©2020 Астана Ақшамы
Теңдесі кем театр
Биылғы Астана күнінің айрықша шашуы классикалық опера және балет театры болмақ. Екі жыл ілгеріде құрылысы басталған өнер ордасының Орталық Азияда теңдесі жоқ. Кешегі жылдың жазында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы нысанның жұмысымен танысып, театрдың қазақ мәдениетіне үлкен леп әкелетінін әңгімелегені есімізде. Айтқандай-ақ, құрылысының сексен пайызы тәмамдалған зәулім сарайдың көз жұтқан кереметтігі өнерімізді өрге сүйрейтініне күмән қалдырмайды.
Жаңа театрдың ғимараты классикалық эллинизм, маньеризм және барокко үлгісінде салынуда. Жоба авторлары ежелгі грек-рим және қазақтың ұлттық сәулет өнерін үйлестіруге тырысқан. Көрермен залы 1250 адамға есептелген. Партердің сыйымдылығы – 450 орын. Онда италиялық стиль барынша байқалады. Орталық сахнаның ауданы – 935 шаршы метр, биіктігі – 38 метр. Оның жанында екі қаптал және арьерсцена, көркемдік-қойылым бөлімі орналасқан. Арьерсценамен шеберхана және бірқатар арнайы цехтар жалғасқан, олардың көмегімен театр өзі декорациялар құра алады. Таға пішінді көрермен залы төрт төменгі қабат орындарынан, бес балконнан тұрады. Көлемі, жабдықталуы жағынан театр сахнасында маңызды әлемдік опера, балет және концерттер қою, қабылдау мүмкіндігі бар.
Оркестрдің 550 шаршы метрді алып жатқан үлкен дайындық залы бүкіл оркестр мен хорды сыйдыра алады. Дайындық үшін биіктігі 6,5 метр екі үлкен зал, биіктігі 5 метр алты шағын зал және әрқайсысы 20 шаршы метр болатын он бір қосымша шағын зал қарастырылған. Шамамен, саны 90 адамға жетіп жығылатын хор мен балет труппасы үшін арнайы дайындық залдары бар. Vip-әртістер үшін сегіз бөлме жабдықталған. Театр ең заманауи сахналық және жарық құрылғыларымен жарақтандырылған, көтергіштер 50 тоннаға дейін көтере алады. Ғимаратта, сонымен қатар, 250 орындық камералық музыка залы, мейрамхана, асхана бар. Сондай-ақ, жас бишілерді оқыту үшін балет студиясы құрылатын болады. 326 орынға арналған жерүсті автотұрағы мен 92 орындық жерасты паркингі қарастырылған. Театр Тұран даңғылы және Дінмұхаммед Қонаев көшесінің қиылысында қоныс тепкен. Опера және балет театрының жобалық шешімі халықаралық деңгейге сәйкестендірілген және әлемдік құрылыс тәжірибесі ескерілген. Құрылыстың жалпы аумағы 64 мың шаршы метрді қамтиды.
Мамандардың айтуынша, қазір құрылысшылар ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарымен айналысуда. Пайдаланылған ағаштар мен тастар да әлемнің жер-жерінен жеткізіліпті. Табалдырықтан төбеге дейін қашалып оюланған мәрмәр тас қаланған. Акустикасымен алманиялық мамандар айналысқан.
Театрдың баспасөз қызметкері Екатерина Романова шетел мамандары бұл өнер сарайын әлемнің ең беделді деген театрларымен салыстыратынын айтады. «Әртістер ерте көктемнен дайындық жұмыстарын бастамақ. Жаз айынан бастап бізге гастрольдік сапармен әлемнің түкпір-түкпірінен опера жұлдыздары келеді. Олармен қазірден бастап келісім жүргізілуде» дейді ол.
«Астана-Опера» мемлекеттік театры дүниежүзінде сыйымдылығы жағынан төртінші орында тұр екен. Айталық, Италиядағы «Ла-скала» опера театры 3600 адамға шақталған. Рим опера театры – 2200 орындық, Париждегі «Гарнье» театрының концерт залында 1900 көрермен еркін отырады. Ал, елордадағы классикалық опера және балет театры 1500 орынды қамтиды. Театр өкілдерінің айтуынша, мұнда өнер ұжымына да көп мән беріледі. Олардың өз өнерлерін көрермендеріне паш етуге барлық мүмкіндік жасалмақ. Театр жанынан ашылатын балет студиясына жеткіншектерімізді оқытуға шетелден арнаулы мамандар шақырылады. Түркі халқының мәдени ордасына айналған Астана енді әлемдегі ең ірі классикалық театры бар шаһар ретінде танымал болады.
Өнер ордасының ең үлкен ерекшелігі – дресс-код, яғни, киім үлгісіне қатаң тыйым салынады. Мәселен, көрермен театрға шалбармен келген жағдайда киім ілгіш жанынан оған кешкі көйлек беріледі. Айта кетерлігі, Жобаны «IT Engineering S.A.» швейцариялық компаниясының филиалы әзірлеген, мердігер – «B&A Contractors S.A» фирмасы.
Асхат РАЙҚҰЛ