«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тіл – тәуелсіздік тірегі

0 301

Астанадағы «Тілеп қобыз» сарайында қалалық Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және Тәуелсіздік күніне орай «Тіл – тәуелсіздік тірегі» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.

Мерекелік шараның шымылдығы халқымыздың өткен жолынан сыр толғаған композициялық қойылыммен ашылып, ақындардың тіл туралы толғамдары оқылып, тарих қойнауына көз жүгірткен бейнеролик көрсетілді. Одан кейін сахнаға Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев шығып, жиналғандарды айтулы күндермен құттықтап, басқарманың жыл бойы істелген жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, басқарманың арнайы жұмыс тобы елорда көшелеріндегі көрнекті ақпараттар мен сыртқы жарнамалардың заң талаптарына сай болуын қадағалап, 120 рейд жүргізіп, 2000-нан астам эскиздерді сараптамадан өткізіп, нәтижесінде оның 1900-і түзетілген. Биыл Астана әкімдігіне көшелер мен объектілерге атау беру туралы және қайта атау туралы 96 өтініш келіп түскен. Соның ішінде 73 өтініш көшеге атау беру, 22 өтініш шаһардағы мекемелер мен мектептерге атау беру, 1 өтініш қала көпірлеріне атау беру туралы. Өтініштер үстіміздегі жылдың 24 қазанында қалалық Ономастикалық комиссиясының отырысында талқыланып, көшеге атау беру жайындағы 28 өтініш пен мекемелерге атау беру туралы 17 өтініш қолдау тапқан. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді үйрену үшін 1500 тыңдаушы қазақ тілі курсына қатысқан.
– Мереке қарсаңында өзіміздің атқарған жұмысымызға есеп беруді жөн көріп отырмыз. Жыл бойы басқарма мамандары ауқымды шаралар жүргізді. Қаншама мәдени кештерді өткізуге мұрындық болдық. Бас қалада дүбірлетіп айтыс өткіздік, мүшәйра ұйымдастырдық. Соған қала тұрғындары белсенді үлес қосып, көп ұжымдар қолдау көрсетті. Соларға алғысымызды айта отырып, құрметімізді білдіргіміз келді, – деді Тілеуғали Қышқашбаев.
Шара барысында биылғы мекемелер арасында өткен тіл байқауының жеңімпаздары, түрлі жобаларға қатысқан компаниялар мен ұйымдар, сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында елеулі жұмыс жүргізген тіл жанашырлары алғыс хатпен марапатталды.
Сондай-ақ, әдеби-сазды кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбай, Гүлзира Бөкейхан, әнші, сазгер Елена Әбдіхалықова, күйші Анар Мұздаханова, Гүлнұр Оразымбетова секілді өнер майталмандары әуелетіп ән шырқап, күмбірлетіп күй төгіп, жұртшылықтың құмарын қандырды.

Азамат Есенжол

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды