ТІЛ ТҰҒЫРЫ – ҰЛТ ҒҰМЫРЫ

0 844

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ерекше назар аударылып отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деуінің де үлкен мәні бар. Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында да қазақ тіліне ерекше көңіл бөлді. «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады» деп атап көрсетті.

Мемлекет айрықша назар аударып отырған мемлекеттік тілдің маңызын ел ішінде кеңінен насихаттап отырған басылымдардың бірі әрі бірегейі – ұлт газеті «Ана тілі». Газет өзі өмірге келген күннен ұлтымыз үшін қасиетті саналатын қазақ тілінің жай-күйін жан-жақты қозғап келеді. Тіл тақырыбына байланысты мақалалар «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры», «Тілі мықтының – елі мықты», «Толғауы тоқсан туған тіл», «Тілін білген түбін біледі», «Тіл мен тұлға», «Тілбұзарға – тосқауыл» секілді айдарлармен жарық көріп келеді.

Мемлекеттік тілдің маңызын насихаттауды мақсат тұтқан газетке жүктелер жауапкершілік те зор. Сол себепті де басылым  жыл сайын жаңа айдарлармен толығуда. Мәселен, кейінгі кездері газет бетінде пайда болған «Өзімізден бастайық», «Ұлы дала атаулары», «Айтұмар», «Ақберен», «Түбі бір түркінің тілі бір» сынды жаңа айдарлар – осының дәлелі.

«Өзімізден бастайықты» тілге төбесінен қарайтындарды тәубеге келтіретін мінбер десек болады. Ықшам әрі сұрақ-жауапқа құрылған айдар бүгінде көптің көңілінен шығып үлгерді. Айдар кейіпкерлерінің ішінде Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері,  өнер иелері де бар.

Ұлттық идеологияның   ірі саласы – ономастика. Дегенмен, бұл салада  әлі де өз кезегін, шешімін күтіп тұрған мәселелер жетерлік. Осы  ретте газетімізде «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» атты айдармен бүгінгі ономастика саласында қордаланып қалған проблемалар көтеріліп жүр.   Әсіресе, халықтың көкейінде жүрген «Ономастика туралы» арнайы заңның қажеттілігі жайында сан рет жазылды. Бүгінде жобасы жасалған бұл заң алдағы уақытта қабылданар деген үміттеміз. Бұдан бөлек ұланғайыр ұлы даламыздың ой-шұқыры, тау-тасы, өзен-көлінің атауы да  төл тарихымыздан тамыр тартатыны белгілі. Бүгінгі ұрпақ оның бірін білсе, бірінен бейхабар. Кейінгі буын бабалары қорғап қалған  туған жердің атауларымен таныс болсын, тарихына үңілсін деген ниетпен «Ұлы дала атаулары» деген айдар ашқан едік. Әр облыстағы жер-су, елді-мекен атауларынан мол мағлұмат беретін бұл айдарды  да оқырмандар асыға күтетіні байқалады.

Ал терминология түйткілдері  төңірегінде айтары бар тұрақты оқырмандарымыз  газетіміздің «Терминология және уақыт» айдарында ойларын ортаға сала алады.

Түркі тілдес халықтар тілдерінде  өзара ұқсастықтар мен ортақ белгілер бар екендігі белгілі. Өкініштісі сол, түркі тілдес кей халықтардың тілдері  тарихтан өшіп үлгерсе, бірі жойылудың аз-ақ алдында тұр.  Осы және басқа  да бауырлас халықтардың тілдері  жайынан «Түбі бір түркінің тілі бір» айдары сыр шертеді.

Осы ретте газетіміздің ойлы оқырмандары мен тіл жанашырларының ыстық ықыласына бөленген  «Сөзтаным» қосымшасын айтпай кетуге болмас. Оның негізгі мақсат-мүддесі – оқырманды халқымыздың бай тілдік мұраларымен танымдық, тағылымдық, этимологиялық, тіл мәдениеті тұрғысынан таныстыру.

Қазақтың зиялы қауымы жылы пікір білдіріп жүрген  «Алты алаштың ардағы», «Дулығалы дала перзенттері», «Тарих тұңғиығындағы таңбалы сыр» атты айдарларымыз  да бар. Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалардың өмір-тарихы жайында тұщымды, тағылымы мол зерттеу-мақалалар бүгінде бір академиялық жинаққа жүк болардай.

Ал «Махаббат, қызық мол жылдар» – Сіз бен біз танитын тұлғалардың тағылымды ғұмырларынан  сыр шертетін хикаяттар жиынтығы. Уылжыған шақтағы ұмытылмас кездер, сезім тербеген сәулелі сәттер тиегі де осында ағытылады. Жұбайлар жарасымының жазылмаған қағидалары да бас кейіпкерлердің аузымен  баяндалады. Езу тартып отырып еске алатын ерекше кездерді де кейіпкердің өзінен естисіз.

Газетімізден ойып тұрып орын алатын «Шаңырақ» отбасылық пікіралмасу отауы мен «Ұлт болам десең, ұрпағыңды ойла» айдарынан  өзара үндес, мүдделес мақалаларды оқуға болады. Тал бесік пен жер бесіктің арасындағы ғұмыр, қазіргі қазақтың жайы, ана мен бала, ата мен немере, ене мен келін, ұстаз бен шәкірт дейсіз бе, жалпы «ұлт пен ұрпақ» атты ұлы ұғымның мазмұны осы айдарларда ашыла түседі.

Сөз соңында айтарымыз – мемлекеттік тілге қатысты күрделі мәселелерді жүйелі түрде көтеру «Ана тілі» газетінің басты мақсаты болып табылады. Ендеше, қарға тамырлы қазақтың қамын жейтін, ата дініміздің бүтіндігін ойлайтын, салт-дәстүрді асылдың сынығындай сақтайтын, ұлттық құндылықтарды көзінің қарашығындай аялайтын, ұрпағына ұлағатты тәрбие беруді көздейтін «Ана тілі» газеті әр қазақтың рухани серігі болса екен, әр шаңырақ төрінен орын алса екен дейміз.

Самат ИБРАИМ, «Ана тілі» газетінің бас редакторы

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 14 =