Тіл түзелмей, мін түзелмейді

0 80

Қазақстанда айта-айта жауыр болып, таптаурынға айналған тақырыптың бірі – тіл мәселесі. Себебі Ата Заңымызда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылса да, 30 жылдан бері айналайын ана тіліміз орыс тілінің көлеңкесінен бір шыға алмай-ақ қойды. Сосын да біз Қазақ елінде жүріп, басқа бір этнос өкілі қазақша сөйлесе қуанатын, елдің атқамінерлері шетел мінберлерінде қазақ тілінде баяндама жасаса, көңіліміз өсіп, марқайып қалатын күйге түстік. Былайша айтқанда, өз Отаны, өз отбасында отырып, мемлекет құрушы халықтың көп бөлігі ана тілін қайырып қойып, өзге ұлттың тілімен сөйлесетін жалғыз ел болса – ол Қазақстан десек, қателеспейміз.Қазақ тілінің мұндай кіріптарлықтан құтыла алмай келе жатқанына, бастысы қарапайым халық емес, құзырлы органдар, мекеме, серіктестіктер, жұмыспен қамтушы орындар кінәлі. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кез келді деп есептеймін» деп шегелеп тұрып айтқанына біраз уақыт болды. Бірақ содан бері Мемлекет басшысының Жолдауын іліп әкеліп, сөзді іске, тапсырманы талапқа айналдырған не Үкіметтің, не Парламенттің қаулысы шыққан жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас». Жолдау жылда айтылып, аз уақыт өткен соң дүмпуі басылып, қызуы қайтатын дүрмек сияқты. Әйтпесе «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген сөзді Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанына да біраз жыл болды. Алайда әншейінде «Елбасының сөзі – атылған оқ, айтылған заң» деп бөгелек қаққан жылқыша изектейтін министр, әкімдер Елбасының өзіне орысша жауап беріп отырады. Сонда Елбасының «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген тапсырмасы қайда қалды? Жоқ, әлде біздің шенді, шекпенділер қазақ емес пе, әлде қазақша сөйлеуден арлана ма?!
Әр елде заң, құжат, қаулы мемлекеттік тілде жазылып, әбден сараланған соң барып басқа ұлт тіліне аударылады. Ал Қазақстанда бұл керісінше. Үлкені Ата Заңнан тартып, кішкентайы қарапайым құжатқа дейін орысша дайындалады да, тым құрыса мемлекеттік тілге дұрыстап аударылмайды. Орысшасы дұрыс болса болды, «қазақшасы бар ма?» десе бар дейтіндей «бетжүздік» ретінде дайындалғандықтан, аудармасы сапасыз әрі түсініксіз. Тіпті көбі Google-аудармамен аудара салғандай жүрдім-бардым бірдеңе. Оқысаң миың айналады. Сондықтан да орыс тілін білмейтін қандастар болмаса, Қазақстанда туып өскен қарапайым халық та орысшасына жүгіне салғанды жөн көреді. Осыдан барып барлық мекемелер құжаттарды халыққа орысша ұсынады. Керек десеңіз, Мемлекет басшыларының сөйлеген сөзі алдымен орыс тілінде жарияланатындықтан, қазақ тілді оқырмандар күтіп отыруға мәжбүр. Халыққа қызмет көрсету орнының өзі алдымен орысша анкета береді немесе «сізге орысшасы керек пе, әлде қазақшасы ма?» деп орысшаны алдымен айтады. Бірінші қазақшасын ұсынып, «маған орысшасы керек еді» десе, орысшасын беріп жатқан органды өз басым көрген жоқпын. Тіпті Қазақстандағы сайттардың көбі, терминалдардың (банк терминалдары немесе қызмет көрсететін құралдар) кез келгенін басып қалсаң, алдымен орысшасы шығады. Қазақстанда тұрып қазақ тілі керек болса, екінші орыннан тауып алуға тиіссің. «Неге алдымен қазақшасы шықпайды?» деп бас қатырып, соны қадағалап отырған құзырлы орган жоқ. Сосын да Kaspi Bank, Альфа-Банк сияқты банктер ұялы телефондағы қызмет көрсету жүйесіне қазақша енгізбегендіктен, орысша дым түсінбейтіндердің өзі орысшасын қолдануға мәжбүр.
Дүкен, сауда орындарының маңдайшаларындағы орысша мен шетел тіліндегі атауынан да ат үркеді. Оны қадағалап отырған ешкім жоқ, не жазса да өз еркі сияқты. Осыдан барып жұрт жүрегінде жайшылықта қарапайым халыққа қатаң, сұсты көрінетін заңымыз неге мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғауға келгенде дәрменсіз, жалтақ деген сауал туады.
