Тиімсіз жобадан қайтарым жоқ

0 15

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау саласында орын алған түрлі заң бұзушылықтардың салдарынан жалпы сомасы 3 266 787,6 мың теңге тиімсіз жұмсалған. Бұл жайт 2017 жылдың 1 қаңтарынан 2019 жылдың қыркүйегі аралығына дейін жүргізілген мемлекеттік аудит барысында анықталды.Сарыарқа ауданы әкімдігінде ақпанның 20 жұлдызында ревизиялық комиссия мемлекеттік аудиттің қорытындысын жариялады. Комиссия мүшесі Е.Лебо есепті мерзім ішінде мемлекеттік кәсіпорындарда 1 512 376,7 мың теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары орын алып, 17 436,3 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарланғаны және 1 736 974,6 мың теңге тиімсіз жұмсалғаны туралы мәлім етті.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова жиынға қатысушыларды осы саладағы жалпы жағдаймен таныстыра келіп, емдеу мекемелері «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 2016-2019 жылдарға арналған барлық көрсеткіштеріне қол жеткізгенін атап өтті. Сонымен қатар денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуде, салауатты өмір салтын насихаттауда бірқатар индикаторлардың орындалмай қалғанын да жасырмады.
Бір қынжылтатындығы, «Денсау­лық» бағдарламасының, Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың және бюджеттік бағдарламалардың жекелеген индикаторлары мен көрсеткіштері арасында өзара үйлесімділік жоқ. Бюджеттік бағдарламаларды жоспарлаудың және жүзеге асырудың заңға қайшы келетін тұстары мен кемшіліктері кездеседі.
Мәселен, жаңадан пайдалануға берілетін емдеу мекемелерін басқаратын ұйымдармен тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және қызмет көрсету тарифтері белгіленбей жатып шарт жасала беретін болған. Сондай-ақ Басқарма «Орталық жол ауруханасы» ЖШС-на күрделу жөндеу жұмыс­тарын бюджеттік заң талаптарын ескермей жүргізген.
Аудит кезінде әскерге шақырушыларға жыл сайын ТМКМК ­(тегін медициналық көмектік мемлекеттік көлемі) аясында берілетін қаржы жасөспірімдерді дәрігерлік тексерістен өткізудің барлық шығындарын жаба алмайтындығы анықталған. Сөйте тұра, 1 шақырушыға қызмет көрсету үшін қанша қаржы керектігін есептеу механизмі айқын емес.
Қоғамдық денсаулық сақтау ведомствосына қарасты ұйымдарды басқару бойынша өкілетті органның функциялары заң бұзушылықтарға және кемшіліктерге толы. Соның бірі – мемлекеттік кәсіпорындардың қызметтерін сипаттайтын 2017-2019 жылдарға арналған негізгі мақсаттары, міндеттері және көрсеткіштері басқарма тарапынан нақтыланбаған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды