ТЕҢГЕ ҚАЛАЙ «ТҮРЛЕНДІ»?

0 47

15 қарашада Қазақстанның Ұлттық ақшасы теңгенің айналымға шыққанына 27 жыл толады. Осы мерзім ішінде теңгенің 4 сериясы шықты.

Алғашқы ақшамыз мұхиттың арғы бетіндегі Ұлыбританияда 1993 жылы басылды. Ұлттық валютаның алғашқы легінде «Портреттік серия» қолданылып, банкнот беттерінде қазақтың ұлы тұлғаларын – әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр хан, Абылай ханның бейнелері айшықталды.
Ұлттық валютаның екінші легі 1995 жылы Қазақстанда басылып шықты. Жаңа серия «әл-Фараби» деп аталды. Алайда бұл ақша айналымда көп болған жоқ. Адам бейнесі салынған банкноталар тез жыртылып, мыжылатындықтан, суретшілер портреттік суреттерден бас тарта бастады.
Ұлттық валютамыздың үшінші буыны 2006 жылы Бәйтерек бейнесімен жарық көрді. Бұл жолы дизайнерлер ақша бетінде тек Қазақстанның тарихын ғана емес, сәулеті мен табиғатын да сыйғызуға тырысты. Теңгенің бетінде ашық алақан, Тұңғыш Президенттің қолы, әнұранның ноталары басылды.
2011 жылдан бастап елімізде жаңа валюта айналымға шықты. «Самұрық» сериясындағы номиналы 500, 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 және 20000 теңге болатын ақша пайда болды. Оның бір жақ бетінде «Қазақ Елі» монументі мен кептердің суреті басылса, келесі бетіне Алматы қаласының, Ертіс өзенінің,Үстірт жазығының панорамасы бейнеленді.
Монеталардың бірінші партиясы Германияда басылды. Ал қазір монеталар Қазақстан монета сарайында шығарылады. Монета сарайында инвестициялық, коллекциялық шақалар шығарылды.
Қазір айналымда номиналы 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100, 200 теңге болатын монеталар бар. ҚР Ұлттық банкі коллекциялық монеталарды шығаруды 1995 жылдан бастап жолға қойған. Инвестициялық монеталар – Аu 999,9 бағалы металдардан соғылған.
Теңге өз тарихында бірнеше рет құнсызданды. 1993 жылдың қарашасында $1 құны 4,7 теңге болатын. 1994 жылдың қарашасында $1 құны 50 теңгеден асты. 1999 жылы тұңғыш рет теңге әлсіреді. Жыл соңында $1 құны 138 теңгеге жетті. Екінші девальвация салқыны 2009 жылдың соңында соқты. $1 құны 148 теңгеге жетті. 2014 жылдың қаңтарында үшінші құнсыздану толқыны келіп, $1 құны 181 теңгеге жетті. 2015 жылдың тамызында Қазақстан теңге бағамының еркін тербелісіне көшті. Бүгінде теңгенің ресми бағамы – $1 – 430 теңге.

100 ТЕҢГЕде ЖЕТІ ҚАЗЫНА БАР

Қазақ ұғымындағы жеті қазына енді жүз теңгенің бетінен көрініс табады. Ұлттық ақша күніне орай Ұлттық банк мұндай ақшаның 3 500 000 данасын шығарған.

Айналымға екінші деңгейлі банктер арқылы енгізіледі. Ұлттық құндылықтар бейнеленген әр монетаның 500 данасы шығарылған. Көлемі жағынан бұрынғы 100 теңгеден еш айырмасы жоқ. Тек елтаңбаның орнын аталған құндылықтармен алмастырған. Салмағы сол 6.45 г күйінде. Тура осындай жеті қазына суреттелген монеталардың алтын, күмістен жасалған түрлері де бар, олар 100, 200, 500, 5000 теңге күйінде шыққан, коллекциялық мақсатта ғана қолданылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 1 =