«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Теңдесі жоқ томотерапиялық тәсіл

0 20

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Үміт» томотерапия және ядролық медицина ауруханасы кешенінде іске қосылған «TomoTherapy» аппараты – АҚШ-та жасалған бірегей қондырғы. Әлемде мұндай 180 ғана аппарат бар. Соның бірі Орталық Азия елдері арасында тек біздің елордамызда жұмыс істеп тұр.

Қазақстанда өлім-жітім себептерінің жіктелу құрылымында онкологиялық науқастан қайтыс болатындар саны екінші орында тұр. Жыл сайын қатерлі ісік ауруынан 17 мың адам көз жұмады, олардың 40 пайызы – еңбекке қабілетті жастағылар. Біздің еліміз үшін рак кеселімен күрес – көкейтесті мәселелердің бірі болып тұр.Елімізде кеңінен жүргізіліп жатқан Ұлттық скринингтік бағдарлама қатерлі ісіктің енді пайда бола бастаған кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ онконауқастарды толықтай емдеп жазу 80%-ға дейін жоғары технологиялық емдеу тәсілдерін, оның ішінде томотерапияны қолданған кезде ғана жақсы нәтиже беретінін әлемдік тәжірибе көрсетті. Мұндай мүмкіндікке Нұр-Сұлтан қаласындағы «Үміт» томотерапия және ядролық медицина аурухана кешені» ЖШС да ие болды.
– Аурухана кешенінде онкологиялық науқастарды «TomoTherapy HD» жабдығын қолдана отырып, жаңа заманауи томотерапия тәсілі бойынша емдейді. «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жобаны жүзеге асыру үшін банктен алынған кредит мөлшерлемесін субсидиялады, – деді Нұр-Сұлтан қаласының «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының директоры Нұрсұлтан Абдолла.Ержан Шаяхметов,«Үміт» кешенінің директоры:

– Бұл – өте «ақылды» технология. Бірнеше машинаның функциясын (киберпышақ, гамма-пышақ) атқарады. Бас миы ісігінің, көру тінінің, өкпе және басқа органдардың рак ауруын емдеу кезінде сау жасушаларға зақым келмейді және науқасты құлан-таза емдеп жазады. Емдеу процедурасы науқасты ауырсындырмайды, 10-15 минутқа есептелген. Тек әбден асқынып кеткен, 4 дәрежедегі рак томотерапиясы ұзағыраққа созылады.

Томотерапия орталығы мемлекеттік-жекеменшік ­әріптестік аясында құ­рылды. Қымбат жабдық ҚР Инвестиция және инфра­құрылымдық даму министрлігінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының және «Бәйтерек» ұлттық холдингінің қолдауымен сатып алынған.
– Томотерапия – бұл бір аппаратта желілік күшейткі мен компьютерлік томографтың үйлесімі негізінде онкологиялық кеселдерді емдейтін озық тәсіл, – деді «Үміт» кешенінің директоры Ержан Шаяхметов. – Егер мемлекет тарапынан қолдау болмағанда біз мұндай жабдықты сатып ала алмаушы едік.
Әлемде мұндай 180 ғана аппарат бар. Ол АҚШ-та жасалған. Жабдықтың көпші­лігі Америка аумағында шо­ғыр­ланған. Орталық Азияда тек Нұр-Сұлтан қа­ласында ғана. ТМД аумағында – Мәскеуде оның ескі үлгісі, сосын Қазан қаласында жаңа үлгісі орнатылған. Елордадағы жабдық – соңғы модель. Оның құны 5 млн доллар тұрады.Бүгінгі күнге дейін «Үміт» томотерапия және ядролық медицина аурухана кешенінде 160 науқас емделіп шықты. Қазір 21 адам ем-дом алып жатыр, 9 науқас тексеруден өтуде. Тағы 18 мұқтаж жан кезегін күтіп жүр. Сонымен бірге Қытайдан, Ресейден, басқа жақын көрші мемлекеттерден емделуге өтініш түсіргендер аз емес. Орталықтың дәрігерлері АҚШ-та, Үндістанда, Францияда, Катарда оқып, біліктіліктерін жетілдіріп келген.
– Байқағанымыздай, бірегей қондырғы әрбір пациенттің жеке қажеттіліктеріне сәйкес және жоғары сапалы сәулелендіреді. Сәулеленудің қажет­ті дозасын шығарудың бірегей спиральды режимі күрделі, асқынған, сондай-­ақ қолжетімділігі қиын тұста орналасқан ісіктерді емдеп-жазуға мүмкіндік береді. Сәулеленудің әсері сау тіндерді зақымдамайды. Бұл емделушілердің түрлі санаттары үшін сәулелік терапияны қолдану аясын кеңейтеді.
Е.Шаяхметовтың айтуынша, томотерапия тәсілін қолдану арқылы болашақта рактың барлық түрлерін емдеуде жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Тіпті қазіргі күні радиосәулелендіру жабдығы немесе ота жасау арқылы сылып тас­тау қиынға түсетін немесе емдеу­дің басқа тәсілдері нәтиже бермеген қатерлі ісіктерді емдеп-жазу мүмкіндігі ашылып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды