Теміржолдың тарланы

0 41

«Бір бала бар әкеге жете туады, бір бала әкеден өте туады». Даналарымыздан қалған бұл нақыл сөз Амангелді Омаровтай ел азаматына қарата айтылса керек. Теміржолшылар әулетінен шығып, әке жолын абыроймен жалғаған ғалым-академик, профессор, өзі негізін қалаған Қазақ қатынас жолдары университетінің президенті, құрметті теміржолшы Амангелді Жұмағалиұлының есімі тек теміржолдың ғана емес, білім беру саласының да тарихында алтын әріптермен жазылып қалары сөзсіз. Ерен еңбегімен елге мәлім әкесіне жете немесе өте туса да, ең бастысы, саналы ғұмырын елдің игілігіне арнаған жан сексеннің сеңгіріне аяқ басқалы отыр.Тармақталған теміржол адамның өн бойына таралған тамырларға ұқсайды. Бірі ағзаның қан айналымына қыз­мет етсе, екіншісі ел мен елдің, өңірлердің арасын байланыстырып, қайнаған тіршіліктің, үздіксіз алмасқан жүктер мен жолаушылар тасымалы арқылы өмір жалғасып жатқанын білдіреді. Теміржолмен бірге келген жаңа өмірдің қазақ даласында жан бітуіне әкелі-балалы Омаровтардың тікелей ықпалы зор болды. Бар ғұмыры теміржолмен жай ғана байланысып қоймай, тағдырына жол төсеміндей берік те, сенімді негіз болып қаланған жандардың бірі – Амангелді Омаров.

ТҮРКСІБТІ ТҮЛЕТКЕНДЕР ҰРПАҒЫ

Болашақ теміржолшы 1941 жылдың көктемінде Қарағанды облысының Балқаш қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келді. Арғы атасы қалмақтың бетін қайтарған батыр – әйгілі Байжігіт Биғашұлы болса, әкесі Жұмағали Омарұлы Түрксібтің алғашқы құрылысшысы, Түркістан-Сібір теміржолы басқармасының басшысы, алғашқы қазақ теміржол ғалымы болған. Адам аяғы баспаған кең даланың төсіне алғаш рет мыңдаған шақырымға созылған рельстер төселіп, Түрксіб теміржолының салынуы қазақ елінің өміріндегі айтулы оқиға болды. Ғасыр жаңалығына айналған алып құрылысты жүргізуге жастық қайрат күшін жұмсаған әкесі қатардағы қара жұмысшыдан бастап, жер қазушы, бригадир, механикке дейін көтеріле отырып, маңызды жобаны басқаруға дейін жеткен. Көз алдында осындай әкесін үлгі етіп өскен бала Амангелді кезі келгенде өмірлік қызмет жолындағы бақытын болат жолдан табарына шүбәсіз сенді. Оның үстіне әкесі де теміржолшы мамандығының қыр-сырын ұлының санасына жастайынан сіңіре берді. Теміржолшы болуды жан-тәнімен қалаған бозбала жігіт мектептен кейін Ресейдің Новосибирск қаласындағы әскери тәртіпке негізделген теміржол көлік инженері институтының «Теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы» факультетіне оқуға түседі. Мұнда Владимир Альбрехт, Николай Кондаков тәрізді мықты жас ғалым ұстаздардан дәріс алады. Өзі сол шақтарды: «Студенттік кезімді еске алсам, менің инженер-маман болып қалыптасуыма ұстаздарымның септігі көп тиген екен. Ол кездегі студенттер диплом жұмысын өндірістік тәжірибенің негізінде жазатын. Міне, сол алты айға созылған тәжірибені сонау Иркутск облысындағы Зима деген стансада өткіздім. Жетекші ұстазым бірге еріп жүрмегендіктен, институтта оқыған теорияны іс жүзінде қолдану мен үшін нағыз сынға айналды. Қысы 40 градус суық жерде апта бойы қар жауып жатса да, қалың қар астынан жол тазартылып, «Транссібір магистралі» тоқтамай жұмыс істеуі керек екен. Сондағы мамандардың іскерлігін, еңбекқорлығын көріп, өз елімнің жастары үшін үлкен ойға қалдым» деп еске алады.

АРЫСТАН БАСТАЛҒАН АЙБЫНДЫ ЖОЛ

Институтты 1966 жылы тәмамдаған Амангелді Жұмағалиұлы жолдамамен Арыс стансасында жол бригадирі, кейін аға жол шебері болып еңбек жолын бастайды. Өзінің айтуынша, посткеңестік республикалар арасында теміржолда ірі сұрыптау жұмыстары жүргізілетін 32 станса болған. Соның ішінде Арыс стансасы тоғызыншы орын алатын. Бірінші класты бұл станса бұрын да жүк тасымалын ұйымдастыруда мықты еді, әлі де сол күшін сақтап қалып отыр. Себебі бүгіннің өзінде Ресейден келетін ірі жүк пойыздарын түсіріп, тиеу, құрастыру жұмыстары Қазақстанда осы жерде жүргізіледі.
Содан кейінгі бес жылда Қарағанды жол дистанциясында жол шебері, аға жол шебері болып еңбек етті. Болашағынан зор үміт күттіретін маман және шебер ұйымдастырушы 1968 жылы осы дистанцияның бас инженері болып тағайындалды. Үш жылдан кейін жол бөлімше басшылығы Амангелді Жұмағалиұлын Балқаш жол дистанциясын басқаруға жібереді. Біліктілігі мен тәжірибесіне сенгендіктен оған тағы бір жылдан кейін жұмыс ауқымы әлдеқайда көп Қарағанды жол дистанциясының бастығы қызметі сеніп тапсырылады. Қарағанды – Сұрыптау стансасының инфрақұрылымы жаңғыртылып жатқан кезеңге тұспа-тұс келген ол пойыздарды, оның ішінде транзиттік пойыздарды кідіріссіз өткізу үшін тиімді техникалық жетістіктерді өндіріске енгізуге барын салды. Көмір тиелген жүк вагондарының құрамын тежемей, транзиттік жүктерді тез арада өткізу мәселелерін оңтайлы шешті. Білгірлігінің арқасында ұжымды социалистік жарыстың алдыңғы орнына шығарды. Сол кезде қол жеткен межені ұстап тұрудың өзі қалыпты жағдайға айналды. А.Омаровтың инженерлік саладағы бастамашыл ойларын, қойылған міндеттерді орындаудағы шығармашылық көзқарастарын Тың теміржолының басшылығы да жоғары бағалады. Сөйтіп ол 1977 жылы Қарағанды жол және құрылыс бөлімі бастығының орынбасары, Қарағанды бөлімшесінің бас инженері болып тағайындалды. Бұл Жарық – Мойынты бағытында екінші жол құрылысы салынып, Қарағанды-Жарық-Мойынты телімін электрлендіру жұмыстары жүргізіліп жатқан уақыт еді. Оның үстіне посткеңестік елдердің көбіндегі стансаларда өткізгіштік қабілеттің жеткіліксіздігінен халық шаруа­шылығы жүктерінің тасымалы тоқтап қалған шақ. Мыңдаған пойыздар межелі жеріне жете алмай, айдаладағы бекеттерде қалдырылып жатты. Бұл жүздеген зауыттар мен фабрикалардың және шахталар жұмысының тоқтауына әкелді. Осы тығырықтан шығу үшін ол жобалау және құрылыс ұйымдарымен жүйелі жұмыс жүргізіп, жол бөлімшесін дамытуға күшін салды. Анар – Қарағанды – Мойынты телімдерінде жолды күтіп ұстау және жөндеуде жол дистанцияларының, жол машина стансаларының қызметін шебер ұйымдастыра білді.
Көлік және коммуникация экс-министрі, профессор Әбілғазы Құсайынов А.Омаровтың кәсіби теміржолшы, іскер басшы, ұлағатты ұстаз-ғалым ретінде қазақ елінің өркендеуіне қомақты үлес қосқанын айта келіп, үлгі-өнегеге толы ғибратты еңбек жолына былай деп баға береді: «Амангелді Омаров – қазақтың нағыз арда азаматтарының бірі. Ол – тұлға, текті тұқымның тұяғы, асылдың сынығы. Әкесі Жұмағали Омаров Түрксіб теміржолы құрылысын басқарып, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев­тармен бірге қызметтес болған. Соғыс кезінде Түрксіб теміржолына басшылық етіп, Қазақстаннан майданға қару-жарақ, азық-түлік тасымалдауды ұйымдастырған. Сталиннің өзі Жұмағали Омаровты екі рет қабылдап, іскерлігіне тәнті болған. Сондай өнегені көріп өскен Амангелді де оның ізгі қасиеттерін бойына сіңірді».
Теміржол саласында мол тәжірибе жинақтаған ол 1983 жылы Алматы жол магистралі басқармасының орынбасары қызметіне көтерілді. Бұл кезде локомотив және вагон деполарын толығымен қайта қалпына келтіруге үлес қосты. Арыс, Жамбыл, Шу, Алматы-1 және 2, Семей, Защита тағы басқа теміржол стансалары күрделі жөндеуден өткізіліп, байланыс және орталық бақылау орындары жаңартылды. Алматы теміржолында әуелі Шеңгелді-Арыс бағыты электрлендірілді. Одан кейін Арыс-Луговой-Шу-Отар-Алматы, Шу-Мойынты бағыттары да толығымен электрлік жүйеге көшті. Луговой – Шу теміржолының электрленген бағытының ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, жасалған жұмыстарға оң бағасын берген.

ӘКЕСІ БАСТАҒАН ІСТІ БАЛАСЫ БІТІРДІ

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында КСРО мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жақсарып, тоқтап қалған Ақтоғай мен Қытай мемлекеттік шекарасы арасындағы 300 км теміржол желісінің құрылысы қайта жанданды. Бұрын салына бастаған жол әбден тозып, Жоңғар қақпасы тұсындағы азынаған желдің күшімен бүлініп, дымы қалмаған еді. Ол 1988-90 жылдары аталған аралықтағы теміржолдың бойында күн-түн демей жүріп, ақыры жол шаруашылығын қалпына келтірді. Сөйтіп Ақтоғай – Алашанькоу бағыты толық күрделі жөндеуден өтіп, Қытайға жол ашылды. Достық бекетінде қысқа мерзімде вокзал іске қосылды. Мектеп, аурухана, қонақүйлер салынып, теміржолшылар отбасына арналған үйлер бой көтерді. Негізі, Ақтоғай – Достық бағыты 1958 жылы әкесі Жұмағали Омаровтың басшылығымен салына бастаған болатын. Ол кезде әкесі Қазақ теміржолының бас инженері еді. Осылайша әке бастаған шаруаны 30 жылдан соң баласы толық жүзеге асырып, аяқтады. Осы орайда өзі: «Екі ел арасындағы алғашқы жүк пойызы 1991 жылы 20 шілдеде жолға шықты. Ал 1992 жылдың 20 маусымында іске қосылған Алматы – Үрімші жолаушылар пойызы екі елде қалған туыс-бауырды қайта қауыштырған тарихи сәтке себеп болды. Содан бері Жапония, Корея, Вьетнам, Сингапур елдерінен сан алуан жүк тасымалданып, миллиондаған адам осы игілікті істің жемісін көруде. Қазақстанның халық шаруашылығын көтеруде шойын жолдың атқарған рөлі үлкен» дейді.
Басшы болудың қыр-сырын терең меңгерген ол тәуелсіздік алған жылы Алматы теміржолының бастығы болып тағайындалды және «ҚТЖ» РМК бас директорының орынбасары қызметін атқарды. Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде нарықтық экономикаға көшу кезінде оның теміржолды аяқтан тұрғызуға қосқан үлесі өлшеусіз болды. Осы жылдары өндірістік жұмыстармен қаар әлеуметтік сала назардан тыс қалмай, жүздеген мың шаршы метр тұрғын үй алаң­ы, мектептер, балабақшалар салынды. Ағадыр – Жарық – Балқаш – Саяқ – Ақтоғай учаскесін, сондай-ақ Шеңгелді стансасын ауызсумен қамтамасыз ету үшін су құбыры тартылды. Тәжірибесі мол теміржолшы және ғалым А.Омаров рельс жол табанының құрылысы мен жобалауының жаңа тәсілдерін, жол жұмыстары өндірісінің автоматтандырылуы мен технологиясын енгізуге атсалысты.
Құрмет тұтатын шәкірті, «Қала маңы жолаушылар тасымалы» АҚ директоры Сұлтан Табынбаев кезінде Амангелді Омаровтың бұйрығымен Достық стансасының бастығы болып тағайындалған екен. Бүгінде ол тәлімгері туралы: «Амангелді Жұмағалиұлынан қай істі де ойланып-толғанып шешуді, талапшылдықты, барлық нәрсені ой елегінен мұқият өткізуді, мүлт кетіп қате шешім қабылдамауды және жаңашылдықпен жұмыс істеуді үйрендік. Талапшыл қатал мінезі, теміржол жұмысын бүге-шігесіне дейін білетіндігі, ұйымдастырушылық қасиеті біз үшін қашан да бағдаршам болды» деп пікір білдіреді.
Қасында жүріп, алдын көрген әріптес інілерінің бірі «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральді желілер дирекциясы» филиалының бас инженері Қайырбай Орынбаев та күні бүгінге дейін онымен ой-пікір бөлісу үшін кездесіп, шүйіркелесіп қалатын кез келген мүмкіндікті жібермеуге тырысатынын жеткізді. «Әбекеңнен мәселені түпкілікті тексеріп түйсінуде, мәнісін, тиімділігін өзің ғана түсініп қоймай оны қарамағыңдағыларға жеткізе білуде үйренеріміз көп болды. Бізді ой-пікір, ұсыныстарымызды жасқанбай ашық айтуға, сол ұсыныстарымызды талқылап-талдауға, дұрыстығын дәлелдеуге, орындаушылар алдына нақты талаптар қоя білуге және оның орындалуын қатаң бақылау­да ұстауға үйретті. Өтірік сылтау айтпауды, ойымызды бүкпесіз жеткізуді бойымызға сіңірді» деп ол да мерейтой иесінің мерейін одан сайын асырды.МАМАНДАР «ҰСТАХАНАСЫНЫҢ» МАЙТАЛМАНЫ

1970 жылдардың басында теміржолшыларды оқытып тәрбиелеу күрделі мәселеге айналды. Мамандарды көбіне сырттан әкелетін күрмеуі қиын кезең еді. Сол тұста оның әкесі Жұмағали Омарұлы теміржолшылар дайындайтын жоғары оқу орнын ашуға ұсыныс жасайды. Араға уақыт салып, бірқатар ел ағаларының қолдауымен Алматыда теміржол инженерлері институты ашылады. Соның алғашқы ректорлығына Жұмағали Омарұлы тағайындалады. Әкесі іргетасын қалаған оқу орнының атауы 1997 жылы Қазақ көлік және коммуникация академиясы болып өзгерген кезде соған Амангелді Жұмағалиұлы ректор болып тағайындалады. Кейін 2000 жылы өзі де Қазақстанда теміржолшы мамандығына сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын көріп Қазақ қатынас жолдары университетін құрады, ал 2003 жылы сол оқу орнының ректоры ретінде қызметін бастайды. Содан бері 20 жылдан астам уақыт ішінде ол өндірісте жинаған тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, болашақ теміржолшылардың өзі ашқан «ұстаханасында» білгенін кейінгі ұрпаққа үйретумен келеді.
«Мәскеу, Санкт-Петербург, Харковь, Новосибирск қалаларының жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Бірлескен бағдарламалар негізінде заманауи білім алған жолшы, машинист, механик, қозғалыс саласының мамандарын дайындап шығарамыз. Бізге Ресейден келіп оқитын қазақ жастары да бар. Теміржол жағдайына келсек, кезінде қиыншылықпен салынған жолдар, жасалған жұмыстар бүгінде елді қуантатын, табыс әкелетін игілікке айналып отыр. ТМД аумағында егемендік алғаннан кейін 2,5 мың км теміржол салған ел біз ғана. Қазақстан бүгінде барлық облыстары мен шалғай ауылдарына және көптеген шетелдерге пойыздар баратын аз елдердің біріне айналды. Бұл – зор жетістік. Маңдай термен жасалған қанша жұмысты тек сынай беру өсетін елдің ісі емес. Еселі еңбек бағалануы керек. Жақсыны жақсы деп айту – парыз. Жоғарыда айтып кеткендей, кезінде ең ірі сұрыптау жұмыстары жүргізілетін үздік стансалар қатарында Арыс қана болса, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан стансасын да сол деңгейге қосуға әбден болады. Тоғыз жолдың торабында жатқан теміржол нысаны талапқа сай қайта құрылды. Онда жолаушылар, жүк және сұрыптау парктері бөлек-бөлек орналасқан» дейді майталман теміржолшы.
Амангелді Жұмағалиұлы еліміздің білім және ғылым саласына өлшеусіз үлес қосты. Оның басшылығымен көлік саласындағы мамандықтар бойынша білім берудің мемлекеттік стандарттары, типтік бағдарламалар мен оқу жоспарлары әзірленді. Өз саласын ғылыми негізде толық зерттеп, көптеген ғылыми еңбектер мен мақалалар жазды. Ол – 250-ден аса ғылыми жазбалардың, 20 монографияның және 10 авторлық құжаттың авторы. Ғылыми еңбектерінің ішінде – «Қазақстан теміржолының тиімділігі», «Жолдағы достық пен қарым-қатынас», «Шөл даланың жылжымалы құмында теміржол салудың жобасы», «Қазақстандағы теміржол жатқан жер қыртысы», «Қазақстандағы теміржолдарды жобалау, салу және күтіп ұстау», «Машиналар паркін техникалық қайта жарақтауды ұйымдастыру және жаңа машиналарды жасау» деген жұмыстарын ерекше атауға болады. «Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының хабаршысы» және «Қазақстанның өнеркәсіптік көлігі» журналдарын құруға да бастамашы болды. Осындай еңбегі үшін «ҚР Құрметті білім беру қызметкері» атағын иеленді. Соған қоса «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен, «Құрметті теміржолшы», «ҚР Еңбек сіңірген көлік қызметкері» белгілерімен және «Құрмет» орденімен марапатталды. 1996-2000 жылдарда Халықаралық көлік академиясы, Халықаралық информатика академиясы және ҚР Инженерлік академиясы мүшелігіне қабылданып, академик атағын алды. Өндірістік, ұйымдастырушылық және ғылыми жұмыстарды қатар алып жүрген А.Омаров 1999 жылы «Теміржолдағы жер қыртысы тау-тасының физикалық-механикалық әсері» атты тақырыпта техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне диссертациясын қорғады. Ұстаздық қызметтегі жетістігі үшін 2000 жылы «Теміржол, автомобиль жолы және аэродром құрылысын салу» мамандығы бойынша профессор атағы берілді.

ІРГЕЛІ ОҚУ ОРНЫНА АЙНАЛДЫ

Бүгінде Амангелді Жұмағалиұлы басшылық ететін Қазақ қатынас жолдары университеті – еліміздің көлік саласына жылына жүздеген кадрлар дайындап отырған іргелі оқу орны. Оның құрамына техникалық-экономикалық қатынас жолдары колледжі де кіреді. Аталған университет пен колледж техника және экономика бағытында, көлік және коммуникация мекемелеріне, басқа да еліміздің экономикалық салаларына 16 бакалавр, 9 магис­тратура, 4 Рһ D және колледж мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. Оқу орнының зертханасы, дәріс беретін аудиториясы, кітапханасы, спорт кешендері, студенттерге арналған жатақханасы заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Амангелді Омаров туралы ең бірінші айтылатын жылы сөз – ел үшін жасаған жақсы істерін дабыра қылмайтын сирек адамдар қатарынан екендігі. Сондықтан оның еңбегін тек көз көрген замандастары, артынан ерген ізбасарлары ғана баяндайды. Солардың бірі техника ғылымының докторы, Құрметті теміржолшы Аспан Қажығұлов та оны ақылшы аға, ұстазы ретінде өте құрметтеп, іскерлік қасиетін, ұйымдастырушылығын, парасат-пайы­мы мен адамгершілігін, ұлтжандылығын, кез келген істі бастаса, аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табандылығын ерекше бағалайды. «Жақсы жетістікке жетсек тасымау­ды, қысастық, әділетсіздік көрсек жасымауды бойымызға сіңірді. Адам өмірі – уақытпен өлшеніп, ісімен бағаланады деген тәмсіл ағамыздың өнегелі өмір жолына берілген баға. Теміржолшылар әулетінің сабақтас­тығын үзбей, жемісті еңбек етіп келе жатқан Амангелді ағамыз біз үшін «теміржолдың генералы», біз ол кісінің шинелінен шыққанымызды мақтан тұтамыз» дейді ол.
Қызметін 25 жасында қарапайым жолшылықтан бастаған Амангелді Омаров қазақ теміржолының «генералы» атанғанға дейінгі өмірінде әке бастап берген жолмен жүргендігінен ғана емес, өзінің білімі мен маңдай терінің арқасында да жетістіктерге жетті. Сексен жасқа келіп, оқу орнын басқарып отырған теміржолшылар әулетінің өкілі өмірлік жары Кәрима екеуі екі қыз тәрбиелеп, солардан тараған немерелеріне сүйікті ата мен әже атанып отыр. Білікті басшылығы және білімді кадрлар дайындаудағы теңдессіз еңбегі үшін есімдері тарихта таңбаланған тұлғалар даңқы теміржолдың тоқтаусыз қозғалысымен бірге ғасырларға жетері анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 10 =