Тіл – достықтың алтын көпірі

0 52

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның 25 жылдығына орай «Тіл – достықтың алтын көпірі» байқауы өтті. Сайысқа қатысушы этномәдени бірлестік өкілдері барлық санитарлық ережелерді қатаң сақтады.

«Елбасының «қазақ елінің патриоты болу қазақ елін өз жүрегіңде ұялату» деген қанатты сөзі бар. Мемлекет бар жерде тіл болу керек. Бұл байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді. Сайыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау қазақ халқының мәдениетін таныту» деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.
Байқау шартына сай қатысушылар 3 кезеңнен тұратын айналымда бақ сынады. Бірінші кезеңде қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көрініс қойса, екінші айналымда үй тапсырмасына дайындап келген «Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этномәдени орталықтың маңыздылығы» немесе «Тіл – достықтың көпірі» тақырыптарында бейнеролик көрсетті. Үшінші кезеңде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармаларын мәнерлеп оқыды.
«Біз ассамблея ұйымдастырған барлық шараларға белсене қатысамыз. Мұндай шаралар этностар арасындағы достық пен жылылықты, татулықты нығайтады. Осы жолғы байқауға қатысу барысында қазақ салт-дәстүрін тереңінен зерттедік» деді «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі Исламбек Омаров.
Тартысқа толы байқаудың нәтижесі бойынша 1-орынды «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, 2-орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы, ал 3-орынды Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы филиалы иеленді. Көрерменсіз өткен кешті Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік желідегі парақшаларынан тамашалауға болады.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 8 =