Тілді айтса, тілім қышиды

0 112

Қазақстан туралы аузына келгенді көкитін ресейлік саясаткер Жириновский жақында Ресей телеарналарының бірінде «Қазақстанда орыс тілінің халі мүшкіл, менің ол елден кетуіме де осы жағдай себеп болды. Телеарна, газет-журнал, радиолардың барлығы қазақ тіліне басымдық берді де, орыстардың орыс тілінде ақпарат алуы қиынға соқты…» деп сықпыртып жатыр. Мұны естігенде «Мынау біздің Қазақстанды айтып жатыр ма, жоқ әлде басқа елді айтып жатыр ма?» деп таң қалдым. Егер біздің елді айтып жатса, онда мен «Жириновский елден кеткен өткен ғасырдың 70-жылдары түгілі, тәуелсіз ел болған 30 жылдан бері орыс тілінің қылшығы да қисайған жоқ, орыс тілі қазақ тілінен әлі үстем, өктем орында тұр» деп кесіп айтсам, артық кетпеген болар едім.

«Сырт көз сыншы» демекші, «Жат елде жүріп, шүршіттің тілінде шүлдірлегенше, ата жұртыма барып, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ болып өмір сүрем» деген тәтті үмітпен шекара асқан біз Қазақстанға алғаш келгенде қазақ пен қазақтың орысша сөйлесетінін, онысын үлкен мәдениет санайтынын көргенде «Осы біз қазақтың жері, орыстың еліне келгеміз жоқ па?» деп тәп-тәуір тосырқап қалғанымызды қалай жасырайық. Ақиқатын айтайық, шетелден келген қазақтың бәрі сол елде күн көре алмай немесе Қазақстанның байлығына қызығып келген жоқ. Оларды «Қазақ болып тудым, қазақ болып өлсем» деген бір ғана мақсат, «Ана тілімнен айрылып қалмайын» деген үлкен қауіп атажұртқа жетеледі. Былайша айтқанда, Жириновский «Қазақстаннан орыс тілінде телевизор көріп, радио тыңдай алмағаным үшін кеттім» десе, шетелден келген қандастар Қазақстанға ана тілінен айырылмай, қазақ болып қалу үшін келді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ елінің асын ішіп, аяғына түкірген, «Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» соғатын Жириновскийдің сөзі шындыққа жанасса, біз үшін үлкен қуаныш, керемет жетістік болар еді. Амал қанша, егемен елдегі қазақ тілінің жағдайы мүлде керісінше болып тұр.
Халықтың орыс тіліне тілі де, ділі де үйреніп кеткені соншалық, қолындағы телефонының тілінен бастап, барлық құрылғылардың тілдік жүйесін орысшаға туралайды. Сайттар мен терминалдарды шұқып қалсаң, алдымен орысшасы шығады. Жұрт қайсы мекемеге барса да, құжаттардың көбін орысша толтырып кете береді. Заңдылық бойынша, барлық құжаттың, бұйрықтың, қаулының, жолдаудың алдымен қазақшасы жарияланып, орыс тіліне содан соң барып аударылуы керек қой. Бірақ бізде керісінше. Міне, осының өзі Қазақстанда қай тілдің басым екенін анық аңғартатын секілді.
БАҚ туралы заңда да «Қазақ тілінің үлесі 50 пайыздан кем болмауы керек» деп жазылғанмен, телеарна, радиоларда орыс тілінің үлесі қазақ тілінен әлдеқайда басым. Мәселен, радионы алып айтсақ, қазақ тілінде хабар тарататын «Қазақ радиосы» мен «Шалқар радиосынан» басқа радиолардың барлығы қазақ тілінде азырақ, орыс тілінде көбірек көсілетіні жасырын емес. Тіпті кейбір радиолардың 90 пайызы орысша деп айтуға болады. Ал телеарнаны ашсаң, қаптаған орыс тілді арналардың арасында қазақ тілді арналар қоралы қой ішіндегі серкештей үрпиіп қана көрінеді. Яғни «50 пайыз»-дық өлшем сақталмаған. Оны қадағалап, үлесі мен үстемдігін саралап отырған адам да, мекеме де жоқ. Бұрын телеарналар жоспарды орындаймыз деп түнжарымда қазақша концерт ұсынатын еді, қазір оны да қойды.
Тек БАҚ-тар ғана емес, еліміздегі кез келген мекеменің қазақ тіліндегі қызмет өтеу жүйесі қалт-құлт етіп, әрең тұр. Қайсы орынға барып, «Маған пәлен құжат керек еді» десең, орысша жазып қолыңа ұстатады. «Орысшаң не, қазақшасы қайда?» десең, «Қазақша керек деп бірден айтпадыңыз ба?» деп ренжиді. Бірақ олар қазақ елінде тұрып, «қазақшасы керек еді» деген сөздің өзі үлкен ұят екенін білмейді. Ал кейбір мекемелер құжаттардың қазақшасын дайындағанымен, мүлде түсініксіз. Яғни алдымен орысша жазып, кейін қазақшаға аударған мәтінді түсіну өте қиын. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, сыбай-салтаң аударған аударманың көбі Google-дың автоматты жүйесінен шыққандай, шым-шытырық түсініксіз.
Осының бәрін санаға салып салмақтасаң, Жириновский жоғарыдағы сұхбатында орыс тілінің мүддесін жоқтап емес, Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайын сайқымазақ қылып отырған сияқты сезіледі. Кімге ренжисің? Аузына келгенді айта беретін Жириновскийге ме? Жоқ әлде мемлекеттік тілді оның тілін жетім қыздың күйіне жеткізген қандастарымыз­ға ма? Қазақстанның бір қасіреті – осы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 13 =