Жақында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкіметке «Қоғамның барлық салаларында қазақ тілін қолдануды талап ететін уақыт келді. Халыққа қызмет көрсететін орындардағы қызметкерлер қазақ тілінде еркін сөйлеуі керек. Сөйлей алмаса талап ету керек» деп сауал жолдады. Өте дұрыс талап. Біз Мемлекет басшысын сайлайтын кезде қазақ тілінен емтихан алғанымыз сияқты кез келген мекеме қызметкер қабылдауда алдымен қазақ тілінен емтихан алып, мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтаған соң барып қызметке қабылдау шарт. Бұл – мемлекеттік тілді құрметтеудегі қарапайым қағида.
Біздің елде орысша оқуға, өзбек болса өзбекше, ұйғыр болса ұйғырша оқуға жағдай жасалған. Бірақ мемлекеттік тілді білуді міндеттемеудің өзі біздің заңымыздың бір аяғы ақсақ, бір көзінің соқыр екенін түсіндіреді. Көптеген мемлекеттерде өз ана тілінде оқыған этностар жоғары оқу орындарына емтихан тапсыратын кезде міндетті түрде мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Мемлекеттік тілден емтиханнан өтпесе, мың жерден ғалым болса да, университетке түсе алмайды. Әлем елдеріне ортақ бұл түзім бізге де керек. Біз шетелден, Еуропадан, Қытайдан тәжірибе алғанда сондаймыз да, олардың мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлттық рухты ояту жағындағы әдіс-амалдарына көзіміздің қырын да салмаймыз, былайша айтқанда, Қазақстанда тіл мәселесі түбегейлі шешіліп болғандай бейқам, иіс алмаспыз.
Тілдің мәртебесі демекші, елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы заң тәуелсіздік алудан бұрын орыс тілінің десі басым кезде қабылданып кетіпті. Егемендік алғаннан кейін бұл заңды өзгерту туралы бастамалар көтерілгенмен, көбі аяқсыз қалды. Себебі ол кезде қазақ ұлтының саны 40 пайызға да жетпейтін еді. «Мүйіз сұраймыз деп құлақтан айырылмайық», ақырын-ақырын орнына келеді деп ақыл айтқандар да болды. Содан бері 30 жыл өтті. Қазақ ұлтының еліміздегі үлесі де 80 пайызға жетті. Бірақ санымыз артқанмен, санамыз өспеді ме, кім білсін, қазақ тілі сол баяғыдай өгей бала секілді босағада жаутаңдап тұр. Одан да өкініштісі, басқа ұлт емес, қазақтың өзін қазақша сөйлете алмай зар болдық. Керек болса, ана тілім деп шетелден көшіп келген қандастардың өзі «Қазақ елінде қазақшамен нан табу қиын сияқты» деп орыс тілін үйренуге мәжбүр болды. Осыдан өткен қасірет бар ма?! Тіпті шетелдіктер мен елімізде жұмыс істеп жатқан қытайлардың өзі Қазақстанға келу үшін қазақша емес, орысша білсең жеткілікті деп, қазақ тілін көзге ілмейтін деңгейге жетті. Қытай дегеннен шығады, Қытайда қазір 4 жыл қазақ тілін үйрететін, бакалавр дәрежесі бойынша диплом беретін бес университет бар. Одан әр жылы 200 студент оқып шығады. Ал Қазақстанда қазақ тілін үйрететін, қазақ тілін басқа ұлттарға насихаттайтын қанша университет бар? Әуелі басқа ұлт өкілдерін қойып, ана тілін білмейтін шала қазақтарға қазақ тілін мамандық ретінде үйрететін оқу орны бар ма? Баяғыда Шыңжаң университеті филология факультетінің қазақ тілі мамандығына оқуға түскен жапониялық бір азаматтың «қазақ тілін Қазақстаннан үйренгеннен гөрі Шыңжаңнан оқыған дұрыс екен. Ол жақтан қазақ тілін үйренгеннен орысша үйренген ыңғайлы» деген сөзі есімде қалыпты. Сөзінің жаны бар шығар. Себебі Қазақстанда қазақтың баласы да тәжірибелі мамандардың қолынан емес, «тендердің тезінен» шыққан сапасыз оқулықтан шаршап жүрген жоқ па?!
Қысқасы, мемлекеттік тіл әрі-бері тартып кергілей беретін көкпар емес. Оны білу заңмен міндеттелетін, Қазақстанды Отаны санайтын әрбір азаматтың саналы және міндетті түрде үйренуге тиіс тілі. Сондай-ақ ол – билік пен мемлекеттік органдардың басты назарға алып, бақылап отыратын негізгі түйіні, ұлтаралық ынтымақтастықтың да алтын арқауы. Ұлттық бірлік пен мемлекеттік қауіпсіздікке де саятын сезімтал тақырып. Себебі тіл түзелмей, діл де, ел де түзелмейді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + nine =