Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тиімді қолдансаң – бақ, талғамсыз тұтынсаң – сор

0 406

Өткен жылдың қазан айында Google компаниясының тапсырысымен KANTAR TNS әлем­нің 63 елінде интернет тұтынушылардың ерекшеліктерін зерттеген. Сондағы қорытынды бойынша біздің отандастарымыздың интернет қолданудағы белсенділігі ғаламдық тенденциядан қалмай келеді. Мәлім болғандай, қазақстандықтардың 64 пайызы интернетке смартфон арқылы қосылады. Ал инстаграм желісіндегі өнер жұлдыз­дарының тікелей эфирін бір мезетте мыңдаған, он мыңдаған адам көретініне қарағанда, интернетке қосылатындардың көбі әлеу­меттік желілерде отырады деп түюге болады. Бұл сөзімізді «АСТ Қазақстан» компаниясының зерттеу нәтижесі де растап отыр: қазақстандықтардың 70 па­йызы әлеуметтік желілерді тұтынады екен.

Осы орайда, он бес жылдай бұрын отандық телеарналардың жай-күйін, әсіресе, тәуелсіз арналардың ұлттық идеологиямызға кереғар жұмыс істеп жатқанын дәлелдеп, шырылдаған Ақселеу Сейдімбектің «телеарналар қазақтың рухын үйді-үйінде тұншықтырып, қазақты үйді-үйінде өлтіріп жатыр» дегені ойға оралады. Қазақстандықтардың 65 пайызы смартфон қолданатынын ескерсек, интернеттегі ұшы-қиыры жоқ ақпараттар, сапасыз, жатпиғылды сайттар мен әртүрлі әлеуметтік желілер замандастарымыздың қолды-қолында санасын улап, жан-дүниесін жұтатып жатқан жоқ па?
Біз уақытымыздың қанша бөлігін әлеуметтік желіде өткіземіз? Ең көп қолданылатын желілердің бірі – инстаграмда, негізінен, жылтыраған суреттер мен бейнежазбалар ғана жарияланады, ол жастардың талғамына қалай ықпал етіп отыр? Парақшасына адам жинау үшін талғамсыз өнер мен жабайы қылықтар көрсетуден тайынбайтын жастар қайда бара жатыр? Ал көп жағдайда елдің әлеу­меттік-экономикалық, саяси-мәдени мәселелерін талқылап, ел жаңалықтары із суымай жарияланып отыратын фейсбук ақпарат құралдарының орнын басып келе ме? Қоғам өмірінің күнделікті тынысына айналып бара жатқан осы әлеуметтік желілер арқылы ел өміріне ықпал етуге бола ма? Әлеуметтік желілердегі еркіндік еліміздегі демократияның көрсеткіші бола ала ма?

Дерек пен дәйек

Қазақстандықтардың 70 пайызы әлеуметтік желілерді қолданады
Желі қолданушылардың ең көп көрсеткіші – Астана мен Шымкент тұрғындары
Астанада әлеуметтік желіге тіркелгендер тұрғындардың 88 пайызын құрайды
Шымкент халқының 61 пайызы әлеу­меттік желілерге тіркелген
Әлеуметтік желіде ер-азаматтарға қарағанда әйелдер көп отырады
Ер азаматтардың 45 пайызы, ал әйелдердің 55 пайызы желіге тіркелген
Интернет қолданушылардың:
72 пайызы көңіл көтеру үшін
75 пайызы интернеттен ақпарат табу үшін
54 пайызы онлайн тапсырмаларды орындау үшін
20 пайызы онлайн контент тарату үшін
36 пайызы өзгелерді онлайн арқылы бірдеңе қолдануға үйрету үшін гаджетте отырады
Интернет қолданушылар арасында ең белсенділері – 25-44 жас аралығындағы азаматтар

 

Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист:

Жұртшылықтың пікір алмасып, бірігетін жері фейсбук болып тұр

– Бүгінгі қоғамға әлеуметтік желілердің ықпалы қандай деп ойлайсыз?
– Рас, бүгінде технология дамып кетті, ғаламторды екінің бірі пайдаланады. Әлеуметтік желілер арқылы ел бір-бірімен жаңалық алмасады, өз басынан өткен, өз төңірегінде болған, өз өлкесінде өрбіген түрлі оқиғаларды бөліседі. Осы әрекеттері арқылы қоғамдық медиакеңістікке өзінің де аз-кем болсын ақпарат таратып жатқанын аңғармайды. Қайда қандай ескерткіш ашылды, қай спектакль қалай өтті, өрт сөндіру көлігі оқыс оқиға орнына неше минутта келді, қайсы көшеде кімді кім қағып кетті – осы мәліметтің біразын біз кейде ең жедел деген ақпараттық сайттардан бұрын әлеуметтік желі қолданушыларының жазбаларынан біліп жатамыз.
Алайда әлеуметтік желілердегі мәліметтің бәрін ақпарат деуге тағы болмайды. Ондағы елдің көбі жеке парақшасына көңілі қалаған нәрсені, турасын айтқанда, не болса соны сала береді. Қыстағы көктайғақта тайып құлаған әжесін дереу демеп, тұрғызып алудың орнына оны ұялы телефонымен суретке түсіріп жатқан немеренің әрекетін көріп, аң-таң болғанбыз. Қазіргі талай жұрттың тірлігі осының о жақ, бұ жағында. Өмірдің ең бір сұрқия көріністерін, сұмдық оқиғаларын теріп алып, эфир толтыру, газет шығару, сайтқа салу – бүгінгі «рейтингшіл» уақыттың айықпас дерті ғой, бұл жағынан да әлеуметтік желілер «ағымға ілесіп жатыр».
Әлеуметтік желілердің ықпалы қазір күшейе бастады. Теледидардан жаңалық қарамай-ақ, тек фейсбук пен твиттерді шолып шығудың өзін жеткілікті санайтындар аз емес. Сол жаңалықтардың өзін ғаламтордан онлайн қарайтындар, әлеуметтік желілерде талқылайтындар да баршылық.
– Инстаграмда, фейсбукте жазып, елді шулатып, қандай да бір мәселелерді шешуге бола ма?
– Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында ашық айтылып-жазыла бермейтін көкейкесті мәселелер, елді алаңдатқан, көптің көңілін күпті еткен түйткілді жайттар осы әлеуметтік желіде кеңінен қамтылып, жан-жақты әңгіменің, кейде дау-дамайдың арқауына айналатын болды. Жерге, тілге, жекелеген әлеуметтік оқиғаларға байланысты жұртшылықтың пікір алмасатын, бірігетін жері де осы әлеуметтік желі, оның ішінде фейсбук болып тұр. Мәселен, жақында Сарыағаштағы жас баланың зорлық көрген оқиғасының жай-жапсары ең алдымен әлеуметтік желілердегі жазбалар арқылы кеңінен таралып, қылмыс­тық істің қозғалуына түрткі болды.
Алайда әлеуметтің пікірі билік шешіміне үнемі ықпал ете береді деу артық болар еді. Жұртшылықтың ұзақ уақыт талқысына түскен, талай сын айтылып, мін тағылған, тіпті кей кездері келемежге де айналған министрлер, әкімдер, басқа да шенеуніктер түк те болмастан, сол күйі қызметін атқарып келеді. Әлеуметтік желідегі қырағы да қырғын сынға қарап, солардың бірі болмаса, бірі орнынан айырылатындай әсер қалдырғанымен, жеме-жемге келгенде, ол сынның бәрі де көпшіліктің ішкі ашу-ызасын шығарғаннан басқа еш әсер берген жоқ.
– Әлеуметтік желілердің жастарға ықпалы қалай?
– Қазір өзін әлеуметтік желіден тыс сезіне алмайтын, соған байланып қалған жастар көбе­йіп барады. Былайғы өмірдегі қызу тіршілік, қарбалас өмір, қызықты қарым-қатынас кейінгі лекке ысырылып қалып жатыр. Ал әлеуметтік желіде түрлі кері ықпалды, бұзық пиғылды ақпараттар да өріп жүретіні белгілі. Осы жағы алаңдатады.

Мұрат ӘБЕНОВ, қоғам қайраткері:

Қазір теледидарға телміретіндер аз

– Бүгінгі күні қоғамда БАҚ ықпалынан гөрі әлеуметтік желілердің ықпалы артып келе жатқан секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Соңғы он жылда интернет дамуында үлкен өзгерістер болды. Мысалы, 2017 жылы Еуропада жарнама берушілердің елеулі қаржысы интернет сайттарына жұмсалған. Ресейде бұл көрсеткіш 41 миллиард рубльді құрапты. Ал Америкада 2018 жылы бірінші рет телеарналардағы жарнамаға кеткен қаражаттан гөрі интернеттегі жарнамаға жұмсалған қаражат біршама артық болып шыққан. Неге жарнаманы бәрі интернет­ке бергісі келеді? Өйткені сол тиімді болып тұр. Газет-журналдар тиражы өсіп жатқан жоқ. Ал телеарналардың өзі уақытқа, даму жылдамдығына ілесе алмай келе жатыр. Қазір теледидарды да көп адам көре бермейді. Оны көп жағдайда ақшасы аз, смартфон сатып ала алмайтын, үйіне интернет тарта алмайтын азаматтар және бұрынғы буын, яғни үлкендер ғана тұтынады десем, артық емес. Себебі әр азаматтың қазір ақпаратты тікелей алуға мүмкіндігі бар. Бұрын ақпарат алу үшін теледидар, газеттер қарайтын болса, қазір смартфоннан, компьютерден қарайды. Сонымен бірге, әр азамат тікелей өзі ақпарат тарата алады. Ол үшін журналист болудың да қажеті жоқ. Бұрын ақпарат бергісі келетін азаматтар журналистің көзқарасына тәуелді болатын. Редакциядағылардың біліміне, көзқарасына, ұстанымына үйлессе ғана өз материалын тарата алатын. Оның бір кемшілігі, ақпараттар біржақты пікір қалыптастырушы еді және оны БАҚ иелері көп пайдаланды. Ал қазір әр азамат өз пікірін өзі қалыптастырады.
– Бізде билік әлеуметтік желілермен, оны тұтынушылардың пікірімен санаса ма? Әлеуметтік желі арқылы ел өміріне, билікке ықпал етуге бола ма?
– Әлеуметтік желідегі жазбаның бәрі билікке әсер етпейтіні анық. Мысалы, инстаграмда шыққан дүниелер әсер ете алмайды. Өйткені оны көп жағдайда шоу-­бизнес өкілдері, тележұлдыздар, актерлер көп қолданады. Желі белсенділерінің парақшаларына жарнама салып отыратын сауда орындарына, бизнесмендерге инстаграм, бәлкім, әсер етуі мүмкін. Ал билікке әсер ететін әлеуметтік желі Қазақстанда фейсбук қана.
Әлеуметтік желі қолданушылардың орташа бет-бейнесін құратын болсақ, ВКонтактені пайдаланатындардың көпшілігі – 15-18 жастағы жасөспірімдер. Олар көбінесе сурет, видео көреді. Инстаграмда да, негізінен, жастар отырады. Олар да әртістердің киімі мен сәнін қызықтап, ол жерді дүкен ретінде пайдаланады. Ал қоғамның ең маңызды өкілдері көбінесе фейсбукке тіркелген. Елдің өзекті мәселелері сонда талқыланып, айналасына сөзі өтетін, салмақты тұлғалар сол жерде пікірін білдіреді. Ондай азаматтардың артында, әрине, жүздеген, мыңдаған адам тұр. Сондықтан билік олардың сөзіне көңіл бөлуге мәжбүр.
– Әлеуметтік желі арқылы қандай да бір мәселе шешілген кездер болды ма?
– Жекелеген жағдайларды айтпағанда, биліктің қабылдаған шешімдері осы желідегі пікірлерден соң өзгерген кездер болды… Оны атап айтпай-ақ қояйын, көпшіліктің көз алдында болып отыр ғой. Жалпы, фейсбук ел мүддесін жариялап, көрсетіп, билікке талап қоюда қарапа­йым халыққа қалай тиімді болса, билікке де қоғам көзқарасын біліп, қоғамның тамырын басып отыру үшін өте ыңғайлы болып отыр. Кейде тіпті кейбір мәселелерді абайсызда жариялап жіберген болып, әлеуметтік желіден елдің қалай қабылдайтынын бақылап алатынын байқаймын.
Қазір фейсбуктегі аудитория мықты. Олар кез келген түйткілді, елдің мәселесін, биліктің қадамын сынап, түзей алады. Сол секілді фейсбук қолданушылардың өз пікірлерін біріктіріп, билікке ортақ шешімін, ортақ ұстанымын топ болып жеткізуге мүмкіндігі бар. Ал ондағы белсенді адамдар біріккенде билік санаспаса болмайды, әрине. Және бұл тренд енді уақыт өткен сайын күшейе береді.
– Айтпақшы, кейде қандай да бір оқиға немесе қандай да бір тұлға туралы пікір қалыптастыру үшін билік блогерлерге ақша төлеп, тапсырма береді екен деген әңгіме бар. Бұл да сол әлеуметтік желілердің ықпалды болып отырғанының дәлелі емес пе?
– Менің ойымша, расында, билік сондай құралды да пайдаланатын сияқты. Бірақ блогерлерге әлдене жаздыру үшін ақша төлей ме, әлде басқа келісімге келе ме – ол жағын білмеймін. «Мынаған ақша төлеп айтқызған» деп ешкімді қолынан ұстап көрсете алмаймын. Ондай ақпарат жоқ. Бірақ жалпы айтқанда, кез келген мүддені қорғау үшін жеке адамдар болсын, билік болсын қоғамдағы сөзі өтетін азаматтарға жүгінеді. Сөзі өтетін адамдар елде бұрыннан болған. Қазір де бар. Оның біреуі блогер болуы мүмкін, келесі біреуі жай ауылдағы сөзінің салмағы бар қарапайым адам болуы мүмкін. Және олар кейде біреудің мүддесін қорғағанда бақай есеппен соған барып жатса, кейде пара алуы мүмкін, не өзінің көңілі соғып, біреудің сөзін сөйлеуі мүмкін. Сонда да ақылы бар азаматтар өзінің жылдап жиған абыройын бір күнде төгіп алуға қорқады деп ойлаймын.

Ерлан ОСПАН, IT сарапшы:

Әлеуметтік желі зияннан гөрі пайда әкеліп жатыр

– Бұрын «БАҚ ықпалдылығы» жа­йында айтатынбыз. Қазір газет, телеарна, радиодан гөрі әлеуметтік желілер ықпалды болып отыр дегенмен келісесіз бе?
– Келісемін. «БАҚ» деген – бар болғаны біздің санамыздағы, заңдық статусы бар ұғым ғой. Ендеше, қазір қандай түрдегі коммуникациялық құралдың «наны жүріп тұр» – соның ықпалы басым болады. Бәлкім, Полинезияда енді ғана FM-радио «БАҚ» боп есептеліп жатқан болар. Бізде болса, соңғы мәліметтер бойынша – қолда 20 млн GSM-телефон бар. Олардың ең болмаса жартысы смартфон десек, оған қызметтік және үйдегі компьютерлерді және қоссақ – классикалық БАҚ-тың күні өткенін көреміз. Қазір кейбіреулер тіпті теледидар алмайды да, себебі біздің буын – интернет тұрғанда оның қажеттігін ұғына алар емес. TV мен радио тек жас ерекшелігіне қарай қолданылатын ақпарат көзі боп қалып отыр.
Әлеуметтік желінің ықпалы са­йып келгенде – архетиптік санамызда. Мысалы, қайсыбір әлеуметтік желіге тіркелген; тегтеуге, қазақшаласақ – «дүйім жұрттың көзінше «атын атап, түсін түстеуге» болатын әкім-қаралардың жариялы қоғам үшін құны артып келеді. Бұл біздің архетип ойы­мызға, яғни «адал адамның жасыратын түгі жоқ» деген түйсігімізді қытықтайды. Әлбетте, біз ондай ашық адамға бейсана деңгейде ұмтыламыз, оны ұнатып қаламыз. Осы орайда, кері байланысты құп көрмеуі себепті – тек газет пен телерадионы таңдайтын дөкейлер жастардың арасында тек күлкі шақыратынын айта кетейін.
– Әлеуметтік желілер арқылы бізде билік шешіміне ықпал етуге бола ма? Билік әлеуметтік желілермен санаса ма? Яғни желілердің саясатқа ықпалы қандай?
– Биліктің бар мазмұны, генезисі – халықтың тынысы. Сондықтан билік әлеуметтік желілерді назарда ұстап отырғаны рас, тіпті білдей министрлік бар ғой бізде. Желілермен санас­қанда қандай, санасып жатыр ғой. Бірақ назар аударарлық жәйттер де баршылық.
Біздің әділет жүйеміз – роман-германдық негізде, яғни «дәлел керек» дейміз. Дәл сол уақытта – әлеуметтік желі арқылы бізге америкалық прецеденттік жүйе сіңісіп келе жатыр. Яғни күдікті қоғамды иландырса жеткілікті: ар жағында билік, қоғам нені қабылдаса, сол шешімді құп көре салады. Ендеше, кәдімгі алаяқтардың да ақталып кетуі ғажап емес. Бірақ бүгінгі күннің шындығында әлеуметтік желі зияннан гөрі пайда әкеліп жатқанын айтуға болады. Жоғалған әмияннан бастап балаға дейін «иесін» тауып жатыр.
– Ал әлеуметтік желілер ел мәдениетіне, жастардың тәрбиесіне қалай ықпал етіп жатыр деп ойлайсыз? Мысалы, фейсбук, инстаграм…
– Тікелей ықпал етіп жатыр, оған қоса, «ата-ана» институтымен жарысып, тіпті озып келе жатыр. Интернет­ке байланысты, «тәрбие» ұғымының парадигмасы да өзгеріп отыр. Бүгінде жастар мен балаларға – жасы үлкен болуы себепті беделді адам жоқ. Қазіргі жастар іспен дәлелдеуді талап етеді. Оларға бұрын «жалғыз өзің он бес фашист өлтіргеніңнің» еш қызығы жоқ. Олар сол кемеңгерлікті дәл қазір – онлайн, реалтайм қайталауыңды, дәлелдеуіңді сұрайды. Ол дұрыс та. Себебі ұлылық – бір рет алып тастайтын биік емес, күнде алуға тиіс биік.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды