Тікелей эфирде тамашалаңыздар!

0 81

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты мәдениет пен өнер ордаларының барлығы дерлік қазіргі карантин уақытында онлайн режимде қызмет көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, қаланың мемлекеттік академиялық филармониясы ұжымдары мен әртістері концерттерін мәдени ошақтың You Tube-каналынан және фейсбуктегі парақшаларынан тамашалауға болады. Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры актерлері инстаграм арқылы тікелей эфирге шығып, күн сайын онлайн-сұхбаттарды беруде.Филармонияның шығармашылық ұжымдары «Біз біргеміз» республикалық шарасын қолдап, көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін бір уақытта шырқады. Естай Мұқашев, Нұрбол Балапанов, Шаһризада Тыныштық, Рүс­тем Жүгінісов, т. б. классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің әншілері аса көрнекті ақын Қадыр Мырза-Әлінің өлеңіне жазылған бұл туындыны асқақтата орындап шықты.
Халық әні бөлімі де тыс қалған жоқ. Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, Күнсұлу Тұрлыбекова, Айдос Оңғарбай, Данияр Мұқан, Әйгерім Нартүйе, Айнұр Қоныс­баева, Нұржан Мейірхан, Қазақ оркестрінің дирижері, Мәдениет қайраткері, күйші, композитор Нұрлан Бекенов тікелей эфирде концерт берді. Филармонияның фейсбуктегі парақшасынан осы ұжымның белгілі өнерпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, Арайлым Рақымқызы, басқа да әнші, күйшілердің орындауында шығармаларды тыңдауға болады.
Бір айта кетерлігі, филармония ұжымы онлайн концерттерді беріп қана қоймай, қазіргі күрделі жағдайда волонтерлік қызметке де атсалысып жатыр. Таяуда өнер ошағы директорының орынбасары Олжас Сыдықбек бастаған өнерпаздар Алматы ауданында тұратын еңбек ардагерлері мен қарт адамдардың, асыраушысынан айырылған және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне барып, азық-түлік пен гигиеналық заттарды тапсырды. Ал кос­тюмдермен қамтамасыз ету бөлімінің немесе тігін шеберханасының қыз­меткерлері беттұмша тігіп, халыққа тегін таратты.
27 наурыз күні – Халық­аралық театр күні. Биыл карантинге байланысты бұл мереке атаусыз қалды. Әртістер әріптестерін және театр сүйер қауымды әлеуметтік желілер арқылы құттықтауға мәжбүр болды.
Театр қызметкерлерінің төл мерекесінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры, Қазақстан Театрлар ассоциациясының вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, РhD докторы Асхат Маемиров тікелей эфирде онлайн сұхбатты бастап берді. Одан кейін аталмыш театр әртістері мұны іліп алып кетті. Өткен жұма күнінен бері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыс­тықбаев, Нүркен Өтеуілов, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Айнұр Бермұхамбетова, Жанқалдыбек Төленбаев, «Серпер» жастар сыйлығының иегерлері Сая Тоқманғалиева, Шах-Мұрат Ордабаев, Олжас Жақыпбек, Жанат Оспанов, театр және кино актері Асылбек Қа­паев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лау­реаты Алтынгүл Серкебаева әлеуметтік желі қолданушыларымен сұхбаттасты.
Кеше тікелей эфирге театр­дың жас әртістері ­Айнұр Жетпісбаева, Нұрсұлтан Есен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев, актер Жәнібек Мұсаев шықты. Бұл үрдіс бүгін де, ертең де жалғасады. Жалпы, Қаллекиліктер карантин аяқталғанша онлайн сұхбатты тоқтатпауды жоспарлап отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =