Тергеушіні не толғандырады?

0 173

Көбіне тергеушілер диктофонға ақтарылып сөйлей бермейді, бұл олардың қызметтік мінезі, этикасы болу керек, дегенмен «ресмиленген сұхбаттан» кейін олардың кейбіреуінен біраз жақсы әңгімелер естіп-білуге болатыны жақсы. Егер ашық, еркіндеу, өз пікір-көзқарастары бар тергеуші тап келсе бұл олжа, өйткені бұл қызметтің біз білмейтін құпия сырлары мол. Тергеушілердің жедел қызметкерлерден айыр­машылығы – оларда аналитикалық жұмыстар көп.

Ал бұл аз жұмыс емес. Нұрлан ­Қожахметов – ІІМ тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі. Аға тергеушілік қызметін 2005 жылы бастаған. Павлодар облысында орын алған жасөспірім Шарипованың өліміне қатысты істі, Қостанай облысында орын алған кәмелетке толмаған Виктория Ганяның өліміне қатысты шулы істерді қараған. Бұл оқиғалар туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында ашық айтылды.
«Тергеу процесінде өзгерістер жеткілікті. Әдіс-тәсілдерді жетілдіру керек. «Бізге жүйе көмектеседі дегеннен гөрі біз жүйенің жұмыс істеуіне көмектесеміз» деу керек. Бастапқыда инновацияның жаңалықтарын қабылдауда қиындықтар болады, бірақ уақыт өте бәрі қалыпқа түседі деп ойлаймын. Сонымен бірге 2005 жылдармен салыстырғанда тергеу ісіне қатысты заңнаманың өзі айтарлықтай өзгерді. Қылмыстық іске қатысы бар делінген адамды күдікті деп тану үшін біз прокурордың келісімін есепке алуымыз керек. Бұл жерде фигуранттардың құқығы қорғалуы басты орында болады» дейді ІІМ тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Нұрлан Қожахметов.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда аймақ­аралық қылмыстар, оның ішінде интернет алаяқтығы көбейіп тұр. Халықтың басым бөлігі интернет пен әлеуметтік желілерді пайдаланады, бұл интернетті, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып қылмыс жасауды оңайлатты деуге болады. Қылмыс жасаушыға ыңғайлылығы – олар жәбірленушімен бетпе-бет келмейді, алдап-арбап қажетті мәліметтерді қолға түсіріп алады. Бұл көбіне сату-сатып алуға байланысты болады. Бұл тергеушілерге де өз қиындығын, салдарын тигізуде. Соған орай тергеушілерге әрдайым өз білім-білігін жетілдіріп отыруға тура келеді. Қылмыс жасайтындардың арасында ақылдысы, айлалысы, миы жақсырақ жұмыс істейтіндері аз емес, сондықтан тергеуші олардың адымын тарылтып, бұлтартпас айғақтар табуда олардан он есе мықты болуы тиіс.
ІІМ тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция подполковнигі Нұрлан Қожахметов 1983 жылы туған. Алматыдағы ІІМ академиясын бітірген. Үш баласы бар. «Тергеуші мамандығы сізге не үйретті»? деп сұрадық. Ол бастапқы тым сабырлы қалпынан айнымай, байыппен жауап берді. «Мамандығы адамды көп нәрсеге үйретеді, тергеушіге ұстамдылық, тек қана фактілерге сену, эмоцияға берілмеу мінезі тән. Тергеушілік мамандықтың ерекшелігі – аналитикалық жұмыс қажет. Қылмыстық іс бойынша бәрі анық болып тұрғанның өзінде ар жағында адамдар тағдыры тұрады. Сондықтан тергеуші тек анық, айқын деректемелерге сүйенуі керек. Әруақытта адамгершілік тұрғысынан қарап, әр жағдайды терең зерттеуі тиіс. Әрбір ұсақ-түйекке мән беріп, біреудің бүкіл құпиясына көз жіберу керек. Тіпті бұл ыңғайсыздау болса да, соттың қарауына жібереміз» дейді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − 2 =