ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

0 146

ERA_6064

Кеше Жастар сарайында екі аптадан астам уақытқа созылған Қазақстан халқы тілдерінің ХVІ фестивалінің жабылу салтанаты өтті.

Шара 1989 жылдың 22 қыр­күйегінде елімізде тұңғыш қабыл­данған «Тіл туралы» заң­ның 25 жыл­дық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Осыны атап өткен Астана қаласы тілдерді да­мыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов сол уақыттан бері мемлекеттік тіл төңі­регінде шешіл­мей келе жат­қан күрмеулі мәселелерді сөз қылды. Әсіресе, кейбір азаматттардың қазақша тіл сындыра алмауын қынжыла айтқан ол: «25 жылда сан ұрпақ дүниеге келді. Сол ке­зеңдегі оқушы бала мектеп бітірді, университетті аяқтады, алды магистратураны тәмамдады, ана-әке болып отыр, бірақ әлі де біздің Кеңес өкіметін көрмеген, Тәуелсіз заманда өмір сүріп отырған жас­тарымыздың арасында өзінің ана тілін білмей келе жатқандар баршылық» деді. Оның айтуынша, Астанада қазақ ба­лаларының 15 па­йы­зы орыс мек­теп­терінде бі­лім алуда. Ата-ана­лар­дың мұнысын түсін­бей­тіндігін жеткізген басқарма басшысы сөзін отбасылық тәрбиеге әкеліп тіреді.

ERA_6070

Бірақ, ана тіліміздің үстем­дігі үшін тыным таппай күресіп жүрген азаматтар да баршылық. Осы кеште олардың бір тобы тіл жанашырлары ретінде қала әкі­мінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Солардың бірі – негізгі мамандығы дәрігер болса да, қазақ тілі дегенде шыр-пыр болатын, бір жерден қате көрсе төзбестік танытатын Мұхамбедия Ахмет-Төре. Мұхамбедия ағамыз қазақша-орысша, орысша-қазақша медициналық сөздіктердің авторы, өзі қызмет істейтін Астана медицина университетінде тоғыз қызметкерден жасақталған тіл басқармасын ашқан адам. Одан бөлек қала басшысы тарапынан Қарлығаш Сарекенова, Светлана Сүлейменова, Ибраһим Манарбек, Гауһар Еренбаева, Ержан Еңсебаев сынды азаматтардың, «Наружка kz» ЖШС-нің еңбегі еленді.

Қалалық Тілдерді дамыту бас­қармасы да өз тарапынан мемле­кеттік тіл төңірегінде белсенді іс атқарып жүргендерді елеп-ескерді. Олардың қатарынан Алматы ау­да­нының әкімі Бекбол Сағын, Мұрағаттар және құжаттамалар бас­қармасының басшысы Алма Шохаева, осы кеште ән салған белгілі әншілер Досымжан Таңатаров пен Маржан Арапбаева табылды.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + eighteen =