Тіл тарландарын түгендеген

0 18

Әдетте ғалымдардың жазған еңбектері, жалпы ғылыми шығармашылығы талданып, бағасы берілетіндігі ақиқат. Ал ғылым жолында талмай еңбек еткен ғалым қарапайым өмірде қандай адам, өзгеше қандай қасиеттері бар?

Осы сұраққа жауапты тарихи-танымдық тұрғыда жазылған ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиевтің таяуда «Тіл және тұлға. Ғылыми-танымдық портреттер» деген тақырыппен жарық көрген кітабынан алуға болады. Кітаптың шымылдығы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрыновтың алғысөзімен ашылған. Академия президенті алғысөзінде «Жалпы академик ­К.Құрманәлиевтің бұл кітабын қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан, елі үшін аянбай қыз­мет атқарған ғалымдардың ғибратты ғұмырнамасын насихаттап, жас ұрпақ санасын рухани тұрғыдан байытып, тәрбиелік мәні терең ұлттық құндылықтарды санаға сіңіруді көздейтін қастерлі дүние деп бағалаймыз» деген жүрекжарды пікір білдірген.

Аталмыш кітапта Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық тарихында тіл білімі бойынша мүшелікке сайланған ғалымдардың ұлтымыздың рухани байлығын молайтқан құнды ғылыми зерттеулері, тұлғалық бейнелері, көпшілік біле бермейтін қасиеттері жайында публицистикалық стильде сыр шертілген. Топтамада он тоғыз тілші-ғалымның ғылыми-танымдық портреттері кеңінен баяндалған. Алғашқы мақала «Көшбасшы» деген тақырыпта 20-ға жетер-жетпес жасында Ленинград шығыстану инс­титутының студенті болған, әлемдік деңгейдегі ғалымдардан білім алған, 1946 жылы құрылған Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы құрылтайшыларының бірі болған, автордың өз сөзімен айтқанда, «ұтқыр ұйымдастырушы, жігерлі жетекші, білікті басшы» ретінде Тіл білімі институтын ширек ғасыр басқарған ғалым-академик Ісмет Кеңесбайұлына арналған. Мақалада ғалымның тіл білімінің лексикография, фразеология, фонетика, лексикология салалары бойынша еңбектер жазғаны жайында айтылған. Сондай-ақ ғалымның басшылығы кезінде Тіл білімі институтының дәрежесі кеңестік республикалар арасында алдыңғы үштіктер қатарында болғаны, түркологияға қатысты конференция, симпозиумдардың сол кездегі астана – Алматы қаласында өтуіне басшылық жасағаны жайында деректер келтірілген.

Келесі мақалада А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тіл мәдениеті бөлімін ұзақ жыл басқарып, сөз мәдениеті ғылымының теориялық негізін, практикалық мәнін айқындауда көп еңбек еткен академик Мәулен Балақайұлының «тіл мәдениеті мен шешендік өнер туралы ой-пікірлері бүгінгі күннің сұранысымен салыстыра-салғастыра» баяндалған. Ғалымның осыдан елу жыл бұрын жазылған «Қазақ тілінің мәдениеті» атты ғылыми еңбегінде бұқаралық ақпарат құралдарында, кітаптарда тіл мәдениетіне нұқсан келтіретін орфографиялық, орфоэпиялық және стильдік қателердің кездесетіндігі сыналып, сондай-ақ әрбір сөздің дұрыс айтылу нормасын сақтап сөйлеу мәселесіне ерекше назар аударылған. Бірақ технология жетілген ХХІ ғасырда да ғалым көрсеткен осы кемшіліктер әлі де орын алуда.

Топтамадағы тағы бір кейіпкер – 33 жасында тұңғыш тіл білімінің ғылым докторы, 35 жасында ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, 36 жасында Ұлттық ғылым академиясының құрылтайшыларының бірі әрі академигі болған Нығмет Сауранбаев.

Қорыта айтқанда, ­К.Құрманәлиевтің мына жаңа туындысы Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойына арналып, академия мүшелерінің ғылымдағы еңбектері, адамдық бейнесі, азаматтық келбеті жайында, яғни ғалымдардың өнегелі өмір өрнектерінің көпшілік назарына сүбелі жинақ ретінде ұсынылуы аса пайдалы қарекет деп білеміз. Олай болса ғылымның көкжиегіне ту тіккен ғалымдардың біреу біліп, біреу білмейтін ғалымдық та, тұлғалық та қасиеттерін паш еткен, ғылымды сүйер жас қауымға, ана тілін құрметтейтін барша жұртқа арналған туындының бағы жанып, оқырманы көп боларына сеніміміз мол.

 

Жаңалық БАЛТАБАЕВА,

педагогика ғылымдарының

докторы, профессор

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + seven =