
Басқа тілді үйреніп алады өзі – деп қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиев жырлағандай әр азамат өз жанұясына, балаларына, жақындарына, жолдастарына қазақ тілін үйретіп, ана тілінде сөйлеушілер қатарын көбейтуге үлес қосуы керек. «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті.

Еркебұлан ЕРБОЛАТҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы
«Руханият» КММ-нің бөлім басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =