©2020 Астана Ақшамы
Тілендиев әлемі – би тілінде
«Наз» мемлекеттік би театры Халықаралық би күніне орай дәулескер күйші, көрнекті композитор, дара дирижер, КСРО халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Нұрғиса» хореографиялық спектаклін ұсынды.
2025 жылы тұғырлы тұлғаның туғанына 100 жыл толады. Таяуда «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің жетекшісі Динара Тілендиеваны қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы маңызды оқиғаны кең көлемде атап өту қажеттігін айтты.
«Наз» мемлекеттік би театры бірнеше жыл бұрын қазақ музыкасы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан аңыз адамның өмірі мен шығармашылығын би өнеріне арқау етті. Бұл – композитордың ғұмырнамасын баян еткен, «Дүниеге келуі», «Балалық шағы», «Жастық шағы», «Шыңдалу», «Алып тұлға» деп бес кезеңге бөлген портреттік қойылым десе де болады. Хореографиялық спектакльде Нұрғиса Тілендиевтің 30-дан астам төл шығармасы орындалды.
Кәсіби би театр әртістерінің орындауында өткен қойылым сәнді костюмдер мен ұтымды режиссерлік шешімі арқылы көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Қазыналы қарттар мен кішкентай балақайларға дейін қол шапалақтап, ерекше күйде болды.
Қойылымға «Балақай» балабақшасының бүлдіршіндері қатысты. Кішкентай бишілерді сахнаға дайындаған – белгілі биші Ержан Құдайбергенов.