Терін сатпай, телміріп…

0 36

Қазір баспасөз беттерінде Ұлы Абайдың 175-жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген мақалалар шығып жатыр. Сол еңбектерді, жалпы газеттерді оқитындар көп пе, оқымайтындар көп пе деген ой келеді. Менің ойымша, соңғысы басым сияқты. Олай дейтінім Кеңес дәуірінде сын айтылған немесе ұсыныс жасалған мақалаларға жауап беріліп, шара қолданылып жататын, ал қазір жұмған ауыздарын ашпайды, себебі оқымағандықтан шығар.

Қазір індетке байланыс­ты бізге, қарттарға үйден шықпаңдар деп отыр. Уақытты өткізу үшін телеэкранға үңілсең мәнді, құнды ештеңе таппайсың. Соны басылымдарға беделді адамдарда жазып жатыр, түк өзгеріс жоқ. «Таңшолпан», «Дара жол», «Ниет» сияқты бағдарламаларды көруші едік, оларды да құртып жіберді. Бұлардың бәрін сөздің ретіне қарай айтып отырмын.
Негізгі қозғайын деп отыр­ған тақырыбым Абай атамыздың «Бес асыл ісі»-нің кейбіреулері. Менің алдымда журналист Мархабат Байғұттың 2013 жылдың 23 шілдесінде «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан өте көлемді мақаласы жатыр. Мархабат мырза әрқайсысын өте әдемі дәлелді жолдармен талдаған. Ал осыны оқып, өзінің өмірлік жолында бағдарлама ретінде ұстанып жүргендер бар ма? Әй, некен саяқ-ау-деймін.
Жалпы, менің пайымдауымша, осы бес асыл іс қазақ идеологиясының өзегі болуы керек. Балалар мекемелерінің тәрбие жұмыстары осы қағидаларға негізделіп, жасөспірімді азамат ретінде қалыптастырса ұстаз өз міндетін толық атқарды деуге болар еді.
Бірінші Ұлы Абайдың талап деген сөзін алайық. Меніңше, талапсыз адам болмайды. Бұл менің ойым, ешкім қол қусырып отырмайды. Біреу жақсылық жаққа талаптанса, енді біреуі жамандық жаққа ұмтылады. Жақсылыққа талаптанғандар өзіне, халқына пайдалы істер атқарса, ал жамандыққа талпынғандар бірінші өзіне зиян келтірсе, екінші жүрген ортасына жамандық жасайды. Осы балалардың бәрі бір мектепте, бір мұғалімдерден тәрбие алған. Неге әртүрлі?
Балалар мекемелерінде тәрбие жұмысы жүргізіледі, көбіне жалпылама түрде. Оқушының ерекшілігі, мінез-құлқы, ата-аналарының жағдайы, жүрген ортасы т.б. тынғылықты ескерілмейді. Біз көбіне тыныш отырған баланы құрметтейміз, ал мінезді тыныш отыра алмайтындарды тәртіпсіздер қатарына жатқызамыз. Осындай балалардан бір өнер шығады. Оның жақсы болуы да мүмкін. Ал жаман болмау үшін, ол баланы терең зерттеу қажет. Қазір мектептерде штат ұлғайтылған, солардың ішінде директордың ғылым жөніндегі орынбасары, психолог және басқада мамандар бар. Солар ғылыми негізде қызмет жасап, әрбір оқушыны терең зерттеп, ата-анамен, жүрген ортасымен бірігіп жұмыс атқарса, өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Бірақ көпшілік жағдайда білім саласының басшылықтары оған мүмкіндік бермейді. Бізде қаптаған қажеті шамалы, баланың өсіп дамуына пайдасы аз шараларға дайындайды, уақытты босқа өткізу ғой. Сонымен уақыттары өтіп жатады. Кейде мұғалімдерді аяймын. Басқа қызметкерлер кеңседен кеткен соң уақыттары бос, ал ұстаздар үйіне келген соң да ертеңгі сабақтарға дайындалуы керек, оның үстіне балалар мекемелерінде істейтіндердің басым көпшілігі әйелдер. Үй шаруасы бар. Жалпы, оқытушылардың қатарында еркек қауымның көбірек болғаны дұрыс болар еді. Ол үшін еңбек ақылары жоғары болу қажет. Жаңа заң қабылданды, ол да жартылай шешім бе деген ойға келемін. Байқап отырсам, медицина мен білім саласында басшылардың қатарында да ер-азаматтар сиреп бара жатқан сияқты. Бұл менің әйелдерді кемітіп отыр­ғаным емес, ол кісілер мені кешірсін. Әйелдердің ішінде де еркектердің кейбіреуі­нен жақсы басқаратындар жеткілікті. Жалпы, еркек пен әйелдің басқару әдістерінде өзгешеліктер бар.
Ұлы Абай еңбек тақырыбына баса көңіл бөледі. Баланы сәби кезінен еңбекке бейімдесе, өсе келе еңбекқор болады. Мысалы екі-үш жастағы балаға үйдегі қоқысты шығарып кел десең, бала жүгіре жөнеледі. Осылай жасына қарай тапсыр­ма беріп отырса бала соған дағдыланады. Ауыл балалары қала балаларына қарағанда қол еңбегіне икемділеу келеді деп ойлаймын. Өйткені олар дала жұмыстарына, жас кезінен ата-аналарына көмекші болып өседі. Қала балаларына да жұмыс табуға болады. Біз үй жұмысы қыз балалардікі деп ойлаймыз. Негізінде осы жұмысқа ұл балаларды да тартуға болады. Бірде екі немерем Әліби мен Санжар келіп, үйді тазалап, шаңсорғышпен жұмыс істеп, атасы мен әжесіне көмектесіп кетті. Жұмыс істеулеріне қарап, бұл олардың күнделікті үйдегі істері екенін байқадым. Енді кішкентай немерелерім Ибраһим мен Әлиханның айтуынша, олар үйде бақша суарып, ыдыс жуады екен.
Абай атамыз «… шошимын кейінгі жас балалардан; Терін сатпай, телміріп, көзін сатып…» дегені жастарымыздың еңбекке құлықсыз екендігін байқатады. Ондай жастар ортамызда бір шама кездеседі. Ата-анасының зейнетақысына қарап отырған немесе жеңіл-желпі жұмыс­тарды атқарып жүрген ұл балалар баршылық. Менің байқағаным ұл балалардың біразы мейрамханаларда даяшы немесе жолаушылар көлігінде жолсерік қыз­меттерін атқарып жүрсе, қыз-келіншектеріміз қыс­тың аязында көшеде қар тазалап жүреді. Неге олай, керісінше болуы керек қой. «Үш жылдығын ойламаған еркектен без» дейді дана халқымыз. Ауылда жұмыс жоқ дейміз. Жұмыс бар, соған мойын бұра бермейді көбі. Жас кезімізде ауылда үлкендерге көмектесіп, қол шалғымен шөп шауып, ат-арбамен шөпті үйге таситынбыз. Отын дайын­дайтынбыз. Үйдің жанына картоп отырғызатынбыз. Осындай әдіспен өзімізді-өзіміз асырайтынбыз. Мал өсіруге кім кедергі жасап отыр? Ауылға барғанда осыны кейбір тұрғындардан сұрасам: «Ол өзін-өзі ақтамайды, шөпті сатып алу керек» деген сылтаулар айтады. Ештеңе сатып алмай, өзің дайындасаң болады. Әрине, оған біраз тер төгу керек. Ата-бабамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалы дұрыс айтылған.
Қазір Үкімет коронавирусқа байланысты қолдау ретінде белгілі бір қаржы беріп жатыр. Меніңше, мұндай көмекті еңбекке жарамсыздарға беріп, он екі мүшесі сауларға балық емес қармақ беру бағытын ұстанған жөн болар еді.
Ойымды Хакім Абайдың мына сөзімен аяқтауды жөн көрдім: «Әуелі Құдайға сыйы­нып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, бәрі бай болады».
Мақтанғаным емес, алпыс жылға тарта адал еңбек еттім, міне бүгін соның зейнетін көріп отырған жағдайым бар.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 17 =