Теріс пікірдің шеңгелін шектеу керек

0 254

Стереотиптік ойлау – бұл адам санасына күштеп, белгілі бір адамдардың ықпалымен енгізілген тұжырымның көрінісі. Айтылған жайт адамнан адамдарға жетіп, миларының ішкі түйсігінде қалып, оның екпінімен көптің көкейінде жүйелене бастайды. Ақырында құрсаумен нығыздалған ойымыз тұмшаланып, оқиғаға басқа көзбен қаратпастан кеңірек ойлауға ерінетін боламыз.

b13299dc90be1bf22c8371e29eaa1a46

Соңғы отыз жылда пайда болған қыңыр «стереотип» қоғамды надандыққа бастап бара жатқанын айтуымыз керек. Ол кержақ пікір «Қазір газетті кім оқиды?», «Газеттің керегі не?», «Қазақ газеттерін оқудың қажеті жоқ» дегендей көбімізге таныс. Жаманы, өмірінде бір газеттің бетін ашып көрмегендер осы сөзді естіген жерде құлшына қостай түсетін болды.

Игі шаруаның бір пұшпағын илеп жүрген соң, бұл ойлардың қалай шыққанын, неге шыққанын, кімдер қалыптас­тырғанын тағы басқадай  объективті және субъективті себептері біздерге жақсы мәлім. Әсіресе соңғы кездері еліміздің барша ұстаздар қауымының «күштеп» жаздырады деген желеуі құзырлы министрліктер тарапынан қолдау тауып, білім беру саласында жүргендердің дені газет-журнал жаздырып оқудан саналы түрде бас тартқаны белгілі. Солай-ақ болсын. Мүмкін бір отбасында үш мұғалім болса, күн сайын бір газеттің үш данасы келіп онысы оқығанынан артылып,  артығын отқа жаққаннан да болар. Алайда осы қауіпті пікір, көптегендердің қолайына келіп, іздену, оқу, үйрену, ілімін арттыру, ортақ мәселелердің айналасында топтасу сияқты адамдардың көкірек көзін ашатын жолдарды бітей бастағандай.

Кісімсінгендердің «керегін әлеуметтік желілерден оқып аламыз, сайттан қараймыз» деген пікірлері де газет пен оқырмандардың арасын суытты.

Өткен ғасырдың басында айтылған «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі үлкен жанашырлықпен айтылғанын пайымдау қиын емес.

Қарап отырсаңыз, Алаш ардақтылары замана талабына қарай халықты оятып, тек қайраткерлікпен емес, ағартушылық қызметке де орасан зор күш жұмсады. Сондықтан да олар ұстаз, саясаткер, жазушы әрі ақын, әрі жорналшы әрі шежіреші, әрі тарихшы дегендей бар міндетті қатар алып жүрді. Ондағы мақсат ағартушылықты алға шығарғандығы еді. Жылдар өте келе саясатпен – саясатшы, әдебиетпен – жазушы айналысып, ақыны өзінің өлеңін жазатын болды. Ұстаздар бала оқытып, жорналшы газетін шығарып дегендей асыл мұраттарының шеңберін белгіледі. Алайда халыққа қызметтің қақ ортасында жүрген, жоғарыда айтылған салалардың  тоқайласатын тұсы газетіміз «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып қала берді, қала бермек. Ұлт ұстазы белгілеген міндетті ешкімнің өзгертуіне қақысы жоқ.

Газет ісінің де басқадай бұқаралық ақпарат құралдарындай өзіндік даму жолы бар. Кезеңнің келбетін беретін болғандықтан сөзі де, пікірі де өзгеріп отырады. Бірақ өзгермейтін бір нәрсе бар. Ол – адалдық. Яғни, қаламға – адалдық,  қызметке – адалдық, оқыр­манға – адалдық.

Адамның талғамы әртүрлі болуымен қатар біртұтас халықтың жүрегін қозғайтын, ұлт болып ұйыстыратын дүниелер бар. Ол – руханият, ол – тарих, ол – барша адамзатқа тән ортақ құндылықтар. Бұл өзі бір мәуелі бақ секілді. Қалағаныңды теріп жеуге болады. Газеттің мәуелі баққа қандай қатысы бар дейсіз бе? Газет беттерінде тек ақпарат ағынымен қатар, сол бақтың жемісін, бүгінгі күндегі көрінісін ұсынамыз. Халыққа қат нәрсені тауып жазып, оқырманның көзін ашып, намысын қайрайтын мақалалар сол баудың бір жемісіндей кейде тәтті кейде ащы шығады.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездегі сөздің киесін түсінбейтіндер қолына қалам алып, асқан белсенділікпен әлеуметтік желіні билеп алып. Бұрын-соңды ортаға қарап айтылмайтын, көпке таңылмайтын татымсыз нәрселермен  дүниені толтырып жіберіп елдің назарын өзіне аударды. Тұшынбайтын нәрселермен ауызданғандар тәттісін қайдан айырсын? Ақырында бір биікке қарап бой тіктемеген соң қоғамның мәдени деңгейі де, адамның өресі де осылай құлдырап кетті.

О бастан газетті жоққа шығарушы ұстаздар қауымы екенін басында айттық.  Жалақымыз жетпейді деп әрі кеткенде тойға киетін көйлектің жарты бағасына жетпейтін газеттің құнын ауырлап, газет оқудан бас тартты. Бұрындары жаздыру науқанына араласатын жергілікті атқару органдары да көптің ыңғайына қарап тартынып қалды. Соның нәтижесінде оқушымен ортақ тіл табыса алмайтын мұғалімдердің көбейгенін көрдік. Сол мұғалімдер бір ұжымда жұмыс істей білу жолынан жаңылды. Оның дәлелін аспаннан алып отырғаным жоқ. Желі жеткізіп отыр. Ақырында «анау жақпайды мынау жақпайды, қағаз толтырмаймыз, айналамызды тазаламаймыз» тағысын тағы  ештеңе жақпайтын ұстаздар кейпі ұлық бейнесінен ажырап көшенің  «көкбеттеріне» айналып келеді. Бұл – бүгінгі ұстаздарға ілінген «стереотип». Осылайша қандай да болсын тығырықтан біліктілігімен жол тауып, өзі міндетіне адалдығы әдірем қалды. Неге мұғалімдер қауымына тиісіп отырмын. Мұғалімдік миссия өте ауыр. Оның бар жақсылығы, жамандығымен қоса, тек адамның бағы мен соры болып қана қоймай, барша қоғамның алдынан шығады. Шәкіртті қоғамнан бөліп тәрбиелеуге болмайды. Ендеше, желілердегі жел сөз емес, газет беттеріндегі қоғамға ортақ дүниелерді талдамай, болып жатқан өзгерістердің жақсы мен жаманын таңдай алмай, жақсыға қарап бой түземесе, онда ағартушылық қызметінен не қайыр?

Бұл – газетшінің сөзі. Ендігі жерде қалыптасып келе жатқан шеңгелдің шеңберінен шықпасақ, дерт ұлттың жүрегін де жаралайды. Осы істің жандануына атсалысып, мәдениеттің дамуына қарай бірлесе күш салмасақ, Абайдың «қайран сөзім қор болды…» дегеннен басқа амал қалмайды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =