«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Теміржол жемқорлықтан тазара ма?

0 41

Жаз айларында Нұр-Сұлтан мен өзге де ірі қалаларда «билет тапшылығы» орын алып, делдалдар дәурені жүретіні, сонау кеңес дәуірінен қалған вагондарды әле де жамап-жасқап пайдаланатынымыз, жүк вагондарын алдымен «қолы ұзындар» алатыны жасырын емес.

26abda3eecb1026f0e82e6a53a3199f0

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық теміржол саласын айналып өтпегені белгілі. Жүк және жолаушылар тасымалындағы сан алуан қызметтердің қай қырынан алсаңыз да белшеден батқан жемқорлықтың «жемісін» қарапайым халық көрудей-ақ көріп келді. Соңғы жылдары осы қоғам «дертімен» күрес Қазақстан теміржолында қарқынды жүргізіліп келеді. Оның үстіне биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өткені мәлім.

Нағыз құқықтық мемлекет құру үшін барлық салада жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Алайда оның тамыры тереңдеп кеткен ірі компанияларда «балық басынан шірігенін» жақында экономист Олжас Құдайбергенов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазып, елді шулатты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың Instant payments компаниясымен шартты бұзғаны туралы ақпаратын алға тартқан ол компанияның барлық әзірлемелерін ҚТЖ балансына алуы өте әділ әрекет деп бағалады.

«Сонымен қатар өткеннің қалдықтарын, Мамин командасымен бірге салаға үлкен зиян келтіргенді жазалайтын кадрлық өзгерістер керек, соның салдарынан ҚТЖ 2 трлн теңге қарызға батты. Компанияда жаппай кадрлық өзгерістер орын алуы тиіс екені түсінікті, нәтижесінде келісімшарт сомасының 40 пайызына жеткен шиеленістер мен сыбайлас жемқорлық факторлары жойылады деп үміттенемін» дейді экономист. Оның айтуынша, ҚТЖ-да цифрландыру бойынша күрделі бағдарлама басталады, бұл адами факторды жояды. Компания осы бағдарламалардың барлығын іске асырып, жемқорлықты толығымен жойса, онда бұл оның рентабельділігін арттырады және қарыз алуды тоқтатып, вагон паркін біртіндеп жаңартуға мүмкіндік береді.

Жемқорлық деректерінің алдын алу үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының базасында бірнеше жыл бұрын «Адал жол» офисі ашылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тікелей бағынатын офис өз жұмысын сол кезде теміржол билеттерінің заңды сатылуына қатысты тексеруден бастаған. Соның нәтижесінде «алып-сату» әдісі арқылы жолау­шыны билетсіз кез келген өңірге жібере алатын «көмекшілер» анықталып, заңсыз тасымалдау­шылар  теміржол билеттерін нарық бағасынан 50 пайыз қымбатқа сатқаны мәлім болған еді. Одан бері де билетті компания сайтынан электронды сатып алу, «Күту парағы» жүйесін іске қосу арқылы билет сату жүйесін делдалдардан тазалауға мүмкіндік туды. 2019 жылы билет сату жүйесіндегі алып-са тар  лар мен күрес үшін енгізілген «Mobius» жүйесі де билет тапшылығын жоюға ықпал етті. Қанатқақты жобаны енгізгенде елордадағы «Нұрлы жол» және Қарағанды вокзалының перрондарына билетсіз адамдардың жақындауына шектеу қойылды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ комплаенс-қызмет жетекшісі Ирина Капанованың айтуынша, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарына сәйкес және ҚР Премьер-министрінің Кеңсесі тапсырмасын орындау үшін компанияда құрылған жұмыс тобы өткен жылы 8 сәуір мен 28 мамыр аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізген. Сонда, жемқорлыққа әкелетін себептерді азайту бойынша шаралар қабылданғанына қарамастан, компанияның нормативтік құқықтық актілері мен ішкі құжаттарында да, сондай-ақ ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметте де бұрынғындай сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары деңгейде екені белгілі болған.

Жемқорлықты түп тамырымен жою үшін адами факторды жоятын цифрландыру жобаларының маңызы зор. Қазақстан теміржолында да «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше жыл бұрын «Цифрлы теміржол» бағдарламасы жасалғаны мәлім

Теміржолда жоғары деңгейдегі жемқорлық тәуекелдері теміржол қызметін көрсетуде, сатып алу кезінде, персоналды басқару және келісімшарттарды орындауда жиі көрініс табатыны анықталды. Осы жағдайды реттеу үшін комплаенс-қызметі тоқсан сайын жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша шаралар тиімділігін бағалау және орындау мониторингін жүзеге асырады. Комплаенс-қызметі мен «Адал жол» жобалық кеңсесінің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде компания жұмысында оң өзгерістер байқалды. Мәселен, 2018 және 2019 жылдары сыбайлас жемқорлық бойынша сәйкесінше 37 және 84 заң бұзушылық тіркеліп, 15 және 38 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған болса, 2020-2021 жылдары бұл көрсеткіш біршама төмендегені аңғарылды, яғни аталған бұзушылықтар 8 және 12 фактіге, қылмыстық жауапкершілік 1 және 4 тұлғаға азайған.

Компанияда құпия ақпараттандыру каналдары, соның ішінде «шұғыл желі» іске қосылған. Солар арқылы жұмысшылар мен басқа да тұлғалар компания қызметінің кейбір тұстарына қатысты шағымын бере алады. Сонымен қатар теміржол көлігіндегі жемқорлық мәселесі бойынша әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы жарияланған материалдарға ұдайы мониторинг жүргізіліп отырады. Сол себепті азаматтар мен жұмысшылардың және заңды тұлғалардың тарапынан түсетін бірде-бір өтінім жауапсыз қалмайды.

Теміржолдағы жемқорлық туралы әңгіме қозғалса, жолсеріктердің жөнсіздігін айтпай кетпеуге болмайды. Әсіресе, Қазақстанның батыс облыстарына қатынайтын «Тальго» пойыздарының жолсеріктері мен билет бағасы көңіл көншітпейді.

«Тальго» испандық вагондар деп дәріптелгенмен, көбіне жолаушыларға ыңғайсыздық туғызып жүр. Билет бағасы жүретін күні жақындаған сайын қымбаттырақ болады. Кассада билет жоқ, дегенмен вагондарда көбіне бос орындар артылып жатады. Жолсеріктер оны жол-жөнекей өздері саудалайтыны жасырын емес.

Сосын баратын жеріне 15 минуттан бір-екі сағатқа дейін кешігіп жететін кездері болады. Ал белгілі себептермен пойыздан калып қойсаңыз, билетіңіздің құнын екі-үш айлап қайтара алмайсыз. Егер нақты үңілсек, осы кемшіліктердің астарында жем­қорлық жатқаны айдан анық.

Жемқорлықты түп тамырымен жою үшін адами факторды жоятын цифрландыру жобаларының маңызы зор. Қазақстан теміржолында да «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше жыл бұрын «Цифрлы теміржол» бағдарламасы жасалғаны мәлім. Бұл бағдарлама компанияның жүк және жолаушылар тасымалы, инфрақұрылым және көліктік логистика секілді маңызды қызмет көрсету сегменттеріне жаңа технологияларды енгізу мен бизнес-модельді цифрландыруды қарастырады.

– Жүк вагондарын басқару процесі қағазсыз технологияға ауыстырылды. Атап айтқанда, келісімшарттық және коммерциялық жұмыстарды басқарудың автоматтандырылған жүйесі жүк жөнелтушілер мен жүк қабылдап алушыларға қызмет көрсету бойынша жұмыс сапасы және тиімділігін арттыруға бағытталған. Себебі ол тасымалды жоспарлау, тасымал құжаттарын ресімдеу, жүк тасымалы үшін төлем, электронды алдын ала ақпараттандыруды автоматтандыруды, шекара маңы мемлекеттерінің ақпараттық теміржол жүйесіндегі өзара іс-қимылын қарастырады. Бүгінгі таңда ішкіреспубликалық қатынастағы қағазсыз технология бойынша электронды тасымал құжаттарын ресімдеу 100 пайызды құрайды, – дейді И.Капанова.

Елордада «ҚТЖ» компаниясының еншілес ұйымы – «KTZ Express» АҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жиын өткізді. Клиенттерге Қазақстан және шетел бойынша жүктерді жеткізуші мультимодальдық көлік-логистикалық компаниясының басшысы Нұрлан Игембаев: «Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық – дамушы елдер үшін қауіпті салдары көп, әлемдік қауымдастықтың ең өзекті мәселелерінің бірі. Көбіне компаниялардың өздері бюрократиялық жүйе мен инстанцияның жоғары қағидаттарын аттап өтіп, осындай іс-әрекеттер жасауға жұмысшыларын өздері итермелейді. Бұл жемқорлықпен күресте анағұрлым ауқымды және шұғыл шаралар қабылдауға негіз болуда» деді.

Теміржолдың бет-бейнесін де, бар абыройы мен атағын да көрсететін саласы – жолаушылар тасымалы қызметі. Оның сапалы әрі қауіпсіз болуы басты назарда болуы керек. Әсіресе, кеңес өкіметінен қалған ескі вагондардың «бітпейтін жыры», соңғы жылдары біраз жаңартылғанына қарамастан, ұлттық тасымалдау­шының қызметіне сын болып, әлі де айтылып келеді. Былтыр ең ұзақ бағыт – Алматы-Маңғыстау және Нұр-Сұлтан-Маңғыстау бағдары бойынша «Тальго» вагондары іске қосылды. Сөйтіп ел ішінде Алматы мен Маңғыстау арасында «есек пойыз» деген атқа ие болған жылжымалы құрамдар тек түрін ғана емес, жылдамдығын да жаңартты. Дегенмен халық арасында «вагондар ескі, іші ыссы, жайлы емес» деп шағымданатындар таусылар емес. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға дейін жолаушылар теміржол паркі 600 жаңа вагонмен толығады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркін жаңарту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жыл сайын 100 жаңа вагон сатып алу көзделген.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды