Тілектес МЕЙРАМОВ, Қазақстанның халық әртісі: Таптаурын жол талантты тұсайды

0 215

Тілектес Мейрамовты алғаш көргенде қазақ көп айтатын тектілік деген ұғым ойымызға келді. Асыра айтып отырған жоқпыз, бірақ осы сөздің ауқымына ағамыздың бекзат болмысы толық сыяды. Театр сахнасында талай басты рөлдерді орындап, өзінің жоғары мәдениетімен, эстетикалық талғампаздығымен, актерлік ізденімпаздығымен көрерменді тәнті ете білген тұлғаның азаматтық қыры да өзгеше. Ел алдындағы еңбегі де бағаланып, Қазақстанның халық әртісі атанды. Бүгінгі таңда елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде теа-тр әлеміне талпынған талантты жастардың ұстазы. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының белді актері. Қалай айтсақ та, ағамыздың өмірі мен өнер жолы бір көркем кітап секілді. Біз оны сұхбат барысында жақынырақ білдік.

Тилектес - копия

МӘМБЕТОВТІҢ МЕКТЕБІНЕН ӨТТІМ
– Аға, сіз ұзақ жылдар бойы Алматыдағы әкем­театрда, Ға­бит Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық ба­лалар және жасөспірімдер театрында еңбек еттіңіз. Бү­гінгі таңда Астанадасыз. Кей­бір өнер адамдары елордаға кө­шіп келгеннен кейін екінші тыны­сым ашылып, жаңаша өріс таптым деп айтып жатады. Ал Арқаның төсіндегі бас қаламыздың сіздің шығар­ма­шылығыңызға әсері тиді ме?
– Осыдан он жылдай бұрын елордада жастар театры ашыл­мақ болды да, мен соған көр­кемдік жетекші болуға шақы­рылдым. Енді ол біріншіден шығармашылық, екіншіден, әкімшілік жұмыс қой. Жалпы, менің ойымда әлемі мен эстетикасы бөлек, өзгеше театр ашсам ғой дейтін мақсат әуелден болатын. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Грузия, Армения секілді елдерге гастрольдік сапармен барғанда, онда жастар мен эксперименталды театрлар жоғары деңгейде дамығанын байқап, қызығушы едім. Бір жағынан соны көргендіктен бе, ойын өрнегі өзгеше, актер­лердің қарым-қабілеті мен адами қатынасы бөлек, дәлірек айтқанда, мүлде басқаша өнер ордасы болса дейтінмін. Бірақ, бұл ойым менің тарапымнан толық іске аспады. Әрине, басқа да себептері болды, дегенмен, өзімнің де кінәм бар екенін жасырмаймын. Қысқасы, жастар театрынан кетіп қалдым. Ал өнер адамы ретінде бас қаладағы Қаллеки театрының сол кездегі директоры Еркін Жуасбектің әдейілеп шақыруымен жастарда көркемдік жетекші, осында актер болып, сахналанған қойылымдардағы бейнелерді сомдап жүрдім.
Шынымды айтсам, бас ша­һарға көшіп келгенмен актер ретінде творчество жағынан ұтыл­дым. Оны ашық айтамын. Өйт­кені, өзім қызмет істеген әкем­театрдағы жағдай басқаша еді. Әрине, астаналық театрда рөлден кенде болған жоқпын. Бұйырғанды ойнап жүрмін. Бірақ, Әуезов театрындағы қазандай қайнап жатқан шығармашылық өмір жоқ. Әлде жасымыз келді ме, болмаса басқа себебі бар ма, оған терең бойламадым. Кейде Алматыдағы театрда қойылған спектакльдерді телеарнадан немесе мерзімді баспасөзде жарық көрген мақаладан оқығанда: «Шіркін ай, анау мен ойнайтын кейіпкер екен» деп қынжылатын кездерім көп. Оны да жасырғым келмейді. Сол Ұлы суреткер атындағы өнер ордасында жүргенде кем дегенде жылына ұсақ рөлдерді айтпағанда 5-6 басты кейіпкерді сомдайтын едім. Түйіндеп айтсам, бұрын сүйгенімді, қазір қолыма тигенді ғана ойнап жүрмін.
– Жалпы, еліміздегі кәсіби театр өнерінің тарихы сон­шалықты бай дей алмаймыз. Әрі кетсе бір ғасырға тартады. Сонда да осы өнер саласы ерекше екпінмен дамыды. Әрине, оның басында біршоғыр талантты тұлғалар болғанын білеміз. Ал қазақ режиссурасы туралы не айтар едіңіз?
– Ретті жерде режиссура жайында шымбайға тигізіп айтқан кездерім болды. Оны біреулер қолдады, келесілер «Біз неге барды көрмейміз, кемшілікті ғана көреміз» деген қарсы пікір білдірді. Мүмкін, ол да жөн сөз болар. Дегенмен, өз басым әйгілі тұлға Мәмбетовтің мектебінен өттім. Жалғыз мен емес, біздің буын, тіпті, алдымыздағы аға толқын ол кісімен етене жақын жұмыс істеді. Сол Әзекеңнің туындыларымен салыстырғанда, бүгінгі режиссура солғын, әлсіз. Оны мойындау керек. Әрине, мүлде жоқ деуге келмес, бірсыдырғы тәуір, татымды дүниелер болғанмен, құбылыс ретінде бағаланатын режиссура жоқ. Жүлде алып, марапатталып жатады, оның барлығы жақсы, қарсы емеспін. Өзім де соған қа­тысып жүрмін. Ал режиссуралық тұрғыдан келгенде тың шешім, соны ой айтылмайды.
Мәмбетовтің тұсында да өткінші қойылымдар болды, оның барлық спектакльдері шедевр болды деп артық сөйлегім келмейді. Алайда, Әзекең үш немесе төрт жылда құбылыс деп ауыз толтырып айтатындай дәрежеде қойылым шығаратын. Мәселен, өткен ға­сырдың жетпісінші жылдардың басындағы «Ана – Жер – Ана», одан кейінгі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қан мен Тер» және «Қобыланды» болып кете береді. «Қобыландыны» кезінде көп адам бағаламады. Оны режиссер дәстүрлі тұрмыс-салттан гөрі, романтикалық сарындағы трагедиялық дәрежеге көтерді. Біз оқып жүріп, оның бойындағы қасиеттерін түсіне алмадық. Ке­йінірек, өзіміз ойнағанда барып, терең таныдық.

– Өткен жылы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік акаде­миялық қазақ музыкалық драма театрында «Майдан ән­дері» мен «Құс жолы» атты мо­но­спектакліңіз сахнаға шық­ты. Ол жайында жұртшы­лық тарапынан жылы пікірлер айтылды. Өзіңіздің көңіліңіз толды ма?
– «Майдан әндері» алғаш 1989 жылы қойылды. Содан кейін қаншама Жеңіс мерекесі өтсе де, ұмытылып кетті. Осы қойылым аяқ астынан іске асты. Бір қыз бала менің шығармашылығымнан диссертация қорғап, әлгі дүние жайында сөз арасында айтып кетеді. Содан кейін ол: «Осыны қайта қолға алғыңыз келмей ме?» деп сұрады. «Әрине, қояр едім, бірақ маған ол үшін араағайын болатын продюсер секілді адам керек» деп жауап бердім. Содан, жаңағы қарындасым әп-сәтте барлық шаруаны өзі тиянақтап берді. Бір аптаның ішінде жадымда бар дүниелерді қайта жаңғыртып, іске кірістім. Қойылымды жұртшылық жылы қабылдады.
Ал «Құс жолына» келсек, бұл жерде нағыз режиссер болдым деп айта алмаймын, тек актерлік шеберлік жағынан көмектестім. Осы туынды жайында біраз пікірталастар болды. Кейбір кісілер «Ана – Жер-Ана» спектакліндегі Сәбира апайдың рөлін еске салады деген сөздер де айтты. Тіпті, актриса неге солай ойнамайды деп айтқандар да болды. Ешкіммен де сөз таластырған жоқпын. Өзім іштей бағамдап отырдым. Басты кейіпкерді сомдаған актриса да дайындық кезінде боздап, жылаған кейіпте болған. Бірақ, ескерттім. Толғанай соғыс басталғанда 21 жастағы келіншек. Үш ұл тапқан ана. Қазір ол тоқсан алтыға келді. Оның көзінен шығатын жас жоқ, бәрі суалып, құрғап қалған. Оған ешқандай ойынның қажеті жоқ. Тек қана көрерменмен ой бөлісіп, шынайы сырласа білу қажет.
– Әзербайжан аға туралы айтып қалдыңыз. Ол кісі қарымды қаламгер Қали Сәрсенбайға берген сұхбатында «Театр сахнасы – теледидар, радио, газет емес. Актер, режиссер ор­танқол дүниемен емес, классикамен өседі. Кешегі алыптарды өсірген классика. Сондықтан театр пла­кат емес деп» айтқан екен. Сіз осы жайында қандай ой қорытасыз?
– Әрине, осы ойды мен де толық қолдаймын. Бұл сөздің айтылуында гәп бар. Кеңестік кезеңде «Театр неге жұмысшы табы, партия қайраткерлері туралы спектакль қоймайды» деген пікірлер айтылатын. Негізінен, театр кешегі болған оқиғаны бүгін баяндайтын басылым емес. Ол әрбір туындыны уақыттың екшеуінен өткізіп, әбден иін қандырып, пісіріп барып жүзеге асырады. Сондықтан тыз етпе тақырыпқа ол кісі қарсы болды.

«ТЕАТРДЫҢ ҚЫЗЫЛ ҚҰЖАТЫ»
– Сіз кешегі театр өнеріндегі алыптардың біразын көрдіңіз, солармен сахнада қатар тұрып ойнадыңыз. Сол кездегі театр өнерімен, бүгінгі күнді қалай салыстыра аласыз?
– Оны салыстыруға мүлде келмейді. Бұл да жаңағы режиссура секілді айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Оны айтсаң, көбі жақтырмайды. Содан үндемейтін жағдайға жеттік. Жасымыз болса келіп қалды, енді кейінгілерге жеккөрінішті болғымыз келмейді. Тағы біреулері «қартайғанша жүре бермей театрдан кетпей ме» деп айтуы да мүмкін. Жасырары жоқ, оны жас күнімізде өзіміз де айттық. Біздің алдымыздағы ақсақалдар кемшілігімізді көзімізге шұқып көрсеткенде, теріс қарап, тыжырынып тұрушы едік. Сол өзіміздің басымызға келді.
Театрдың өз көсемі болады. Біздің кезімізде Серке Қожам­құ­ловты Әзекеңнен бастап «Театр­дың қызыл құжаты» деп айтатын. Серағаң келгенде барлық ұжым тік тұратын. Ол соншалықты ешкімді қорқытып, үркітпейді, кәдімгі қарапайым әзілқой кісі. Бірақ, оған деген құрмет бөлек болды. Серағаң дүниеден озғаннан кейін Сәбира Майқанованың айтуымен жүрдік. Өмірдегі қалпымыз былай тұрсын, сахнаның өзінде апайымызға қарап отырамыз. Біздің буын алдымыздағы ағаларымыздың өкшесін басып келдік қой. Сол шақтары басылымдарда біз туралы сынап та, мақтап та жазып жатады. Бірақ, соның барлығын сүйектен өткізіп, батырып айтатын аға-апаларымыз болды. Ол кездегі көркемдік кеңестің өзі үлкен жиын секілді өтеді. Қаздай тізіліп, Сәбира, Шолпан, Қадиша, Бикен апаларымыз, Ыдырыс, Әнуар, арамызда жүрген Асанәлі, Сәбит ағаларымыз отырып, киімімізден бастап, рөлдің дұрысы мен бұрысына дейін ашық айтады. Олар мақтаса марқайып, кішкене қабақ шытса тосылып қаламыз. «Қай жерден қате кетті» деп соны жөндеуге тырысамыз. Кейін премьераға дейін сол кемшіліктің барлығын түзеп, көрерменге жұп-жұмыр, әдемі қалпында қойылым ұсынамыз. Сол шақтағы Әуезов театрының адами қарым-қатынасы өзгеше еді. Үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйлайтын. Біз үлкендердің алдын ешқашан кесіп көрген жоқпыз. Кейде осыған шүкіршілік етемін. Өкінішке қарай, осы әдемі адами қатынас жойылып барады.
– Оның дәлелі қандай?
– Білмеймін, заман, қоғамды кінәлап жатады. Біздің кезімізде жұмыстан қалу, кешігу деген қылмыс саналатын. Әрине, бәріміз әулие емеспіз, ондай жағдай аракідік болады. Гримсіз көрермен алдына ешкім шықпайтын. Сахнаға шықпай қалу, сөзді ұмытып қалу деген ауыр жағдай еді. Қазір оның барлығы әзіл, күлкі ретінде айтыла салады. Осындай тәртіпсіздіктің кесірінен шығармашылық ақсайды.
Қазіргі жастардың өмірден көргені де, түйгені де бөлек. Бүгінгі белең алған даңғаза шоулар жайында жастарға «ол өнер емес, одан аулақ болыңдар» дегенмен, олар күнделікті көріп жүрген нәрседен алшақ кете алмайды. Таланты әлсіз актердің танымал болып, дәріптеліп жатқандығын, соның әсерінен бай болып, абыройы асып тұрғандығын көреді. Содан кейін олар да сондай болғысы келеді. Алдағы маусым айынан бастап абитуриенттер келеді. Өз басым соларды актерлік мамандықтан айнытуға тырысам. Кейде әріп­тестерім оған наразы болып жатады. Әсіресе, қыз балаларға көбірек айтамын. Ауылдан олар әке-шешесінің бар тапқанымен оқуға келіп, ертең соған түсе алмай қалса қиналады ғой.
– Әнебір жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мен айтпасам, ол айтпаса, шындықты кім айтады» деген өзіңіз қызмет атқарған әкемтеатрда қалыптасқан жағдайға байланысты сұхбатыңыз шығып еді. Сіз «турасын айтқан туғанына жақпайды» деген қағиданы берік ұстанасыз ба?
– Жасырары жоқ, ол менің шын сөзім болатын. Сол кездегі театр директоры әлсіз болды деп айта алмаймын. Театрға кө­рермендер тартып, көп жағдай жасады. Жаңалықтар енгізді. Бірақ, театрдың көркемдік сапасы кеміп кеткені рас. Әзекең театрдан кетіп қалды. Әңгімеде спектакль мен репертуардың көркемдік қуаты ғана сөз болды. Соны біреулер сан-саққа жүгіртті. Рас, мен өз шындығымды жеткіздім. Оны уақыттың өзі дәлелдеді. Үлкен театрымыз әлі күнге оңала алмай келеді.
Жас кезімнен қоғамдық жұ­мыстарға белсене араластым. Содан бізді кемшілікті көрдің бе, жасырмай айт деп үйретті. Содан сіңген әдет, жалғандыққа жаным қас. Жауырды жаба тоқу бізде болған жоқ. Ертеректе «Қазақ әдебиеті» газетіне Ғабит Мүсіреповтің «Сын түзелмей мін түзелмейді» деген мақаласы жарық көрген еді. Менің шаруам емес деп отыра бермей, біреу әділдігін айту қажет қой. Бірақ, қазір сол үнсіздікке келдік. Ол қорыққандықтан емес, айтылған нәрседен ешқандай қорытынды шықпайды.

ӨЗГЕ ЖҰРТ ҚОЙЫЛЫМҒА, БІЗ МАЗМҰНЫН КӨРУГЕ БАРАМЫЗ
– Киноға өте сирек түсесіз, оның себебі бар ма?
– Жас кезімде кино өнерін онша бағалаған жоқпын. Өйткені, театрд­а рөлді көп ойнадым. Киноға шақырғандар болды, бірақ балалық па, кейбір рөлді өзім ұнатпай бармай қойған кезім де болды. Осы ғасырдың басында режиссер Мұ­сырмановтың екі-үш фильміне түстім. Ондағы рөлім соншалықты анау айтқандай айтарлық дүние болған жоқ. Кейін режиссер Сламбек Тәуекеловтің өзі сыртымнан бекітіп, «Атажұрт» фильміне түсуге шақырды. «Жаужүрек мың бала» туындысына да ойда жоқта қатыстым. Режиссердің көмек­шісі киноға тусу үшін бай­қауға шақырды. Оған мен онша үміттенбедім. Алматыға бір жол түскенде кастингке қа­тыстым, олар менің өнерімді ұнатты. Сөй­тіп, осылай төрт-бес фильм­ге түсу­дің сәті келді. Алайда, өзімде іштей «осы рөлім тәуір шықты» деген ризашылық сезім жоқ. Маған әрекеті мол, ішкі қарама-қайшы­лықтары бар бейнелер ұнайды.
– Дубляж саласында да біраз еңбек еттіңіз. Бала кезімізден осы өнердің бағын жандырған Мұхтар Бақтыгереев, Фарида Шәріпова, Тілектес Мейрамов деген есімдерді жатқа білуші едік…?
– Дубляж – ол да бір өнердің ғажап түрі саналады. Ол кезде мүлде басқаша еді. Кәсіби мамандар қызмет атқаратын. Қазір телеарналардың барлығы бір режиссер, бір аудармашы тауып алған. Байқаймын, кейбір кинодағы мәтіндердің өзі қиқы-жиқы. Ті­келей, жолма-жол аударылған сөздер көп кездеседі. Сол уақытта дубляж бір мектеп болатын. Біз экрандағы кейіпкерге қарап, соның сөзін салмақтап отырып аударма жасадық. Өзім де бір кісідей аудармамен айналыстым. Бір деректер бойынша сол кезде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Одақ көлемінде дубляждың сапасы бойынша бірінші орында болған. Ал Мұхтар Әуезов тәржімалағаан Гогольдің «Ревизоры» өте сәтті аударылған драмалық шығарма деп танылған. Қазір «Абай жолы» эпопеясын қайта оқып жатырмын. Мүлде өзгеше әсер етуде. Әрине, кинолардағы шалағай аудармаларды көргенде жүрегім ауыратыны рас.
– Театрда түрлі кейіпкерлерді сомдадыңыз. Солардың қайсы­сы жаныңызға жақындау болды?
– Әуезов театрында көбінесе, лирикалық типтегі Қозы, Ақан сері секілді ғашық жанды, сезімтал жас жігіттерді ойнадым. Студент кезімде осындай рөлдерді ойнаймын деп ойлаған емеспін. Негізі, табиғатым мінезді кейіпкерлерге жақындау. Шалт қимыл, оқыстан тың дүние тауып, дауысымды құбылтып, гримді өзгертіп, басқаша жағынан түрленіп шығатын бейнелерге бейім болдым. Тағдырдың жазуымен әкемтеатрға келгенде алғашқы рөлім Қозы болды да, басқа режиссерлар солай қабылдап кетті. Тоқсаныншы жылдарға дейін бірыңғай ғашық жігіттерді сомдадым. Одан кейін жасымызға қарай басқа рөлдерге ауыса бастадым. Ол жазушы Нәбиден Әбуталиповтің «Өттің, дүние» пьесасындағы «Жәңгірханнан» басталды. Дайын­дық кезінде режиссер Әу­бәкір Рахимовқа айттым: «Мен оны өзімше ойнағым келеді, соған екеуміз келісейік» деп. Өйткені, оны кеңестік идеологияның сарқытымен сомдағым келмеді, мен болмысы күрделі, демократ тұлғаны ойнағым келді. Одан кейін «Шыңғысхан», «Еділ патшаны» бейнеледім.
Біз оқып жүргенде ұстаздарымыз «оң жамбасыма келетін рөлдерді ойнаймын дегенді ұмытып, маман­дығың бойынша басқа адам болып өзгеру қажет» деген сөзді санамызға сіңірді. Ал жаныма жақын рөлдердің бірі – Болат Атабаев қойған Чеховтың «Шағала­сындағы» бір көзге онша көріне қоймайтын бейне бар. Ол өзі екінші, үшінші пландағы кейіпкер. Бірақ, сол маған қатты ыстық көрінеді. Бастан-аяқ өзім іздендім. Қаллеки театрында Талғат Теменов қойған «Тырау-тырау тыр­налардағы» полковниктің рөлі де жақын. Оны автордың мәтіні шеңбері мен режиссердің мақса­тының ізімен ізденіп, толықтай өзім жасап шық­тым. Осы кейіпкерді ойнағым келіп тұрады. Театрда жүргеніме жарты ғасырға жуық өтсе де басқа бейнелерді сомдауға соншалықты құлшыныс жоқ.
Өмір ақ пен қарадан тұрмайды. Жақсының жамандығы, жаман­ның жақсылығы бар. Станиславс­кий: «Жақсы кейіпкердің кем­ші­лігін ізде, жаман кейіпкердің жақ­сы­лығын ізде» деген. Сонда то­лық­­қанды бейне болып шығады. Штамп деген бәледен аулақ болған жөн. Біз сахнада ұлт немесе бастық әлде бағынышты емес адамды ойнамауымыз керек. Әлі күнге дейін театрдағы таптаурын жол талантты тұсап келеді. Көрермен неге аз келеді, өйткені, шымылдық түрілгеннен кейін көрушіге спектакльдің мазмұны белгілі болып қалады. Интрига болмағасын, қызығы қалмайды. Өзге жұрт қойылымға, біз мазмұнын көруге барамыз. Жасырары жоқ, оған өзіміздің табандылығымыз жет­пейді. Актерде ізденіс аз. Режиссерге барлығын жапсыра беруге тағы болмайды. Оны дәлелдеу үшін білім қажет. Қалибек Қуа­нышбаев өмір бойы Абайдың қара сөздерін жастанып оқыған. Қасым Жәкібаев өте білімдар кісі болған. Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков те солай. Фарида Шәріпованың білімдарлығы, әдебиетке жақындығы бойынан байқалып тұратын. Соның арқасында олар үлкен өнер адамдары болып қалыптасты. Өкінішке қарай, авторлық текспен жұмыс істеуге үйренгенбіз, ал оның ар жағында қандай қазына жатыр, оны ашып бере алмаймыз.
Қазір актердің «мені» жоға­лып барады. Әзекең актерлармен ешқашан олай істеген емес. Он-он бес күнде бір тыңдап, қадағалап кетеді. Сосын сахнада он бес күн өлген-тірілгеніне қарамай, қуалайды. Сондықтан оның спектекльдері кино секілді көрінеді. Сахнаның мүмкіндігі киноға қарағанда әлдеқайда мол. Біз соны қолдамаймыз. Өйткені, көп нәрсе шартты болып келеді. Міне, осындай бір қарағанда ұсақ-түйек болып есептелетін дүниеден үлкен мәселенің құлағы қылтияды.
– Сіздер де бүгін аға буын саналасыздар. Өзіңізбен өнерде қатар жүрген достарыңыздың дені дүниеден озып кетті. Солар туралы естелік кітап жазу ойыңызда бар ма?
– Бауырым, ең бір жанды жерден ұстадың. Өзімді-өзім кешпейтін жалқаулық деген дертім бар. Айтумен, нұсқаумен жазғандарым бар. Тым құрыса, солардың басын құрап, бір кітап шығаруға болады. Тағы айтамын, соған жал­қаулығым жар бермейді. Өзім тәнті болған Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Қадыр Жетпісбаев, Әнуар Боранбаев және Әшірәлі Кенжеев жайында жаздым. Серке Қожамқұлов туралы да жазуға болады. Адами қасиеті күшті кісі еді. Әшірәлі досым жайында жазғанда Әшірбек Сығай: «Ойпырмай, сенің жазғаның, Әшірәліні тірілтіп бергендей болды ғой» дегені бар. Ыдырыс Ноғайбаев туралы бір күнде жаздым. Жазушы Кәдірбек Сегізбаев «Сен стилист екенсің» деп баға берді. Әрине, оның барлығы мақтаныш емес. Алайда, ағаларым мен достарымның алдындағы азаматтық парызымды ұмытпаймын.
– Өмірдегі, өнердегі мұра­тыңыз қандай?
– Адалдық.
– Ендеше, аға, осы адалды­ғы­ңыздан таймай, ақ сөйлеп, шынайы сұхбат бергеніңіз үшін рахмет айтамын!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =