«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Теңіз жыршысы

0 165

Астанадағы Ұлттық музейде халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» атты жаңа прозалық кітабының таныстырылымы өтті.

Шараға елордада тұратын қарымды қаламгерлер қатысып, оқырманға жол тартқан жинақтың көтерген жүгі мен маңызы туралы салмақты ой өрбітті. Тұсаукесерді танымал сатирик Көпен Әмірбек әзілмен әрлеп, сырлы сөзбен дәмдеп жүргізіп отырды. Бала күнінде Аралдың тайдай тулаған толқынымен алысып өскен Қ.Жиенбай – әп дегеннен әдебиетке өз тақырыбымен келген жазушы. Содан ба, оны көзіқарақты қауым «Теңіз жыршысы» деп бағалайды. Өйткені сырбаз суреткердің кез келген шығармасында өзі туып өскен өңірдің тағдыры мен адамдардың арманы көркем кестеленген. Бір кезде жағасында шағалалар шулап, қан базар болған Аралдың басына түскен ауыр мұң сөз зергерінің назарынан ешқашан тыс қалған емес.

Ыстығы әлі суып үлгермеген кітаптың тақырыбы да тосын, оқырманды алыстан қол бұлғаған жандай шақырып тұрады. Автор «Жер үстінде де жұмақ бар» романында Байқоңыр космодромы мен Қорқыт баба кесенесі арасындағы «Құдайдың назары түскен» қасиетті топырақтың бүгіні мен келешегі, оның аспан дүниесімен байланысы, болашақта әлемдік деңгейде тыңғылықты зерттеуді қажет ететін киелі мекен болатындығын қатпарлы оймен суреттеген. Ондағы кейіпкерлердің болмысы да дара. Шығарма көтерген мәселесінің ауқымдылығымен де, тылсым құпиялығымен де қызықты. Сондай-ақ, жинаққа енген біршоғыр әңгімелердің дені бүгінгі замандастардың алуан түрлі мінез қайшылықтарын көркем тілмен ашып береді. Және сол адамдардың бейнелері арқылы жалпы қоғам психологиясы мен ауысқан заман бейнесін шеберлікпен бедерлейді.

Кеш барысында кітаптың тұсауын ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Әнес Сарай, Қажығали Мұханбетқалиұлы және белгілі прозашы Марат Мәжитов кесіп, кеш иесіне тілектестіктерін білдіріп, жаңа туынды жайында өз ойларымен бөлісті.

– Әбдіжәміл Нұрпейісовтен кейінгі Аралдың жыршысы – Қуаныш Жиенбай, –деп сөзін бастаған Әнес Сарай кітаптың көтерген жүгі жаһанды алаңдатып отырған мәселе екендігін баса айтты. – Бұл – тақырып жағынан әлемдік маңызы бар мәселе. Байқоңыр секілді космодромның түбіндегі ауылдың тағдырын жазу оңай емес. Романның көздеген мақсаты мен нысанасы бөлек. Сондықтан Қ.Жиенбай қандай көркемдік әдіске барды, өзі көтерген мәселенің өзегіне дөп түсті ме, әлде айналасында шиырлап жүрді ме, оны жинақты толық оқып барып жауап беру керек. Мен кітапты әлі оқып аяқтаған жоқпын. Дегенмен аяқ алысың жаман деп те, шығарманы төрт аяғын тең басып тұрған жорға деп тағы айта алмаймын. Әлде де жетілдіре түсетін тұстар болар деген ойдамын. Менің алғашқы әсерім осындай, – десе, Қ.Мұханбетқалиұлы: – Қуаныштың шығармалары туралы үзілді-кесілді пікір айту қиын, себебі ол түрлі жанрда жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына жеке тоқталуға болады. Бүгінгі роман Қ.Жиенбайдың ілгеріде шыққан «Ән салуға әлі ерте» деген көлемді шығармасымен сабақтас. Автордың бір ерекшелігі – өзі білетін дүниелерге ғана қалам тербейді. Жаңа роман несімен жақсы дегенде, ең алдымен, өзі өмір сүрген ортаның тыныс-тіршілігін жетік білетіндігінің арқасында материалды толық игерген. Сол Байқоңыр, Төретам төңірегіндегі экологиялық ахуалы мен сонда өмір сүріп жатқан адамдардың рухани экологиялық жағдайын қоса өріп шыққан. Бұл шығармада өз елі мен жерінде өгей болған қазақтың қасіретін айтады. Сондай-ақ, жинаққа біраз әңгімелер кіріпті. Өз басым Қуаныштың әңгімелерін қазақ прозасындағы тәуір әңгімелер деп білемін. Бірақ осыған оқырманды күйдіріп-жандыратын құйттай от жетпейтін сияқты көрінеді. Ол үшін жазушыны да кінәлауға болмайды, – деді Қажығали аға.

Сонымен қатар, таныстырылымда Ержұман Смайыл, Марат Мәжит, Жарылқап Бейсенбайұлы, Қайсар Әлім, Бауыржан Омарұлы, Сүлеймен Мәмет, Аманкелді Кеңшілік секілді азаматтар сөз алып, көркем кітаптың қыры мен сыры жайында парасатты пікірлерін білдірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды