©2020 Астана Ақшамы
Теміржол табыстырған тағдыр
Астаналық теміржол ардагері Амангелді Ескендірұлының қара тұтатыны жалғыз апасы Нағима ғана еді. Бір шаңырақ астында 63 жыл 9 ай тату-тәтті тұрған сол апасы мен жездесі Сүннәтқалидың қамқорлығы мен тәрбиесін көп көрді. Осы кісілердің жүріс-тұрысын өміріне үлгі етті. Апасының дәл туған күнінде келін түсіріп, оған сыйлық жасағандай болды. Бұл 1968 жылдың 5 маусымы болатын. Содан бері аттай зулап 50 жыл өтті. Жарты ғасыр бұрын қол ұстасып, қызықта да, қиыншылықта да бірге болуға серттескен Амангелді ақсақал мен жары Галина Ябекқызы бүгін алтын тойларын тойлайды.
Той иелерін теміржол таныстырып, табыстырды. Целиноградқа тиіп тұрған Жайнақ стансасында жүк ілдіруші болып жұмыс істеген Амангелдінің бухгалтерияға енді келген еліктің лағындай Галинаға көзі түсті. Иығына екі кісі мінгендей денелі, көрікті жігіт Галинаны да тартты. Қыз-жігіт болып екі-үш ай ғана жүріп, отбасын құрды.
Амангелді Тышпаев қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастап, сатылап өсіп отырып, адал еңбегінің арқасында станса бастығы қызметіне дейін көтерілді. 1989 жылы отбасын алып, Целиноградқа көшіп келді. Мұнда да еңбегі бағаланып, көпке ұзамай пәтерлі болды. Галина апай шаңырақтың берекесін келтіріп, ұл-қыздары жылуға толтырды.
Амангелді Ескендірұлы мен Галина Ябекқызы бұл күні үбірлі-шүбірлі шаңыраққа айналып отыр. 8 бала тәрбиелеп, олардан 23 немере, 5 шөбере көріп отыр. Мейрамбек атты ұлдары әке жолын қуам деп теміржолшының оқуын бітірді.
«Төрт ағам бар еді. Үшеуі бала кезінде шетінеп кетті. Бір ағам әскерге барып келген соң өмірден озды. Менен ғана ұрпақ тарады. Өзім 1941 жылдың 25 қазанында туғанмын. Бірақ метркеге 1942 жыл жазылып кетті. Құдайға тәубе, өміріме өкпе жоқ. Апам Нағима маған өз балаларынан артық қарамаса, кем қараған жоқ. Жылы-жұмсағын ылғи менің аузыма тосатын. Өмір жолымда жақсы жар жолықты. Балаларым, немерелерім де алдымды кесіп өтпейді» дейді Амангелді ақсақал.
«Қазірге дейін балаларды, немерелерді қас-қабағымен ғана тәрбиелейді. Ешқашан қол жұмсамайды. Жұбайыма бір риза болатыным, үйде балалардың көзінше ұрыс-керіс шығару дегенді білмейді. Маған жұдырық ала жүгірген кезі жоқ. Балаларымыз отбасымыздағы жылы атмосфераны көріп өсті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой, перзенттеріміз де қазір өз қосақтарымен тату-тәтті тұрып жатыр» дейді оның сөзін жалғастырып Галина әжей.
Амангелді аға қалаға тиіп тұрған Жайнақ стансасында туды. Галина апай Ақмола қаласында дүниеге келді. «Шынын айтқанда, Ақмола астана болады деген хабар шыққанда оған сене қойған жоқпыз. Шағын ғана қала еді ғой. Қазір Астанамыз көз сүйсіндіреді. Көшелер кеңейіп, көркімен тартатын әсем ғимараттар бой көтерді. Қайта Алматының еңсесі түскен секілді. Жақында барып келгенде маған солай сезілді» дейді Амангелді Ескендірұлы.
Амангелді ағамен сөйлескенде сөзге жоқ, нағыз еңбек адамы екенін байқадық. Қайта Галина апай отбасының өмір тарихынан біраз сыр шертті. «Астана тұрғындарының саны миллионнан асты. Осында балалардың болашағы үшін көп отбасылар көшіп келіп жатыр. Байқасам, Астанаға арман қуып келіп, осында ғашықтарын кездестіріп, шаңырақ құрған жастар да көп. Алдағы бір айдың ішінде Астананың 20 жылдығы тойланады. Барша қазақстандықтарды, Астана тұрғындарын осынау мерейтоймен құттықтаймыз. Баршаңызға біздің бақытты нәсіп етсін» деген тілектерін жеткізді алтын той иелері әңгімеміздің соңында. Жарты ғасыр бірге келе жатқан жарасымды жұпқа біз де бар жақсылықты, ұзақ ғұмыр тіледік.