Теңіз тарланы

0 412

Бала кезімізде қағаздан, ағаштан қайық жасап жылғаларға жіберген кездеріміз, оның суға батпай, ағыспен жылжығанын көргенде мәз-мейрам болып шаттанғанымыз есімізде шығар. Біреудің қайығы ұзап немесе біреудің қайығы қалыс қалып, ал енді біреуіміздікі тіпті қайраңдап қалатын. Ал біздің кейіпкеріміздің кемесі алысқа ұзағаны соншалық, жылғалармен жүзіп, Арал теңізіне, одан арман-қиялдардың ағысымен шетелге бет алғанға ұқсайды. Яғни арман мен қиял да кеме тәрізді адамды күнделікті сапырылысқан тіршілік тауқыметі мен уайымына тұншықтырмай, әлсін-әлсін алып шығып, алға жылжытып отыратын тәрізді. Сөйтіп, бүгін ой тебірентіп отырған ағамыз сол бала кезгі арманы ма екен, әлде сол балалық шақтағы қиялы жетеледі ме, жолдамамен Одесса қаласындағы теңіз флоты инженерлері институтына оқуға түсіп, кемеге қызығушылығын өрістетіп, маман болып елге оралды. Еңбек жолын бастап, оқуына жолдама берген КСРО Теңіз флоты министрлігінің Арал кеме жөндеу зауытында әртүрлі қызметтерде жұмыс атқарған.

Адамның зейіні бір жұмбақ әлем тәрізді тылсым, мәселен: біреу алғыр, ұғымпаз келеді, ал біреу түсініп болмай, кешеуілдеп қалады. Алғаш осы зауытқа, Одессаға оқуға бармай тұрып жұмысқа орналасқан кезінде кеменің ағаш ұстасы болып бастаған ағамыз еңбек жолы бір өзі он төрт мамандықтың иесі болған, ол да кеменің ағаш ұстасы болып бастаған, мемлекетіне Еуропаның терезесін ашқан, орыстың атақты Петр бірінші патшасын еріксіз еске салады. Иә, Арал теңізі ол кезде жағалай балық шаруашылығы дамыған аймақ болатын. Сонау ата-бабасынан сол өңірді мекендеген балықшы ағайын, бауыр басқан атамекен. Ағамыз Әбдіғали Анарұлы – өмір бойы оқып-түйгені мол, бірнеше мамандықтарды игерген адам. «Өй, осы бір қатырма қағазым болса құдай өлтірмес» деп жүре бермей, ізденіп басқа оқу, басқа мамандық, замана көшіне ілесіп, өзгелерге де үлгі болып, қадамын қарқындатып, басына түскен қиыншылықтарды өзгеге артпай, өзі көтерген нар тұлға жан. «Жан» дейтінім, ағамыздың бойын бір қарапайымдылық жайлап алған тәрізді, оның жасындағы бәз біреу қолы босай қалса, «Ал кімің бар мендей, менің жүрген жолым, менің есіл еңбегім ескерілер емес» деп, артынып-тартынып әкім алдына баруды ойласа, ал біздің ағамыз қолына қалам алып, қозы баққан баладай, өлеңдерін өрбітіп, поэзияның қия шыңдарындағы жыр жайлауына бет бұрған, болмысы ерекше жан. Қазақ даласында ерсілі-қарсылы кеме жүзіп жататын өзен-көлдеріміз саны мардымсыз болғасын ба, «кеме жасаушы» деген сирек мамандық екенін түсініп, тиісті ұйғарым жасауға болар.
Еліміз егемендік алған тұс­та, Каспий теңізінде мұнай кеніштерін салып-игеру бары­сында өзекті тақырып «теңіз бен мұнай» мәселесі маңызды орынға ие болды. Қайда да майданның алдыңғы шебінде жүретін ағамыз еліміздің байлығын арттырып, абыройын асқақтататын мұ­найшы мамандығын игеріп, теңіз жағдайында мұнай өндіру кәсібін өзінің зеректілігімен, әр істің иірілімдігін, негізін тереңнен көтеруге қызығушылығы басым, мінезінің табандылығы арқасында сұраныстағы сауатты маман ретінде сайланып, жаңа саланың жұмыс барысына араласа кетті.
Міне, осы бір әрекетінен ағамыздың қандай іске болсын жеңіл-желпі қарамайтындығын көреміз. Мұнай өндіру еліміздің экономикасына іргелі тұғыр болатындығын сезініп, пайымды болжам жасап, сол іске өзінің теңіз кәсібін терең меңгерген тәжірибесін толымды пайдаланып, еліне қызмет етуді парызы санап, сыбана кіріскен азамат. Жаңа заман төрлеген сайын жаңа мамандардың қажеттілігі туындап тұратындығын бүгінгі көпшілік жастардан бұрын түсінген «көрінген істі көндіріп, өнімін өндіріп» жүре беретін шебер десек сабырлы тұлғасына сайма-сай деп айтар едім. Ол – ағаш ұстасы, кемеші, мұнайшы, құжат айналымын атқарушы, көркем әдеби аудармашы, ғылыми-техникалық аудармашы, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өз ойын жеткізе алатын маман, жалпы алғанда, жұмысты талғамайтын, тапсырыс берушіні алдамайтын адал кісі. Ал қолы босаған уақытында көңілін тербеген көріністерді, сағыныштарды, сезімдерді өзіне тән иірімді өлең жолдарымен көркемдеп, жыр жолдарын төгіп салатын қанына сіңген қасиеті бар. Баспадан «Шағала-сезім» (2001), «Сағыныш сазы» (2006) мен «Толқында туған толғаулар» (2015) поэзиялық кітаптары шықты. Ол бір жағынан ақын болмауына қақысы жоқ, «Сыр елі – жыр елі» демекші, ал оның кеме жасаушы болуына да осы арманшыл жүрегі жетеледі деп ойға тоқталамын. «Арманы биік – қолы жетпестей, сапары ұзақ – жолы жетпестей» деп әнде айтылатын сөздердің мәнінде, тек арманы, мақсаты жоғары адам ғана жасампаздыққа ұмтылатындығын меңзеген.
Қазір айтсақ кейбіреулер сен­бейді, кезінде КСРО Теңіз флоты министрлігі қарамағындағы Арал кеме жөндеу зауытында тұ­рақты түрде, жылына, Одақтың әр жеріне жіберілетін, сыйымдылығы 100 тонналық және 200 тонналық Т-77 және 183 жобалы мұнай және құрғақ жүк тасу кемелері (баржалар), Әмударияда пайда­ланылуға арналған 1606 жобалы 5 кеме тартушылар (бук­сирлер), 424 жобалы кемежайларда өрт сөндіру кемесі, неміс тех­нологиясымен жабдықталған сол кездегі заманауи цехта (ролл-трейлер жасау цехы) жа­салатын, 20, 40 және 60 футты жүк көтерімділікті теңіз контейнерлерін кемежайлар ішінде жүк таситын және «ро-ро» типті кемелерді жабдықтайтын 500 дана ролл-трейлерлер, әртүрлі зәкір шынжырлары жасалған.
Түрлі-түрлі жауапты қызмет­терде жүріп, көптеген ел үшін маңызды жобалардың орын­­далуына шақырылып, кемелерді жасауға бақылаушы және пайдалануға (аудитор, техникалық эксперт) ретінде бастан-аяқ қасында болып, ат­қарысып, әрбір өзекті мәсе­лелердің одан әрі қарқын алуына ұйытқы болған кездерін санаулы ғана мамандар, өзінің әріптес достары ғана біледі. Осы ретте «Жақсылық жасап теңізге лақтыр, балық білмесе, халық біледі» немесе Арал теңізі жағасында өмір сүрген қарақалпақ ақыны Бердақтың «Қадірімді халық білер, халық білмесе балық біледі» деген жыр жолдары еске түседі. Кім білгенде де кейіпкеріміздің бар күш-жігері ел үшін игілікті істерге жұмсалғанын, жұмсала беретіндігін дәлелдеудің қа­жеттілігі жоқ.
Ағамыздың отбасына келсек, әрине, қарапайым адамдар, бірақ іске келгенде «сен тұр, мен атайын» деген жігерлі жұп десе болады. Екеуі де Одессада инженерлік білім алған, бірі – суда жүзетін кеме құрылысының инженері, ал жары – су қуатын реттейтін гидротехникалық инженер. Студенттік балғын жастық шағы бірге өткен қала туралы әңгімені бастау тыңдаушы үшін тебіреніске толы әлем есігін ашқанмен бірдей. Сол атағы шыққан қала тынысының, менталитетінің әсері ме, әйтеуір қалжың әңгімелер айта қалса ағамыз «сіңірі шығып кеткен ауызекі әңгімелердің» өзін өрімін келтіріп ішек-сілемізді қатырады. Наташа апайымыздың студенттік шақтан бірлесіп, жарасып кеткен көңілі кейде ағайынды ағалы-қарындас адамдарды елестетеді.
Ағаш ұстасы болған ағамыз – құжат сынды қағаз ұстасы, әр құжатты дайындауы, оның мұқияттылығы әріптесіне сенім ұялатады. Әбекең кеме жасаушы ретінде кеменің суға батып кетпеуін көздесе, құжат жасаушы ретінде құжаттың жарты жолда келісілу барысынан мүдірмей өтуін көздейді, мемлекеттік маңызы бар құжаттардың әрі қарай жылжи беруін шебер жүзеге асырады. Бұл жалғыз ағамыздың емес, Наташа апайымыздың да серіктесіп, бір-бірін толықтырып отыратындығының көрсеткіші. «Жар» деген сөздің өзі «ердің тірегі» деген мағынаны меңзейді. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп отырған адал жандардың абыройы – амандығы, жанұясының игілігі, берекесі. Құрылысына тікелей және бақылаушы ретінде жанама қатысып, іске асырып суға қондырған аққудай кемелері қазірде теңіз айдынын шарлап, еліміздің судағы шекарасын бақылап, барлап, өздерінің кімнің ойымен, кімнің қолымен жаратылғанын ойлай ма екен…
Әбдіғали Анарұлы Қоянбаев 1954 жылы Қызылорда облы­сы Арал қаласында туған. Маман­дықтары – кеме жасау инженері, мұнай инженері. Одесса теңіз флоты инженерлері институтын, кейіннен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық мем­лекеттік политехникалық уни­верситетін тәмамдаған. Оның су көлігі мен мұнай салаларына байланысты жұмыс өтілі 40 жылдан асады. Еңбек жолын 1970 жылы бұрынғы КСРО Теңіз флоты министрлігінің Арал кеме жөндеу зауытында бастап, су көлігі саласында әр­түрлі инженерлік-техникалық қызметтер атқарған. 1988 жылдан Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінде бас маманнан басқарма басшысы және Теңіз және Өзен Регистрі мемлекеттік мекемесінің директоры қыз­меттерін атқарып, 1996 жылы желтоқсан айында Алматыдан жаңа астанаға министрліктің алғашқы шағын тобы қатарында жанұясымен көшіп, 1999 жылдан бастап Көліктік бақылау комитетінің басқарма басшысы болған. 2000 жылдан ол еліміздің мұнай-газ саласындағы ірі мұнай компаниялары, атап айтқанда «Қазақойл» ҰМК (қазіргі «Қазмұнайгаз», Астана), Қашаған жобасымен шұғылданатын «Аджип ҚКО» (Атырау), «Қазтеңізкөлігіфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясында (Ақтау) әртүрлі қызметтер атқарған.
«Қазақойл» компаниясындағы теңіз департаментінде бас менеджер және жоба жетекшісі қызметтерін атқарған, 2002 жылы Қашаған жобасымен шұғылданатын компанияның арнайы конкурсынан өтіп, ондағы Теңіз жобалары департаментіне кеме жобасын жобалаушы-кеме жасаушы қызметінде болып, жұмыс барысында Солтүстік Каспийде пайдаланылатын кеме жасау жобаларына тікелей қатысып, Еуропаның Швеция мен Норвегия қалаларында жасалған, осы заманға сай «Нұр», «Шапағат» жүзбелі қонақүйлері мен «Тұлпар» мұзжарғыш кемелерін жасауға тапсырыс беруші атынан бақылау жасаушы топ құрамында еңбек еткен. Ресейдің Астрахань қаласында ондаған кеме жасау-жөндеу зауыттары бар. Сол зауыттардың «Қызыл баррикада», «Лотос» және «Астрахань корабелі» зауыттарында қазақстандық тапсырыспен жасалған 12 әртүрлі кемелер жобаларына қатысты. «Қазтеңізкөлікфлоты» компаниясында кеме жасау департаментін басқарып, Каспий теңізінде пайдаланылатын 3000 тонналық баржаларды қабылдауға (Татарстан, Зеленодольск), сондай-ақ «Астана» типті (Выборг қаласы) 12000 тонна жүк таситын танкерлер жасауға атсалысқаны белгілі.
Сондай-ақ Ә.Қоянбаев – 2008 жылдан 2016 жылға дейін «ҚазМұнайТеңіз» АҚ (Астана, Ақтау), «ҚазМұнайГаз» АҚ «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ (Астана) компанияларында қызмет жасап, теңіз қойнауын барлау және өндіру бойынша ірі жобаларына қатысқан. «Қазмұнайгаз» АҚ салынатын кәсіпорындар дирекциясында» (Астана) жұмыс жасау барысында Маңғыстау облысы Құрық кентінде жаңа Кеме верфін жобалау және жасау тобын басқарды. Өз мамандығы бойынша Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында білімін арттырып, Өзен Регистрі, Ресей Теңіз Кеме қатынасы Регистрінің және ағылшындық Ллойд Регистр классификациялық ұжымдарының эксперт-ауди­торы деген атақтарын алған Қазақстандағы алғаш маман. «Астананың 10 жылдығы құр­метіне» арналған мерекелік ме­дальмен, бірнеше рет Қазақстан Республикасы Көлік және ком­муникациялар министрлігі мен өзі қызмет жасаған басқа да компаниялардың құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ағамыз 2013 жылы жолдасы Наташа Сабыровамен бірге су көлігі саласына арналған, елімізде тұңғыш, үш тілді «Кеме құрылысы сөздігін» жарыққа шығарды. Қазіргі таңда зейнеткерлікке шықса да Әбдіғали Анарұлы теңіз флоты терминдерінің сөздіктері жобаларын жасап, шығармашылығын жалғастыруда.

Ақылбай ҚҰЛЫМША

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =