ТІЛДЕР ФЕСТИВАЛІНІҢ ТАРТУЫ

0 135

c1a7983090f1faaea2b3028da67

Елордада Қазақстан халқы тілдерінің XVІІ қалалық фестивалі салтанатты жағдайда ашылды. «Конгресс-холлға» жиналған қауым күмбірлеген күй мен әсем әнге құлақ құрышын қандырып, мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті болды. Ауқымы кең шарада Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сынды биылғы маңызды мерекелер айшықталды.

Фестивальді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев құттықтау сөзімен ашты. Шараның мән-маңызын атап өткен ол тілдер мерекесі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге мол септігін тигізетінін, тек ана тілімізді ғана емес, елімізде татулықта тұрып жатқан өзге ұлттар тілдерінің насихатталуына да үлес қосып келе жатқанын айтты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл көрермен болып отырған жастарға жігерлендіретіндей сөздер арнап, жырдан шашу шашты.

Сахнаға бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада жеңімпазы Серік Сәпиев көтерілгенде зал дүркіреп қол соқты. «Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында әлемге әйгілі спортшы атандым» дегенді халыққа қарата айтқан атақты спортшы дарынды жасөспірім спортшыларға алдағы жарыстарда ақ жол тіледі.

Жалпы, фестивальдің ашылу салтанаты ешкімді жалықтырған жоқ. Мұнда әлемдегі тілдер жөнінде танымдық әңгімелер айтылды. Үлгі-өнеге болатын көріністер де молынан қамтылды. Мәселен, «24 кz» телеарнасының бағдарлама жүргізушісі Эльвира Иванова ана тілімізде жаңылтпаштарды айтқанда, еш жаңылмады. Ал. кештің өне бойын көмкерген сан жанрдағы музыка көрерменнің көңіл хошын аша түсті.

Белгілі күйшілер Анар Мұздаханова мен Тұрар Әліпбаев күймен тартысты. Танымал әнші, сазгер Елена Әбдіхалықова мен жас әнші Ибрагим Ескендір өздері орындаған әндерімен халықтың рухын көтерді. Айгүл Елшібаева «Сүгірдің термесімен» делебені қоздырды. Бұларға қоса Бибігүл Жанұзақ, Шаһаризат Сейдахмет сынды әншілер өнер көрсетті. «Көк түріктер» ансамблі баяғы бағзы замандарға бастады. «МузАрт» тобының мүшесі, халықтың сүйікті ұлы Сәкен Майғазиевтің ән салуы көпшілікке сыйлық болды.

Фестиваль әлі екі аптаға жалғасады. Оның аясында «Үздік жарнама», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты байқаулар,  «Тарих пен тіл тамырлас» атты ақындар мүшәйрасы, «Біз мемлекеттік тілде қызмет көрсетеміз» атты акция ұйымдастырылады. Барлық шаралар қалалық алаңда өтетін «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» атты гала-концертпен қорытындыланады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × five =