©2020 Астана Ақшамы
Тибеттіктер төлқұжатсыз қалды
ПЕКИН. Қытай билігі Тибет тұрғындарын төлқұжатсыз қалдырды. Бұған себеп, қаңтар айының басында бірнеше мыңдаған Тибет халқының шетел асып, Үндістандағы діни рәсімге қатысып келуі себеп болып отыр.
Бұл жиынға Тибеттен қуылған XIV Далай-ламаның да болғанын естіп-білген ресми Қытай астыртын түрде осындай қадамға барып отыр. Он күнге созылған діни рәсімнен оралған азаматтардың көпшілігі қамауға алынып, «зиянды ақпараттар алғаны үшін қайта тәрбиеленуге жіберілген».
Енді тибеттіктер үшін төлқұжат алу – күрделі шаруаға айналды. Негізінен қытайлықтарға төлқұжат рәсімдеу аса қиын емес. Тиісті өтініш жазылғаннан кейін 15 күннің ішінде төлқұжаты келеді. Егер тиісті мерзім ішінде құжат қолға тимесе, онда алты күннің ішінде ресми орган себебін көрсетіп, арнайы хат жібереді. Бәріне ортақ бұл заң енді тибеттіктерге жүрмейді. Олардың өтініші алдымен әртүрлі деңгейдегі шенеуніктердің қолынан өтеді. Жан-жақты тексеріліп, өтініш иесінің ата-тегі мұқият сұрыпталғаннан кейін барып арыз Тибет автономды ауданның орталық полиция бөлімшесіне келіп түседі. Мұндай «қағазбастылықтың» шаруасы шаш-етектен көрінеді. Сондықтан қатардағы Тибет азаматына паспорт алу мұңға айналып отыр.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